Конспект "Ғажайып күз"

Шетпе психологиялық – педагогикалық түзету кабинеті
Ғажайып күз
(тәрбие сағаты)
Дайындаған: мұғалім-дефектолог Шахатова Ж.
2018ж.
Жүргізуші: Сары жібек көйлегін желбіретіп,
Жапырағын ағаштың селдіретіп
Тойға бөлеп елімді күзім келді.
Нұр тамшысын аспанның мөлдіретіп.
Құрметті, ата-аналар, әріптестер, балалар табиғатымыздың бізге берер байлығы
мен берекесін сыйлайтын сары алтын күзіміз келді. «Ғажайып күз» мерекесі құтты
болсын демекпіз, жылдың қай мезгілін алсақ та, табиғатты сүйіп, оны аялап күту,
әрбір адамның міндеті, өйткені бізді қоршаған табиғат аман болса, біз де әрқашан
көңілдіміз. Бүгінгі «Ғажайып күз» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Бүгін мекемеміздің бүлдіршіндерінің арасындағы «күз ханзадасы мен ханшайым»
сайысын тамашалауға шақырамыз.
Бүгінгі сайысымыздың әділ бағасын беретін қазылар алқасымен таныстырып
өтейін.
Әділ-қазылар алқасы:
1. «Шетпе психологиялық педагогикалық түзету кабинеті» мемлекеттік
мекемесінің меңгерушісі Кубенова Алтынгүл Жауынбайқызы.
2. Мекемеміздің әлеуметтік-педагогы Мұратова Шынар.
3. Мекемеміздің тәрбиешісі, кәсіподақ ұйымының төрайымы Дүйсенова Алмагүл
Жүргізуші: Кірпігі ине болып қадалды да,
Ұшқындап көрермендер жанарында,
Балбұл жанып сайыскерлер шықты ортаға,
Қол ұрмай қалған сірә, адам бар ма? - дей отырып, ортаға
бүлдіршін қатысушыларымызды шақырайық.
1. «Күзгі тамшылар» тобы: Мират-Айзере
2. «Күз күмістері» тобы: Бейбарыс-Кәусар
3. «Күзгі жапырақ» тобы: Еркебұлан-Кәусар
Күзгі бал сайысындағы сайыскерлерімізге қойылатын шарттармен таныстырсақ:
1. Таныстыру, сәлемдесу рәсімі
2. Өз өнері (би, тақпақ, өлең)
3. Жеміс, көкөністен белгілі бір образ жасау
4. Сән үлгісі (Әр қатысушының өз қиялына байланысты)
Жүргізуші: Көп сөйлеп жөн – жобадан аспайық біз,
Қандай сайыс болса да, қашпайық біз.
Ал, енді сіздер рұқсат етіңіздер,
Қанекей, жұптар сайысын бастайық біз. - дей отырып,
сайысымыздың І кезеңін бастаймыз. Ортаға «Күзгі тамшылар» тобын шақырамыз.
Келесі кезекте «Күз күмістері» тобын шақырамыз. «Күзгі жапырақ» тобын
шақырамыз.
Жүргізуші: Бүлдіршіндер көп-көп рахмет! Әділ-қазылар сөз кезегі өздеріңізде,
сайысымыздың бірінші бөліміне баға берсек.
Жапқандай жапырағымен іздерді
Қуантып байлығымен ізгі елді
Бір тойдырып қайту үшін елімді,
Сабырлы сары алтын күз келді демекші сайыскерлеріміз екінші
кезеңге дайын болғанша балалардың «Ғажайып күзге» деген тақпақтарын қабыл
алыңыздар.
Алма: Мен - алмамын, алмамын
Таңдай татар бал дәмім
Мына тәтті бал-дәмді
Дастарқандарыңа арнадым.
Жемістер: Өрік, алма, шие, алша.
Жидек, жүзім піседі.
Қауын, қарбыз, қияр, сәбіз,
Дүкендерге түседі.
Айзере -құлпынай:
Жапырақта тасалап,
Өскен жері бақша бақ.
Күрең қызыл шіркін –ай,
Оның аты- құлпынай.
Расул -алмұрт:
Мен алмұртпын, ақылдым.
Күзде алмұрт жинап алатын,
Бабыраған біреуін,
Жесең тойып қаласың.
Алма: Мен алмамын, алмамын,
Түрлі – түрлі боламын.
Көкпеңбек едім көктемде,
Қызарам күзде жеткенде.
Бақдәулет-сәбіз:
Кім бар сәбіз шырынын
Жастайынан ішпеген?
Mені жеген адамдар
Кем болмайды күшке де!
Қызанақ: Тал шыбығым бұралып,
Бақшаларда қызарып.
Тұрған ол мен- қызанақ,
Күнге қарап ұялып!
Аида-асқабақ:
Бақша төріндегі асқабақпын
Асханадағы дәмді тамақпын
Сап сары боп торсиып
Күтем сені терсін деп.
