Конспект урока "Қазақ диаспорасының пайда болу тарихы" 10 класс
Масалиева Қарлығаш
Амангельдықызы.
Орал «Сервис» технологиялық
колледж, ҚР БҚО, Орал қаласы.
Қоғамдық пәндер оқытушысы.
Тақырыбы: Қазақ диаспорасының пайда болу тарихы.
Сабақтың мақсаты - оқушыларға өз бетімен «диаспора», «ирредента»
ұғымдарын түсінуге, диаспораны, ирреденттерді қалыптастыратын саяси,
экономикалық, діни себептерді анықтауға, «қазақ диаспорасы» мәселесін
зерттеген ғалымдардың еңбектерін игеруге, қазақ диаспорасының қалыптасу
тарихын оқып, үйренуіне қолайлы жағдай жасау.
Сабақтың міндеттері:
а) білімділік – оқушыларға нақты мысалдармен «диаспора» мен
«ирредент» ұғымдарын, қаншама жақын, алыс шет елдерде қандас
бауырларымыздың өмір сүріп жатқандығын, олардың туған елінен тысқары
өмір сүруіне себеп болған тарихи оқиғаларды, қазақ диаспоралары мен
ирреденттерінің шет елдердің саяси-экономикалық, мәдени өміріндегі рөлін
зерттеп отырған зерттеушілердің еңбектерінің маңыздылығын, ерекшелігін,
кемшілігін түсінуге түрткі болу;
ә) дамытушылық – оқушылардың қазақ диаспорасы тарихы жөнінде
білгендерін пайдалана отырып, осы мәселеге арналған іргелі еңбектер мен
баспасөз басылымдар беттерінде жарияланған жадығаттарды және өзге де
дерек көздерін таныстыра отырып, олардың қазақ халқының құрамдас бөлігі,
біздің қандас бауырластарымыз екендігін түсініп, ой – тұжырымдама жасауға
жәрдемдесу;
б) тәрбиелік – оқушыларға тарихи және мәдени тамырлары ортақ,
алайда түрлі саяси, экономикалық, діни себептердің әсерінен алыс-жақын
шет елдерде өмір сүріп жатқан қандас бауырларымыздың өткен тарихын,
тұрмыс-тіршілігін зерттеу арқылы, қазақ диаспоралары мен ирреденттерінің
ұлттық құндылықтарды сақтау, құрметтеу секілді қасиеттерімен таныстыра
отырып, олардың бойындағы елін, жерін сүю секілді сезімдерінің арта
түсуіне себепші болу.
Сабақтың типі: Жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың түрі: Сыни тұрғыдан ойлау.
Сабақтың әдісі: Әңгімелеу, сұрақ-жауап, жеке жұмыс, топпен жұмыс.
Пәнаралық байланыс: География, Дүниежүзі тарихы, Экономика
негіздері, т.б.
Сабақтың көрнекілігі: тірек схемасы, кестелер жиынтығы.
Сабақтың құрылымы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Қызығушылықты ояту
1 «Ассоциация».
ІIІ. Мағынаны тану
2 «Шағын дәріс».
IV. Ой толғаныс
3 «Эссе».
V. «Бағалау парағы».
Сабақтың барысы:
IІ. Қызығушылықты ояту
1. «Ассоциация».
Оқушылар алдын-ала бөлініп отырған екі топқа мынадай сұрақ
қойылады:
«Қазақ диаспорасы тарихы» деген мәселе айтылғанда сіздердің
ойларыңызға қандай сөздер жүйесі келеді?
Олардан өз ойларына келген сөздер жүйелерін жеке-жеке қағаздарға
түсіру сұралады. Содан соң олардан өздері жазған сөздер жүйелерін жұппен
талқылаулары сұралады. Әр топтағы бір студенттен топтың жинақтаған
сөздер жүйелерін аудиторяға таныстыру сұралады.
ІIІ. Мағынаны тану
2 «Шағын дәріс» түсіндіріледі (сабақ жоспарындағы үш мәселе
бойынша).
Сабақтың жоспары:
1) «Диаспора», «ирредент» ұғымдары.
2) Қазақ диаспорасының зерттелу тарихнамасы.
3) Қазақ диаспорасының пайда болу тарихы.
