Классный час "Дүниежүзіне әйгілі қазақ әйел - қыздарының өмір жолы" 6 класс
Батыс Қазақстан облысы
Теректі ауданы
Шаған жалпы орта білім беретін мектебі
Тәрбие сағаты
Сабақтың тақырыбы:« Дүниежүзіне әйгілі қазақ әйел-қыздарының өмір жолы»
6 «а» сынып
Сынып жетекші: Ханов Ш.У
04.03.2017 оқу жылы
Оқу ісінің меңгерушісі: ________________
Күні: 04.03.2017 жыл
Тақырыбы: Дүниежүзіне әйгілі қазақ әйел-қыздарының өмір жолы
Мақсаты: Халықаралық әйел-қыздар күніне арналған мерекеге орай, Қазақстанға ,қала
берсе дүниежүзіне әйгілі қазақ әйелдерінің өмірі ,ерен еңбектерімен танысу, шолу
жасау.Осы мереке қарсаңында олардың қазаақ қоғамына еткен еңбектерін оқушыларға
үлгі ету, тәрбие алуға шақыру.
Сабақтың түрі: шолу сабақ
Көрнекілігі: қанатты сөздер, оқулықтар, шарлар.
І.Ұйымдастыру кезеңі.
1.Сәлемдесу
2.Сыныптың тазалығына назар аудару
3.Тәрбие сағатын бастау.
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме! қымбатты оқушылар,Бүгінгі " Дүниежүзіне әйгілі қазақ әйел-
қыздарының өмір жолы" атты тәрбиелік сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
«Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген халқымыздың қанатты
сөз бар. Расында да аналарымыздың қоғамда алар орны ерекше. Балаға тәрбие беруден
бастап қоғамның кез келген салаларында да ойып орын алған аналарымыз жетерлік.
Шығыстың қос шынары
1-оқушы: Әлия Молдағұлова .
1941-1945 жылдары 5 жылға созылған Кеңес одағы мен фашистік Германия
арасындағы соғыста талай жан қыршынынан қиылды. Міне осы соғыста ерен ерлігінмен
көзге түсіп, мерт болғаннан кейін одақтың ең жоғарғы атағы Кеңес Одағы Батыры атанған
қаршадай қазақ қызы Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге
келген. Жалпы Әлияның өмірбаяны баршаға мәлім, ол жайында көркем фильм де
түсірілген болатын. 1943 жылдың қарашасында Әлия Холм түбінде немістерден «тіл» алу
мақсатында жүргізілген барлау соғысына қатысқан. Осы соғыс барысныда Әлия
солдаттармен бірге немістердің траншеясына басып кіріп, 5 немісті тұтқындаған.
Қаңтардың қақаған аязында Насва стансасы үшін қырғын шайқаста 19-дағы өрімдей қыз
жаңбырша жауған оқтың астында сиреп қалған қаруластарын 6 рет шайқасқа өзі бастап
шыққан. Ресейдің Псков облысының Новосокольники жері қазақтың қаршадай қызының
қаһармандығы айқындалған соғыс алаңы болды. Дәл осы жерде 1944 жылы 14 қаңтарда
Новосокольники ауданына қарасты Казачиха деревнясын азат етуде Әлия Молдағұлова
ғасырларға жалғасқан аңыз қалдырды. Бұл Әлияның соңғы соғысы еді. «Кеңестік
идеологияда батыр не болса да ерлікпен дер кезінде өлу керек деп шешкен. Негізінде
зерттей келе Әлия сол шабуыл кезінде қатты жарақаттанады. Бірақ оны қасындағы
Яновлева, Нажеда Матвеевна, Зинаида Поликова деген үш қыз және Поликованың күйеуі
Попов деген азамат плащ палаткаға салып, Әлияны көп солдаттар жатқан жерге апарып,
қайтып келе жатқанда сол жерге бомба түседі. Әлия сол жерде қайтыс болады. Енді ол
жөнінде бізге көпке дейін айтқызған жоқ. Бірақ, 1980 жылы Зинаида Поликова деген
Алтай өлкесінде тұратын Әлияның майдандасына хат жолдағанда, ол осылай қайтыс
болды деді. Оған кейбіреулер қарсы шықты. Дегенмен шындық осы», - депті «Қос
Шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Бәйдербес «Қазақстан» телеарнасы
берген сұхбатының бірінде.
2-оқушы: Мәншүк Мәметова.
