Конспект урока "Аялдамалық пункттар және оларды орналастыру"
Сабақтың тақырыбы: Аялдамалық пункттар және оларды орналастыру
Сабақтың мақсаттары:
1.Білімділік: Жолаушыларға арналған ғимараттар туралы мәлімет беру. Аялдамалық
пункттардың орналасуына қойылатын талаптар жайында білімдерін толықтыру.
2.Тәрбиелік: Мамандық және пән бойынша білімдерін толықтыру арқылы, оқушылардың
қызығушылығын арттыру. Білікті мамандар даярлау үшін жан-жақты тәрбиелеу.
3.Дамытушылық: Оқушылардың өз бетінше жұмысын жетілдіру, топпен жұмыстануға
үйрету, дұрыс шешім қабылдауға дағдыларын қалыптастыру. Күнделікті өмірдегі
жағдайларға талдау жасауға дағдыландыру.
Сабақтың түрі: Теориялық
Оқытудың әдістері мен әдістемелік амалдары: Түсіндіру, сұрақ-жауап, баяндау
Көрнекі оқу құралдары мен техникалық құралдар:мультимедиялық проектор
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру бөлімі: Аудитория тазалығын тексеріп, оқушыларды кіргізу. Журнал
бойынша сабақта жоқ оқушыларды тексеріп, журналға түсіру.
ІІ.Өткен тақырыптарды тексеру:
1.Маршрут ашылмас бұрын алдымен қандай жұмыстар атқарылады?
2.Маршрут трассасын қандай құрамдағы комиссия қарайды?
3.Комиссия қандай шешім мен ұсыныстар береді?
4.Маршрут құжаты неше данада толтырылады?
5. Маршрут құжатында қандай мәліметтер жазылады?
6.Аялдамалар көрсеткіштері қандай өлшемде болу керек?
7.Маршруттың соңғы және бастапқы аялдамаларында не дайындалады№
8.Аралық аялдамаларда қандай дайындық болуы тиіс?
9.Маршрут құжатында маршрут түрі қандай белгімен беріледі?
10.Маршруттың жолы неге байланысты анықталады?
ІІІ.Жаңа тақырыпты түсіндіру
Жоспар:
1.Аялдамалық пункттардың қызметіне қарай бөлінуі
2. Аялдамалық пункттардың пайдаланылуына қарай бөлінуі
Автокөлікпен жолаушы тасымалдауда жолаушыларға арналған әртүрлі ғимараттар
салынады. Оларға: маршрут бойында орналасқан аялдамалық пункттар мен автобекеттер,
автовокзалдар, автопавильондар, мотельдер мен кемпингтер т.б. жатады.
Қарапайым жолдық ғимараттарға сыйымдылығы 5-20 адамдық жаңбыр мен қар,
жел мен күннен қорғайтын автопавильондар жатады.
Аялдамалық пункттар өз қызметтеріне қарай бастапқы, соңғы, аралық болып бөлінеді.
Бастапқы және соңғы аялдамалар жолаушыларды түсіру –мінгізу қызметінен басқа,
автобустың бұрылуы үшін, ауысым ішілік демалыста тұруы үшін, басқа да маневрлар
жасауы үшін де пайдаланылады. Сонымен бірге, соңғы аялдамаларда автобус бригадасы
ауысады, қозғалыс кестесінің уақыты тексеріліп, нақтыланады және автобус экипажының
аз уақыттық демалысы қамтамасыз етіледі. Соңғы аялдамалық пункттарда жаяу
жүргіншілер мен басқа көліктердің қозғалысынан алшақ жатқан және автобустың
бұрылуын, тоқтап тұруын қамтамасыз ететін ашық алаңдар да орналасады.
Аралық аялдамалық пункттар қаланың халық көп жиналатын орындарында,
өнеркәсіп мекемелері мен әкімшілік, мәдени мекемелер және сауда орталықтары, оқу
орындары т.б. жерлерге жақын орналастырылады. Олар жолаушының автобустан қауіпсіз
түсіп-мінуі ыңғайлылығын, маршруттағы автобустарды күту жайлылығын қамтамасыз
ету керек.
Аялдамалық пункттардың орналасуына қойылатын талаптардың бірі - ол халықтың
аялдамаға келуге кеткен уақыты 10-15 минуттан аспау керектігі. Оған аялдамалар
арасының ара-қашықтығы да көп әсер етеді, мысалы: қалалық маршруттардағы перегон
ұзындығы –300-700 м болса, қаламаңындың маршруттардағы аялдама аралық қашықтық –
700-1500 метрден аспағаны жөн.
Қаладағы жолаушы қозғалысының қауіпсіздігі үшін және жаяу жүргіншілердің
жолдан өту қауіпсіздігі мен жол қиылысының өткізу қабілеті, автобустардың қозғалыс
жылдамдығы сақталу үшін аялдамалық пункттарды жол қиылысынан 20-25 метр
қашықтықта орналастыру керек болса, жіңішке көшелердегі қарама-қарсы бағыттағы
аялдамалар ара-қашықтығы бір-бірінен 25-30 метрден кем болмау керек. Бұл шарт осы
көшеден өтетін жолаушы автомобиль көлігінен басқа көліктердің қозғалысы тоқталыссыз
болуы үшін қажет.
Қазіргі күнгі аялдамалық пункттар
Пайдалану сипатына қарай аялдамалық пункттар күнделікті (тұрақты), уақытша,
сұрау бойынша болып бөлінеді.
Күнделікті аялдамалық пункттар маршрут бойындағы тұрақты жолаушы ағымы
бар жерлерде орналастырылады. Мұндай аялдамаларда автобустар барлық уақытта
тоқтап өтуге міндетті.
Уақытша аялдамалар тәуліктің кейбір уақытында немесе жылдың кейбір
мезгілдерінде жолаушы ағымның шамасына қарай орналастырылады. Мысалға,
таңертеңгі мезгілде балалар мекемелерінің, оқу орындары немесе ірі кәсіпорындар
маңында, жаз айларында жағажайлар мен парктер, саяжайлар маңында т.б. жерлерде
орналастырылады.
Сұрау бойынша аялдамалық пункттарды жолаушы ағымы тұрақты емес жерлерге
қояды. Мұндай аялдамаларда автобустар жолаушылардың сұрауы бойынша тоқтайды.
(Мысал келтіру)
ІV.Тақырыпты бекіту
Бекіту сұрақтары:
1.Қарапайым жолаушыларға арналған жолдық ғимараттарға не жатады?
2.Аялдамалық пункттар қызметіне байланысты қандай түрлерге бөлінеді?
3.Бастапқы және соңғы аялдамалық пункттар қандай қызметтер атқарады№
4.Аралық аялдамалық пункттар не үшін қажет?
5.Аралық аялдамалық пункттарға қандай талаптар қойылады?
6.Пайдалану сипатына қарай аялдамалық пункттар қандай түрлерге бөлінеді?
7.Тұрақты аялдамалар деген не?
8.Уақытша аялдамалар қалай орналастырылады?
9.Сұрау бойынша аялдамалар қандай жерлерге орналастырылады?
10.Қосымша тапсырма ретінде әр түрлі елдердегі аялдамалардың үлгілерін интернеттен
алып, презентация жасау.
11.Өздері жүретін маршрут бойында орналасқан аялдамалық пункттердің орналасуы мен
оларға қойылатын талаптарға сәйкестіг жөнінде мәлімет дайындау
V.Бағалау. Оқушылардың жауаптары бойынша бағаланды.
VІ.Үйге тапсырма. Түрлері мен қызметін оқу Бөлім 5. §5.4 [1]