Дәрістің мазмұны:
1. «Диаспора», «ирредент» ұғымдары. Диаспора грекше
«шашыранды» деген мағына беретін сөз. Сонда бұл сөз Отанынан басқа елде
өмір сүріп жатқандар туралы ұғым береді. Ал ирредента өз тарихи отанында
өмір сүріп жатқан, бірақ белгілі бір саяси жағдайға байланысты өзге
мемлекет құрамында қалып қойған жердегі адамдар туралы түсінік береді.
Мәселен, Ресей, Орталық Азия, Қытай құрамына қосылған бұрынғы қазақ
жерінде өмір сүретіндерді ирреденталар деп атайды. Егер Қазақстаннан тыс
жерде 4 млн 500 мың адам өмір сүріп жатса, оның 800 мыңы диаспора болып
саналады. Ал 3 млн 700 мыңы қазақ ирреденталары болып есептеледі. Яғни,
ол көрші елдерге қосылып кеткен қазақ жеріндегі тұрғындар, Ресейдің
Астрахан, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы Алтай автономиялық облысы,
Қытайдың қарамағында қалған Алтай, Тарбағатай, Іле, Құлжа, т.б. Монғол
жеріндегі Баян Өлгий аймағы, Өзбекстан құрамында қалған Сырдария,
Шыршық, Қылықұм, Мырзашөл, т.б. жерде өмір сүріп жатқан қазақтар
ирреденталар болып табылады. Алайда бұлар да диаспоралардың бір түрі.
Ал оралмандар – шетелдерден өз еліне оралған адамдар.
Диаспора көп ретте трихи жағдайда байланысты миграцияның – яғни
халықтың белгілі бір топтарының басқа елдерге қоныс аударуының әсерінен
пайда болады. Ал қоныс аударудың да әр түрлі себептері болуы мүмкін.
Мәселен, табиғи апаттан басқа жаққа қоныс аудару, басқа да әр түрлі өмір
сүруге қиын жағдайдан диаспоралар пайда болады.
Халқымыздың тарихи жағадайына талдау жасап қарасақ, қазақ
диаспорасы тек зорлық-зомбылықтың әсерінен пайда болған. Қазақ
диаспорасы өз жерінен көрші жатқан елдерге қоныс аударып, онда тұрақтай
алмай, одан әрі алыс елдерге дейін шашырап кеткен. Алғаш қазақтар Қытай,
Орталық Азия, Ауғанстан, Иран сияқты елдерге қоныс аударған.
Қазақ диаспорасының шет елдерде кең тарағанын мына төмендегі
салыстырудан байқауға болады. Өз республикасынан тыс жердегі халық
пайызының жоғарылығы жағынан армян мен украиндардан кейінгі үшінші
орын қазақтарға тиеді. Ал өз ата-мекендерінде тұрып жатқан түркі телдес
халықтардың ішінде әзірбайжандардан кейінгі екінші орынды алады.
Қазақ диаспораларының өзіндік ерекшеліктері – олар, біріншіден, тұрған
елдерінде көпшілік болып, саяси автономия құра алмайды, сондықтан да
басқа халықтарға билік жүргізетін жағдайы болмайды. Қазақ диаспорасының
өзіне тән екінші бір ерекшелігі, барған немесе қоныстанған елдерінде тез
арада сіңісіп, бейімделіп кетіп отыруы.
2. Қазақ диаспорасының зерттелу тарихнамасы. Қазақ
диаспорасының зерттелуіне қанша қарсылық жасалғанымен де қазақ және
кеңес тарихшылары XVII-XVIII ғасырларда Орталық Азиядағы халықаралық
тарихи жағдайды зерттеудің барысында бұл мәселеге тоқталмай өте алмады.
Әсіресе екі жүз жылға жуық созылған қазақ-жоңғар арасындағы, жоңғар-
қытай, қазақ-қытай арасындағы ирренденталардың тарихи мәселелері сөз
болған. Ағылшын тарихшысы Годфри Лиастың «Қазақтардың шығуы» атты
монографиясында 1950 жылы Шыңжан, Тибет, Үндістан және Пәкстандағы
қайғылы оқиғалар туралы жазған еңбегінің құндылығы – аталған оқиғадан
кейін бірден сол оқиғаның болғандығы жайлы хабардың дүние жүзіне
тралуы. Ғалым Түркия жерінен Шыңжан оқиғасына қатынасып, жағдайды өз
көзімен көрген, оның басты ұйымдастырушысы болған Әлібек Хакім,
Хұсайын Тәйжі, Қарамолла, Хамза және Сұлтаншәріп Тәйжі сияқты
адамдарды кездестіріп, оқиғаның ізі ұмытылмай тұрғанда олардан нақты
деректер жазып алып, қазақ диаспорасының тарихына маңызды үлес қосты.
