Конспект урока "Балабақша тәрбиешілеріне арналған көмекші құрал"

ҚР ШҚО Ұлан аудандық
білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі
«Айгөлек» балабақшасы КМҚК
Конспект урока
Балабақша тәрбиешілеріне арналған
көмекші құрал.
Тәрбиеші:
Ағзам Асима Ағзамқызы
Табиғаттың бір бөлігі – жануарлар мен құстар. Олар тіршілік әрекеттеріне
байланысты өз ішінде екі топқа бөлінеді:
1.Үй жануарлары мен жабайы жануарлар
2.Үй құстары мен дала құстары.
Жануарлар мен құстардың табиғаттағы тіршілігі өте қызықты.Адам үшін
олардың пайдасы зор.Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту жұмыстарының бір
бағыты – балаларға экологиялық тәрбие беру.Осындай мақсатта әртүрлі
сабақтарда қолдануға арналған үй жануарлары мен үй құстары туралы
әдебиеттер жинақталып, балабақша тәрбиешілеріне көмекші құрал ретінде
ұсынылып отыр.
І бөлім. Төрт түлік мал туралы.
Халық ауыз әдебиетінен:
Қазақ дәстүрінде барлық мал тұқымы төрт түлікке бөлінеді:
Әрқайсының өз пірі /қамқоршысы/ бар:
1.Шопан ата – Қой қамқоршысы, Сексек ата – Ешкі қамқоршысы,
2. Зеңгі баба – Сиыр қамқоршысы,
3.Қамбар ата – Жылқы қамқоршысы,
4. Ойсылқара – Түйе қамқоршысы.
Құс патшасы – Бүркіт /қыран құс/
Аң патшасы – Арыстан
Барлық жер – жиһан патшасы – Адам.
Мақал-мәтелдер:
1.Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы.
2.Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір.
3.Ер қанаты ат.
4.Ат ұстаған азабынан құтылады.
5.Ат – адамның қанаты,
Ас – адамның қуаты.
6.Тұлпардың ізі бітпейді, тұяғы кетпейді.
Жұмбақтар:
1.Кішкентай ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар /қой/
2.Төлі егіз, өзі семіз, айтшы, кәне, қай түлік дейміз?/қой/
3.Өзі күшті, мүйізі мықты, қызылды көрсе, құтыра шықты/сиыр/
4.Кезікті бір жануар, үстінде екі тауы бар/түйе/
Маң-маң басып келеді, тапырақтап желеді
Мойны-ұзын, үсті-тау,ертеден елге бел еді
Таптым,таптым,тап жорға, табаны жалпақ боз жорға/түйе/
5.Қамыс құлақ, тостаған тұяқ, мінсең қанат, сүті дәрі, еті тамақ /жылқы/
6.Жарға шығып ойнайды, ойынға бір тоймайды,
болса –дағы сақалы, секеңдеуді қоймайды/ешкі/
7.Екеуі елеңдеп келеді, төртеуі төбелесіп келеді/аттың 4 аяғы мен 2 құлағы/
8.Өзі жап-жас, мұрты бар, ет пен сүтке ұмтылар.
Тастамайды жылы үйде түкті тонын шұп-шұбар./мысық/
9.Бұл не қылған ер еді
Қандай мықты жүрегі
Түздің маңғаз түлегі
Бір ұрттам су татпастан
Мың шақырым жүреді/түйе/
10.Төсек астында төрт бауырсақ /сиырдың желіні/
Жаңылтпаштар:
1.Түйе маған шұбат берді, шұбат маған қуат берді.
2.Ай, ай, Айдарбай, иір мүйіз сиырыңды үйіңе айдай бар.
3.Ақ тайлағымды бұйдалайын десем, бұйдалай алмадым,
Шудалайын десем, Шудалай алмадым.
4.Беріп тай, лақты, алдым тайлақты.
Беріп тайлақты, алдым тай, лақты.