Ерен ерлігімен тарих беттеріне есімі алтын әріппен өрілген тағы бір қызымыз -
Мәншүк Мәметова. Батыр қыздың майданға аттануы мен ұрыс даласындағы бiзге
беймәлiм болып келген кейбiр сырлары жайында «Үш қиян» газетімен сыр бөліскен
Әлияның немере сiңiлiсi Айман Мәметов: «Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан
соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 418 күнiнде қазақтың ержүрек қызының азапты
күндерi мен ерлiк iсi қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк жұмыр жердiң бетiнде небәрi
21 жыл 13 күн өмiр сүрдi. Бұл көп пе, әлде аз ба?! Әдетте ерлiк жасау үшiн ұзақ өмiр сүру
парыз болмаса керек болар!», - депті. Расында да соғысқа атанып бара жатып анасымен де
қоштасып үлгермеген Әлияның фашистік басқыншылармен арадағы қан майдандағы
ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі болып қалмақ.
Халық қаһарманы атанғандар
3-оқушы: Хиуаз Доспанова.
Елімізге сіңірген ерен еңбегі,Отан қорғауда, азаматтардың өмірін қауіпсіздендіру
барысында ерлік көрсеткені, Қазақстанның бостандығы мен Тәуелсіздігі жолында аянбай
күрескені үшін берілетін «Халық қаһарманы» жоғары атағы 1993 жылы Елбасы заңымен
бекітілген болатын. Міне осы мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі «қазақтың қанатты
қызы» атанған тұңғыш әскери ұшқышы Хиуаз Доспанова.
Запастағы полковник Сағидолла Көшімбаевтың жазуынша, Хиуаз Доспанова
Қазақстанның батыс өңірінің орталығы, атақты Жайық өзенінің бойында көсіліп жатқан
көне қала Оралда 1922 жылдың мамыр айының дәл ортасында дүниеге келген. 1940 жылы
Мәскеу қаласындағы Медицина институтына оқуға түседі. Ал соғыс басталған кезде
атақты орыс ұшқышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкке қабылданады.
Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белорусъ, Польша және Шығыс Германия
жерлерін фашистерден азат ету барысында үш жүзден аса әуе шайқасына қатысып,
жауынгерлік ерліктері үшін "қанатты қыз" атанған. Х.Доспанованың жастық шағының бес
жылы бірдей қанқұйлы соғыс майданында, аспандағы жау ұшақтарымен шайқаста өтті.
Неміс фашистері біздің ұшқыш қыздарымызды "түн перілер" деп атап, зәре-құты қалмай
қорыққан көрінеді. Қайсар да қайтпас штурман қазақ қызының бір өзі Украина,
Белоруссия, Қырым, Кавказ, Польша және Албания сияқты фашистер басып алған ел
аспанында "ПО-2" бомбалағыш ұшағымен, үш жүз рет жау төбесінен ажал оғын сепкен.
Айта кетерлігі, таяуда Сенат депутаты Атырау халықаралық әуежайына Ұлы Отан
соғысында өшпес ерлік көрсеткен, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін беру
әбден лайықты шара болатындығын айтып, үкімет басшысына сауал жолдаған болатын.
«Қазақ батыр қыздарының бірегейі - Хиуаз Доспанова. Ағымдағы жылдың 15 мамырында
Халық қаһарманы, қазақтың батыры Хиуаз Доспанованың туғанына 90 жыл толады.
Сондықтан да халқымыздың даңқты қыздарының есімін елдің жадында мәңгіге қалдыру
үшін облыс жұртшылығы Атырау әуежайын Хиуаз Доспанованың атымен атау туралы
ұсыныстарын білдіріп жатыр», - деген еді ол. Расында да Атырау әуежайында батыр
апамыздың есімін беру игі іс болар еді.