Диаспора мәселесі туралы шындықты Милтон Дж. Кларк өзінің
«Қазақтар еркіндікке қалай ұмтылды?» атты ғылыми мақаласында жазған.
Бұл еңбектің де құндылығы, өзінің атынан көрініп тұрғандай, қазақтардың
бостандық жолындағы бейнет-қиындықтары жайлы толық мағлұмат
келтіруінде.
Қазақ диаспорасының зерттелуіне үлес қосқан деректер, ол сол өткен
қасіретке толы оқиғаны өз басынан өткерген адамдардың немесе солардың
туған-туыстарының жазып қалдырған естеліктері түрік тілінде мемуарлық
еңбек болып Стамбұлда жарық көруі.
Бұл еңбектер қасиетті жерінен, елінен айырылғандықтан жүректеріне
түскен жазылмас жарадай сезінетін ауыр тағдырлы жандардың жан сыры.
Мұндай еңбектердің бірі – 1976 жылы Хасен Оралтайдың «Түрік қазақтары»
атты түрік тілінде шыққан кітабы. Сол сияқты 1977 жылы Стамбұлда
Хыдырбек Ғаритулланың «Алтайдағы қанды күндер» атты кітабы жарық
көрді. Ал 1981 жылы түрік тілінде шыққан Халифа Алтайдың «Туған жерден
Анадолыға дейін» атты кітабы төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі қазақ
халқының өткен тарихына арналған. Екінші бөлімі халқымыздың
этнографиясына арналса, үшінші, төртінші бөлімдері 1930-1940 жылдардағы
оқиғалардың себеп-салдарларына және Шыңжандағы тарихи оқиғаның орын
алуына, қазақтардың Үндістан жеріне ауып барғаны баяндалады. Мұнда он
екі жыл бойы тұрғаны, Қазақ қауымдастығының құрылуы, оның жұмысының
нәтижесінде Түркия мемлекетіне тұрақты қоныс аударуы туралы жазылған.
Бұдан кейін қазақ диаспорасы және қазақтар туралы монографиялық
еңбектер 1980 жылдан бастап батыс тарихшыларының зерттеулерінен
байқала бастайды. Алайда олар өздерінің еңбектерінде Х.Алтай, Х.Оралтай,
Х.Ғаритулла еңбектерін пайдаланған, мысалы, 1990 жылы Америкада
профессор Линда Бенсонның «Іле көтерілісіне...» байланысты монографиясы
жарық көреді. Еңбек мұрағат материалдарына және жергілікті қазақ-ұйғыр,
дүнген халықтарынан жинастырлыған деректерге сүйене отырып, 1944-1946
жылдардағы оқиғаларда қазақтардың басты рөл атқарғанына баса көңіл
бөлген.
Соңғы жылдарды шашырап кеткен халқымыздың тарихына қазақ
тарихшы ғалымдары көңіл бөле бастады.
3. Қазақ диаспорасының пайда болу тарихы. Қазақтардың басқа
елдерге шашырап кету тарихы XVII ғасырдан-ақ басталады. Әсіресе XVII-
XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы қазақ ирреденталары мен
қазақ диаспорасының бастауына жатады.
1757 жылы Цин өкіметі жоңғарларды біржолата талқандап, олардың қол
астында болған Тарбағатай өңірі, Іленің жоғарғы, Жетісудың солтүстік
аудандарын өзінің жері деп жариялайды. Бұл жағдай көрсетілген жерлерде
ғұмыр кешіп жатқан қазақ ру-тайпаларының Қытайдың Цин өкіметінің қол
астында қалуы жаңа қазақ ирренденталарының немесе диаспорасының пайда
болуын туғызған еді. Мұндай өзі қазақ диаспорасының XVII-XVIII
ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығының әсерінен пайда болғандығын
көрсетеді.