Береке бақ дарыған
Жомарт көңіл жарқын күз
Сары алтынға малынған
Жетті міне, Алтын күз
Дала сары киінді
Самал соқты салқындау.
Қырмандарға үйілді
Алтын астық-алтын тау
Жан-жақты жабады
Күн бірте суытып
Жауын көп жауады
Күз жомарт дейміз біз
Жемісі мол теретін,
Күз дос екен бізбенен.
Бәрін тауып беретін,
Жомарт екен күз деген.
Көк аспаның мөлдіреп,
Алтын күзім елжіреп,
Асыр салып жүре бер,
Сары көйлегің желбіреп.
Айханым:
Қуантып біздерді,
Мерекелі күз келді.
Кел жемісті алтын күз
Кемелденсін халқымыз!.
Бағытжан Ернұр:
Сап - сары маңай,
Сап – сары тоғай.
Соңғы әнін айтып.
Құс кетті қайтып.
ІІ-кезең: «Өнерлі - өрге жүзер» демекші, келесі кезең өз өнерін көрсету.
1. «Күзгі тамшылар» тобы Мират-Айзере: Вальс
2. «Күз күмістері» тобы Бейбарыс-Кәусар: «Алло» әні
3. «Күзгі жапырақ»тобы Еркебұлан-Кәусар: Вальс
Жүргізуші: Ай, бәрекелді, балалар өте өнерлі екен. Сонымен, өнер сайысының
бағаларын алайық.
Мекемеміздегі өнерлі оқушымыз Мадыкулов Расулды «Қос бәйтерегім» атты әнімен
қарсы алайық.
Жүргізуші: ІІІ-кезең жеміс-жидек, көкөністерден дайындалған образ жасау.
1. «Күзгі тамшылар» тобы Мират-Айзере
2. «Күз күмістері» тобы Бейбарыс-Кәусар
3. «Күзгі жапырақ» тобы Еркебұлан-Кәусар
Жүргізуші: Жеміс-жидектер, көкөністерден жасалған образдар өте тамаша. Әділ-
қазылардың бағасын алайық.
Сайыскерлеріміз келесі кезеңге дайын болғанша, бүлдіршіндеріміздің «Шалқан»
ертегісін тамашалаңыздар.
«Шалқан». Баяғы бір заманда шал мен кемпір болыпты. Олардың бақшасы бар
екен. Бірде шал шалқан отырғызады. Шалқан үп-үлкен боп өседі. Бір күні шал
шалқанды жерден суырып алмақшы болады. Ары тартады, бері тартады. Бірақ
шалқанды шығара алмайды.
Шал көмекке кемпірін шақырады. Кемпір шалдан, шал шалқаннан ұстап, ары
тартады, бері тартады. Бірақ орнынан қозғалта да алмайды.
Кемпір көмекке немере қызын шақырады. Немересі кемпірден, кемпір шалдан, шал
шалқаннан ұстап, ары тартады, бері тартады. Тағы да суырып шығара алмайды.
Немере қызы итін шақырады. Ит қыздың етегінен, немересі кемпірден, кемпір
шалдан, шал шалқаннан ұстап, ары тартады, бері тартады. Шалқанды суыра алмайды.
Енді ит көмекке мысықты шақырады. Мысық иттің құйрығынан, ит қыздың етегінен,
немересі кемпірден, кемпір шалдан, шал шалқаннан ұстап, ары жұлқиды, бері
жұлқиды. Шалқан шықпайды.
Мысық болса, тышқанды шақырады. Тышқан келіп мысықтың құйрығынан, мысық
иттен, ит немересінің етегінен, қыз кемпірден, кемпір шалдан, шал шалқаннан
ұстайды. Олар тарта-тарта ақыры шалқанды суырып шығарады.
Жүргізуші: Соңғы кезең «Сән үлгісі»
1. «Күзгі тамшылар» тобы Мират-Айзере
2. «Күз күмістері» тобы Бейбарыс-Кәусар
3. «Күзгі жапырақ» тобы Еркебұлан-Кәусар
Сайыскерлеріміз өте шебер екен. Ендеше, соңғы сайысымыздың әділ бағасын
білейік.
Жүргізуші: Осымен сайыскерлеріміз барлық кезеңдерден өтіп, өздерінің
бойларындағы бар өнерлерін көрсетті, ендігі кезек әділ-қазыларда.
Әділ-қазылар әділ шешімін шығарғанша, биші ұлдарымыздың тамаша биін қабыл
алыңыздар!
Жарайсыңдар, балалар, сайысқа жақсы дайындалыпсыңдар. Жүлделеріңмен
құттықтаймын!
Ғажайып алтын күзім нұрлана бер,
Мерекеңмен еліңді қуанта бер.
Қош, есен, келесі күз келгенінше
Амандық пен халқыма береке бер!
Осымен бүгінгі «Ғажайып күз» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Сау
болыңыздар!