4-оқушы: Роза Бағланова
Осы мәртебелі атаққа ие болғандардың бірі КСРО-ның және Қазақстанның халық
әртісі Роза Бағланова болатын. Оның ерекше әуезді дауысы соғыс жылдарында
жауынгерлерді ерлікке жігерлендірді, ол қазақ мәдениетін халықаралық сахнаға шығарды,
оны Кеңес Одағының барлық түпкірінде танып-біліп, сүйіспеншілікпен таңдай қақты. Ал
Қазақстанда ол бірнеше ондаған жылдар бойы халқының махаббатына бөленген шын
мәніндегі халық әртісі, өнердің шыңына көтерілген дарабоздарының бірі болды. Әнші
апамыз 2009 жылы «ҚазАқпарат» агенттіген берген сұхбатында алғашқы алған
наградасын еске түсіре келе: «Бұл 1945 жылы болды. Мен «Жауынгерлік ерлігі үшін»
медалін алдым, бұл менің ең қымбат марапаттарымның бірі, оны кезінде кез келген адамға
берген жоқ. Мен мұндай құрметке екі рет ие болдым. Біреуін маған маршал Коневтің өзі,
екіншісін - Рокоссовский тапсырды. Сонда «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тапсырып
тұрып, Рокоссовскийдің маған: «Қазір сен кішкентай Розасың, болашақта кеңес өнерінің
мақтанышына айналасың», - дегені бар тебіреніп. Оның айтқаны келді. 1949 жылдың
өзінде Будапештегі халықаралық фестивальда мен Майя Плисецкаямен, Мстислав
Ростроповичпен, Игорь Ойстрахпен (Давид Ойстрахтың ұлы), Зара Долухановамен бірге
бірінші сыйлыққа ие болдым. Біз алдыңғы шепте тәулігіне 15 сағат ән салдық, соғысты
қатардағы гвардия солдаты болып аяқтадым. Екі рет Сталиннің алдында ән шырқадым.
Сондай концерттердің бірінде оның өтінішімен аңызға айналған «Самара қаласы» майдан
әнін орындадым. Сталин де, онымен бірге бүкіл залдағы көрермен орындарынан тік тұрып
тыңдады. Мен майданда бес жылға жуық болдым. Біздің армия ұрысқа әзірленіп жатқанда
мен өз әндеріммен олардың рухын көтеріп, жігерін жаныдым. Халық қаһарманы атағы
Кеңес Одағының Батыры деген атаққа теңестірілген ғой, бұл награда да мен үшін өте
қымбат. Мен оны майданда алған қос «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен бірдей
бағалаймын. Нұрсұлтан Назарбаев маған осы атақты тапсырып тұрғанда «Сіз соғыс
кезінде де, бейбіт жылдарда да халықтың рухын көтеріп, жігерлендіріп отырдыңыз. Мен
сіздің дауысыңызды бала кезімнен естім келем», - деді. Мен жылап жібере жаздадым.
Есіме майданның алғы шебінде медбикемен бірге жүгіріп келе жатқаным, қолымда плащ,
арқамда - автомат... сол бір қиын-қыстау күндер түсті. Әрине, біз сол жылдарда өлімді,
халық басына түскен ауыртпалықты көп көрдік, жаралы жауынгерлер әніңді тыңдап,
жарасын қайтадан таңдырып алады да, ұрысқа аттанады. Міне, осындай сәттерде әннің
жігерлендіруші күшін терең түсіндім», - дейді.
Өнерімен баршаны тәнтті еткендер
5-оқушы: Күләш Байсейітова
Табиғат берген таңғажайып даусымен, тамаша орындаушылық шеберлігімен,
азаматтық және отансүйгіштік асыл қасиеттерімен халқымыздың ерекше құрметі мен
махаббатына бөленген нәзік жандан жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі ретінде Күләш
Байсейітованы атауға болады.
Күләш Байсейітова
Қазақтың көрнекті әншісі Күләш Байсейітова - асылында Қазақстанда аты аңызға
айналған тұлға. Небәрі 45-жасқа созылған қысқа ғұмырында ол жұлдыздай жарқырап
халық сүйіспеншілігіне бөленді. 20-ғасырдың музыка мәдениетінде пайда болған
жаңалықты халқы ардақтаған Күләш Байсейітованың дарыны мен асқан өнері
"заңдастыра" түсті. Еуропаның музыкалық жаңа жанры мен түрлері - хор өнері,
симфониялық оркестр, ақырында опера - көшпелі қазақ даласының өміріне композиторлар
мен Ресей музыканттары көмегімен ғана емес, дарынды ұлттық орындаушыларымыздың
арқасында енді. Олардың орындаушылық өнеріне міндетті талап - шығармашылық
синтезді мүмкіндігінше жарыққа шығару, музыканы халықтың саналы қабылдауына
жеткізу болатын. Күләш Байсейітованың дарыны көп қырлы. Ол драмалы спектакльдерді
айрықша орындаушы республикамыздың тұңғыш кәсіби деңгейдегі концерттік және
опералық қазақ әншісі . Қазақ халқы Күләш арқылы дүние жүзінің классикалық операсы
мен көптеген халықтардың музыкасын таныды. Замандастары дүниежүзілік мәдениетті
тануда Күләш атымен байланыстырады. Оның дауысы - қазақ даласындай кең де биік,
ұлттық нақышы айрықша болғандықтан, орындаған әндері қазақ халқына жақын әрі
түсінікті еді.