5.Дегенде , әй, тайқарбай, әй, Тайқарбай,
Қойыңды май жусанға жай, Тайқарбай,
Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр,
Әй, Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай?
6.Қырда қырау, қызыл ала бұзау.
Тауда тарғақ, тарғыл ала торпақ.
Өлеңдер мен тақпақтар:
ә/ «Малдың баласын сүюі».
Қой сүйеді баласын «қоңырым»,- деп,
«Ештеңені білмейтін момыным»,- деп.
Сиыр сүйеді баласын «торпағым»,- деп,
«Қараңғыда баспаған қорқағым» ,- деп.
Түйе сүйеді баласын «боташым» ,- деп,
«Жаудыраған көзіңнен, тоташым»,- деп.
Ешкі сүйеді баласын «лағым»,- деп,
«Тастан-тасқа секірген шұнағым»,- деп.
Жылқы сүйеді баласын «құлыным»,- деп,
«Тұлпар болып жүгірер жұлыным»,- деп.
Атам мені «құлыным»- дейді,
Әжем мені «боташым»- дейді ,
Әкем мені «шырағым» - дейді,
Шешем мені «қозым»- дейді,
«Айналайын, жаным» - дейді
Ал шынында мен кіммін?
Мен - кәдімгі баламын.
ә/ «Малды шақыру».
Биені– құрау-құраулап,
Түйені - көс-көстеп,
сиырды –аухау-аухаулап,
Ешкі –шөре-шөрелеп,
Шақыра аламыз, сауамыз, бағамыз.
б/ Тү л і к т і ң б е л г і с і
Түйе – байлық
Қой –мырзалық
Ешкі – жеңілдік
Жылқы –сәндік
Сиыр – ақтық
в/ Түлікті құрметтеу
Кендірмен байлама,
Жыңғылмен айдама,
Кендірмен байласаң,
Жыңғылмен айдасаң,
Мал бітер деп ойлама.
Қазақ балалар әдебиетінен:
Т.Қайым. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір»
Торқадан киген тоны бар,
Май басқан құйрық, жоны бар.
Атадан қалған жолы бар.
Семіздікті көтерген,
Ыстық жерде жөтелген.
Шұрайлы алқап өрісі,
Шапқанда қурдың бөрісі,
Жыртылған дал-дал терісі.
Төрт түліктің момыны,
Өзгеден бөлек орыны.
Қошқар Ата баласы,
Қасиетті Қой болам!
Ф.Оңғарсынова. «Ботақан»
Ботақаным-бөбегім,
Шырқайтұғын өлеңім.
Бөбегімдей тәй басқан,
Сені жақсы көремін.
Жақсы көрем басқадан,
Сені жалғыз тастаман.
Енең тұрса жаныңда,
Жақындауға жасқанам.
Мәпелейін, бағайын,
Мойыныңды тарайын.
Сен де менен именбе,
Жатырқама, жиренбе,
...Апашым да өзімді,
«Ботам» - дейді сүйгенде.
Т.Жексенбай. «Жылқы»
Қоғалы көлді жайлаған,
Қоғаның басын шайқаған,
Құраулап оны жылқышы
Қыл арқанмен байлаған.
Қуғандарға жеткізбей,
Қашқанға жетпей қоймаған!
«Ер қанаты - өзің» деп,
Ел қуанып айдаған
Т.Қайым. «Түйе, жылқы, сиыр, қой,төрт түлік осы, біліп қой!»
Ең зор түлік- түйемін,
Тікенді шөпті сүйемін.
Пайдалансаң, сүтім шұбат,
Дертке дауа, жанға қуат.
Қу тышқанға алдандым,
Жыл басынан құр қалдым
Арғымақ, тұлпар жылқымын,
Мақтанымын жұртымның.
Ерге – қанат тұлпар мен,
Қай түлік келер маған тең?!