Қазақ диаспорасының пайда болуының екінші кезеңі Орталық Азияда
орыс-қытай мемлекеттік шекарасын анықтау кезіне жатады. Екі ұлы елдің
арасындағы шекараны анықтау үшін бірнеше аса маңызды келісімшарттар
жасалған. Бұл келісімдердің шекаралық шешімдері екі елдің арасында өмір
сүріп жатқан халықтардың ешбір келісімінсіз-ақ қабылданды, Осы
шекаралық бөлініс кезінде қазақтар өмір сүріп жатқан Алтай, Тарбағатай
және Іле өзенінің жоғарғы ағысы Қытай жағында қалып қойған. Тарихи
деректерге қарағанда, осындай жағдайдың әсерінен ХІХ ғасырдың соңында
100 мыңға жуық қазақтар шет елдердің құрамында қалған. Бұл ирреденталар
алғаш Орталық Азияға шашырай бастаған, кейіннен бүкіл дүниенің төрт
бұрышындағы қазақ диаспорасына айналған.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Г.Қозғанбаева. Қазақ диаспорасы қашан, қалай пайда болды? / Қазақ
тарихы. – 1995. - № 5. – 43-49 беттер;
2. Мендикулова Г.М. Исторические судьбы казахской диаспоры.
Происхождение и развитие. - Аламаты: Ғылым, 1997. - 3-13 беттер;
3. Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері.
Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-
сыныбына арналған оқулық. / М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б.
- Өңд., толықт. 2-бас. – Алматы: Мектеп, 2011. – 198-205 беттер.
ІV. Ой толғаныс RF
3 «Эссе».
Эссе
Өткен тақырыптар бойынша өз ойларын еркін білдіретін хат әдісі. Ол
студенттерге өткен тақырыптарға байланысты пайда болған ойларды талдау
үшін және оқытушылардың топтың интеллектуалды дамуын қадағалау үшін
тиімді.
Эссе бағалаудағы рубрикалар:
«5» алу үшін Эссе мына шарттарға лайық болуға тиісті:
1. Бір айтқанды қайталай бермей, мәнділігімен көзге түсуі керек;
2. Дәлелді берілген тезисті қолдаңыз;
3. Сол тезиске қарсы берілген дәлелді есепке алыңыз;
4. Әңгіменің кіріспесі анық, мәтіннен және қорытындыдан тұру керек;
5. Мұқият қатесіз жазылуы керек;
6. Көлемі 2-3 бет болуы керек
«4» алу үшін, Эссе мынадай болуы керек:
1. Бір айтқанды қайталап жаза бермей, мәнділігімен көзге түсуі керек;
2. Дәлелді тезисті қолданыңыз;
3. Әңгіменің кіріспесі, мәтінінен және қорытындылаудан тұру керек;
4. Мұқият қатесіз жазылуы керек;
5. Көлемі 2-3 бет болуы керек.
«3» алу үшін:
1. Тезисі анық (түсінікті) емес;
2. Тезисті қолдайтын себептері жоқ;
3. Әңгіме құрылымының жүйелілігі жетіспейді (кіріспе, мәтін,
қорытындылау);
4. Ұқыпты жазылмаған, грамматикалық және орфографиялық қателері
көп;
5. Көлемі 2-3 беттен аз.
V. «Бағалау парағы».
Оқушылар «Бүгінге дейін тақырып бойынша не білдім?», «Бүгін нені
үйрендім?», «Тақырып бойынша тағы қандай мәліметтер алғым келеді?»
деген сұрақтардан тұратын алдын-ала дайындалған арнайы параққа өз
ойларын жазып, оқытушыға тапсырады.
История - еще материалы к урокам:
- Конспект урока "Япония в 1918 - 1945 гг" 10 класс
- Конспект урока "Эпоха Петра I. Власть и общество" 10 класс
- Презентация "Эпоха Петра I в истории России" 10 класс
- Конспект урока "Феодальная раздробленность на Руси. Русские земли и княжества в XI - первой половине XIII вв" 10 класс
- Конспект урока "Фашизм в Италии и Германии" 10 класс
- Сценарий "Тәуелсіздікке тағзым" 10 класс