6-оқушы: Бибігүл Төлегенова
Бибігүл Төлегенова - әлемдік деңгейдегі әнші, опера жұлдызы. Ол - өзінің
өнердегі аса жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халық арасында үлкен сүйіспеншілікке
ие болғандықтан да халық әртісі атанған жан. Бибігүл Ахметқызын әлемнің өнерсүйер
қауымы әрқашан құшақ жая қарсы алады. Оның әндеріне Нью-Йорктың, Лондонның,
Париждің, Римнің, Афинының, Токионың, Сеулдің, Каир мен басқа да әлемнің ірі
қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соққан. Халық әртісі
әлемнің ең үздік оркестрлерімен: Осипов атындағы орыс ұлттық академиялық ұлт
аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестрі, принц
Уэльскийдің (Ұлыбритания) камералық оркестрімен бірге ән салған. ЮНЕСКО шешімі
бойынша Бибігүл Төлегенова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелдерінің қатарына енген
болатын.
7-оқушы: Хадиша Бөкеева
Қазақ сахна өнерінің хас шебері атанған өнер Хадиша Бөкееваның да мәдени
тарихымыздан алар орны ерекше. БҚО-ның Қазталов ауылында дүниеге келген Хадиша
Бөкеева алғашқы сахналық қадамын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған еді. 1938
жылы Ленинградтың мемлекеттік сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітірген ол
Шымкент облыстық Қазақ драма театрында, ал 1942 жылдан Алматыдағы Қазақ драма
театрында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, ел есінде қалған талай рольдерді тамаша
орындады. Ол сомдаған рольдердің ішінде Сәуленің (Әбішевтің «Достық пен махабаты»),
Қарлығаның (Әуезовтың «Қобыланды»), Мехмене Банудың (Назым Хикметтің «Махаббат
туралы аңызы»), Катаринаның (Шекспирдің «Укрощение строптивой»), Сәуленің
(Т.Ахтановтың осы аттас туындысы), Тханьның (Куприяновтың «Звезда Вьетнама»
туындысы) рольдері бар. 1957 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1964 жылы КСРО халық
әртісі атанған өнер саңлағы ұстаздық қызметпен де айналысып, профессор (1974) атағына
ие болды. Елге танымал көптеген сахна шеберлерін тәрбиелеп, Ленин, «Құрмет Белгісі»
ордендерімен марапатталған.
8-оқушы: Фарида Шәріпованың
Өзінің үздік дарынының арқасында театр өнерінің жетекші мамандары сапында
болып, Қазақстанның ұлттық өнерінің дамуына орасан үлес қосқан Фарида Шәріпованың
сахна мен кинода сомдаған бірталай бейнелер көрермендер жүрегінде өшпес із қалдырды.
Ол 1936 жылы 16 желтоқсанда ҚХР Шәуешек қаласында туып өскен. 1955 жылы Алматы
Мемлекеттік өнер институтын тәмамдап (қазіргі Құрманғазы атындағы Мемлекеттік
консерватория), М. Әуезов атындағы драма театрына қабылданды. Қазақ актрисасының
шығармашылығы қазақстандық көрермендерге «Сүйікті менің әуенім» спектакліндегі
Жәмиля, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анадағы» Толғанай, М.Әуезовтың «Абайындағы»
Ажар, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы» Баян (Ғ.Мүсірепов), «Еңлік-Кебектегі» Еңлік,
«Қаракөздегі» Қарагөз, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен Теріндегі» Ақбала ролдерімен
танымал. 1967 жылы «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Толғанай ролі үшін Қазақстан
Республикасының Мемлекттік сыйлығына ие болды. Ал 1974 жылы Ә.Нұрпейісовтың
«Қан мен Тер» спектакліндегі Ақбала бейнесін шығарғаны үшін КСРО Мемлекеттік
сыйлығына ие болды. 1995 жылдан бастап Ф.Шәріпова киноға түседі. 1969 жылы
«Вьетнам жұлдызы» спектакліндегі Хиен ролі үшін Ф.Шәріпова Азия және Африка елдері
және Вьетнамды қолдау комитетінің грамотасымен марапатталды. Көп жылдар бойы
театр және көркемөнер институтында ұстаздық қызмет атқарады. 1996 жылы М.Әуезов
атындағы театрда Ф.Шәріповаға арнайы жазылған С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр»
спектаклі жарыққа шықты. Басты ролді Ф.Шәріпова өзі ойнады. Кино өнерінде дубляж
қызметін шебер орындаушы Ф. Шәріпова «Менің атым Қожада» Қожаға, «Қыз Жібектегі»
Жібек, «Девушка джигиттегі» Ғалия, «Ботагөздегі» Ботагөз, «Гауһартастағы» Салтанат,
«Тақиялы періштедегі» Айша бейнелерін сөйлете білді.