Сүтім- қымыз, етім- ем,
Білесің бе оны сен?
Мінезім жайлы - сиырмын,
Байлығымын бір үйдің.
Етім –дәмді, сүтім –бал,
Сырымды менің ұғып ал:
Қажет болсасүт, қаймақ,
Балауса шөп бер, сиыр бақ
Қой-ешкі - бір түлікпіз,
Бірге өстік еш күдіксіз.
Теріміз - тон, былғары,
Жүніміз – киім, тұр әне,
Еті тәтті, сүті бал
Ой-ешкі – ең құнды мал.
Е.Елубай. «Шұбат»
Ішіп көрген шұбатты
Дәмін бірден ұнатты.
Денсаулыққа пайдалы
«зәм-зәм» суы сияқты
ІІ бөлім. Үй құстары туралы
Қазақ балалар әдебиетінен:
А.Торғаев. «Ақ тауық»
Ақ тауық – ау, ақ тауық
Ақ тауық неден қақсауық?
Ертеменен қытқыттайды,
Ауламыздан шықпайды.
«шеп-шеп» десем келмейді,
Берген жемді жемейді.
С.Бегалин. «Қазым, қазым, қаңқылда!»
Қазым, қазым, қаңқылда,
Көлде жүзіп саңқылда.
Жем шашайын , жейсің бе?
Кәмпит берші дейсің бе?
Жоқ, жоқ, жоқ,
Кәмпит тәтті, болмайды ас,
Арпа менен бидай шаш.
Ж.Қалжанова «Беделді әтеш»
Еріккен әтеш бір күні
Жас достарын шақырды.
Ку-ка-ре-ку! деп нықтап,
Айтты өзінше ақылды.
Әке-шешең сендерге
Тамақ іздеп кетеді
Менің күнім «Таң атты!»,
«Түн баттымен!» өтеді.
Қызмет етіп теп-тегін,
Жүрмеймін босқа, жетеді!
Тым болмаса көңілімді
Көтерсеңдер не етеді?
Қыт-қыт-қыт-қыт,иә, - деп,
Сөзін жалғап ақырын,
Тауық шықты ортаға
Қаратпай жерге жақынын:
«Қошемет тойы басталсын!
Бота бәрін басқарсын!
Құлын күй тартсын,
Саздан сый тартсын!
Бұзау ән салсын,
Бұлбұл тамсансын.
Қодық қызмет етсін,
Азық-түлік түгел жетсін!
Қозы лақпен билесін,
Аяғы жерге тимесін.
Сайратып көңіл тотысын
Күшік өлең оқысын!
Мысық ойын ойнатсын
Көңілге күлкі бойлатсын.
Мен бұршақтан тағам жасап,
Отырайын жайлап асап».
Әтеш беделін байқап,
Қуана басын шайқап,
Қанаттарын қомдап,
Дауысын оңдап,
Ку-ка-ре-ку! – деп алғыс айтты.
Жас достары да көңілді қайтты.
Халық ауыз әдебиетінен:
«Не дәмді?» ертегісі.
Бір бас қосқанда құстар мен хайуанаттар нендей тамақтың дәмді екенін
талқылапты. Сонда тауық:
-Ең дәмді тамақ – тары, - депті қыт-қыттап.
-Тапқан екенсің, дәмді тамақты. Кеміріп жейтін сүйекке не жетсін!,-депті ит
абалап.
-Бәрің де білмейсің. Күтірлеп жейтін сәбізден тәтті ештеңе жоқ,- дейді
қоян...Сөйтіп, әрқайсысы өзі сүйетін асын мақтапты, келісе алмай тарапты. Ал,
кәне, балалар, ненің дәмді екенін сендер айтыңдаршы?