9-оқушы: Роза Жаманова
КСРО жұршылығын өнерімен тәнті еткен тағы бір қазақтың талантты өнерпазы
Роза Жаманова Ақтөбе қаласында туған. Орал қаласындағы музыка мектебін, кейін гобой
және вокал класы бойынша музыка училищесін бітірген. Құрманғазы атындағы Алматы
мемлекеттік консерваториясында профессор А.Кургановтың класында оқыған.
Р.Жаманованың репертуарында 20-дан астам қазақстандық композиторлардың
операларындағы жетекші партиялар (Е.Брусиловскийдің "Қыз Жібек", "Ер Тарғын",
А.Жұбановпен Л.Хамидидің "Абай", М.Төлебаевтың "Біржан-Сара", С.Мұхаметжановтың
"Айсұлу", Е.Рахмадиевтің "Алпамыс", "Қамар сұлу", Қ.Қожамияровтың "Назугум",
FҒ.Жұбанованың "Еңлік-Кебек", "Жиырма сегіз"), батыс-европалық (Дж.Пуччинидің
"Тоска", "Мадам Баттерфляй", Дж.Вердидің "Травиата", "Аида", Ж.Массненің "Манон",
Ш.Гуноның "Фауст", "Ромео мен Джульетта", Л.Делибтің "Лакме") және орыс
композиторларының операларынан (П.Чайковскийдің "Евгений Онегин") бар.
10-оқушы: Шара Жиенқұлованың
Би өнерінің ханшайымы атанған Шара Жиенқұлованың да қазақ мәдениетінен
алар орны ерекше. Ол он алты жасында «Биші қыз» атағын иеленді. Үлкен сахнадағы өнер
жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында
бастады.Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш бейнесі - оның театрдағы
алғашқы сомдаған рөлі болды. Кейіннен Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пен «Қарагөз»
қойылымдарында, «Айман-Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің
«Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында басты рөлдерді сомдады. Шара
Жиенқұлова 1936 жылы Мәскеуде өткізілген Қазақ әдебиеті және өнерінің онкүндік
мәдени шарасына қатысып, өзге халықты ұлттық би өнерімен таң қалдырды. 1938 жылы
қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымында ол басты кейіпкер Мамырдың
партиясын орындады. Балетмейстер Л.А. Жуковпен бірлесе отырып, 1940 жылы И.Н.
Надировтың «Көктем» балетін қойды. Өз жұмысын Шара Жиенқұлова 1940-1962 жылы
Қазақ филормониясында жалғастырды. 1962-1966 жылдары Қазақ ән-би ансамблінің
басшысы болды. 1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры
қызметінде болды. Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Ұлттық би өнерін
ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халық билеріне
жаңа дем берді. Ол «Айжан қыз», «Қара жорға», «Тәттімбет», «Қырық қыз» т.с.с. билерді
дүниеге әкелді.
Қорытынды
Жыл бойы осы бір көктемгі мерекелік көңіл-күйден арылмағайсыздар !
Сіздердің жүректеріңіз тек қана жылылық пен нәзіктікке толсын, сондай-ақ
сіздерге мол бақыт, мықты денсаулық, сәттілік пен сабақта озат
болуларыңызды тілейміз!
8-наурыз мерекесі құтты болсын!!!
Педагогика - еще материалы к урокам:
- Презентация "Мои прадедушки - участники Великой Отечественной войны" 3 класс
- Презентация "Сегодня в моде здоровый образ жизни!" 8 класс
- Классный час "Учимся предотвращать и разрешать конфликты" 6 класс
- Классный час "Мое открытие Крыма"
- Конспект НОД "Развитие речи «Весна, признаки весны»"
- Презентация "Животные степи"