Жұмбақтар:
1.Бұрап қойған сағаттай, айқайлайды таң атпай /әтеш/әтеш/
2.Бас киімі қызыл шашақтай, құйрығы кемпірқосақтай,
Айқайлайды таңертең, бір де күнді босатпай/қораз/
3.Сөз үйретсең, қайталайды, өзі тауып айта алмайды/тоты/
ІІІ – бөлім. Математикалық санамақтар және жұмбақтар
Математикалық санамақтар
Санамақтар баланың поэзияға құмарлығын арттырады, әдемі сөйлеуге
дағдыландырады, есте сақтау қабілеттерін, танымдық ой- өрісін
дамытады.Ырғағымен айта білу мәнерлі сөйлеуге үйретсе, санамақ тәртібін
бұзбай айту байқағыштыққа баулиды.
Санамақтарды төмендегідей жіктеуге болады:
1/.Жұмбақ сөзді санамақ
2/. Сюжетті санамақтар
3/. Тізбекті санамақтар
4/. Егіз ұйқасқа құрылған, терең мағыналы, әдеби, авторлы - авторсыз
санамақтар
Мысалдар:
Жұмбақ сөзді санамақ үлгісі:
Қаблан –қатыс
Мірлән – отыз,
Сен тұр, сен шық!
Сюжетті санамақ үлгісі , яғни сан араласқан шағын сюжет:
Бірім – екім,
Тығыл, бекін.
Мен санайын,
Сен бол дайын.
Сары шымшық,
тез ұшып шық!
Тізбекті санамақ үлгісі, яғни логикалық жағынан үйлесе бермейтін сөздер
тасқыны:
Жылқы – мылқы
Ойын-күлкі
Сиыр-миыр,
ешкі-ешкі
Түйе-мүйе,
торғай-морғай
Қос сөздер осылай
Он атта, оң жаққа.
Егіз ұйқасты санамақтар:
а/ Авторлы санамақ.
Ө.Ақыпбекұлы. «Менің киімдерім»
1 дегенім бөрік, кисең бойға көрік,
2 дегенім етік, киер сәнді етіп,
3дегенім ішік, теріден тігер пішіп,
4 дегенім тымақ, қыста кисең жылы-ақ,
5дегенім байпақ, іші жылы тайпақ,
6 дегенім алқа, мойныңа тақ, ал да,
7 дегенім жейде, кір болмасын кейде,
8 дегенім ,сенсең, жылысы тонның – «сеңсең»
9 дегенім телпек, болма,бала, тентек,
10 дегенім оймақ, жүрме босқа ойнап.
ә/ Авторы жоқ:
Бір дегенім - бесік, шықтым содан өсіп.
Екі дегенім - елім, далам, туым, көгім.
Үш дегенім – үміт, үміт артар жігіт.
Төрт дегенім – төзім, төзе білем өзім.
Алты деген – ақыл, тыңдағаның мақұл.
Жеті деген – жалау, жүректегі алау.
Сегіз деген – сөзің, серт беретін кезің.
Тоғыз деген – тоқтау, елдің жоғын жоқтау.
Он дегенім – Отан, қорға соны, ботам!
Математикалық жұмбақтар.
1.Бес ін, бес іннің аузы бір ін /қолғап/
2.Әншейінде жекесің, қарай қалсаң екеусің /айна/
3 Төрт бұрышты, бір ауызды /сандық/
4 Киелі бір жануар, үстінде екі тауы бар /түйе/
5 Екі айнасы бар, екі найзасы бар
Төрт жылтырмағы бар, бір шыбыртқысы бар./сиыр/
6 Екі ошаққа бір көсеу /сиырдың тілі/
7 Байлаулы екі аяғым,
Қолымда екі таяғым
Зырлаймын қардың үстімен,
Озамын атты кісіден /шаңғы/
8.Екі езуі құлағына жетеді, тамақ жесе ызың-ызың етеді/ара/
9.Ерте тұрдым, екі айыр жолға түстім/шалбар/
10.Біреуге найза түйрейді, өзі де содан күйрейді /ара/