Дене шынықтыру пәнінің мазмұны мен құрылымы
Дене шынықтыру пәнінің мазмұны мен құрылымы
Дене тәрбиесі жүйесінің мақсаты мен міндеттері
Дене тәрбиесі жүйесі дегеніміз – әлеуметтік-экономикалық заң-құқықтық, ғылыми-әдістемелік
нормативтік-бағдарламалық негіздердің жиынтығы және республика дене тәрбиесі мен спорт мәселелерін
үйлестіріп, әрі басшылық етіп отыратын ұйымдар мен мекемелер. Дене тәрбиесі жүйесінің басты мақсаты –
күш-қуаты мықты, жан-тәні сау, елімізді қорғауға әзір, шығармашылық жұмысқа құштар, жан-жақты дене
тәрбиесі дайындығынан өткен адамдарды тәрбиелеу. Бұл мақсат төмендегідей жалпы міндеттерге негізделген:
1. Білім беру міндеттері – қимылдың ептілігі мен дағдысын меңгерту және дене тәрбиесі көлемінде
арнайы білім беру.
2. Сауықтыру міндеттері - дене тәрбиесі жаттығуларының көмегімен денсаулықты нығайтады.
3. Тәрбиелік міндеттері – адамгершілік, дене қасиеттерін қалыптастыруға, өнегелі, көркемдік
танымдарды үйренуге негізделген.
Дене тәрбиесінің бұрынғы жүйелеріне тарихи шолу
Біздің дәуірімізге дейінгі (БДД) VI-V ғғ. Қазіргі Қазақстан жерінде тұрып, өмір сүрген біздің арғы ата-
бабаларымыз – сақтардың кезінде өз заманына сай дене тәрбиесі жүйесі болған. Сақтардың дене тәрбиесі
жүйесінің негізі әскери-жауынгерлік және жарыс-сайыс бағытында болды. Ашық аспан астында киіз үйлерде
тұрып, негізгі кәсіптері мал өсіру болған сақтарға кенеттен келген жауларынан отбасын, елін, жерін қорғау
үшін өте сезімтал, күшті, епті, төзімді, батыл болуы керек болды. Сондықтан да олар бала кездерінен атқа
міну, садақ ату, күрес жаттығуларымен айналысқан. Сақтардың балалары 4-5 жастарынан атқа шауып, 7-8
жасынан ат үсті сайыс жаттығуларын үйреніп, меңгере бастаған. Он үш жаста «отау иесі» болатын боз
балалар, ер қаруы бес қаруды еркін меңгерген. Сол кездердегі сақ жауынгерлерінің шабуыл жасайтын
қарулары – айбалта, қылыш; соғатын қарулары – қалқан, сауыт, дулыға, тізелерін, аяқтарын қорғайтын
қалқаншалар болған. Осы аты аталған қару-жарақаттарды соғыста пайдалану, оларды өте жетік меңгеру үшін
сақ жауынгерлері өте көп жаттыққан. Садақ ату, найзамен, ақинақпен сұғу, қылышпен, айбалтамен шабу,
шоқпармен соғу жаттығулары көп рет, әр түрлі жағдайларда қайталана орындалған. Жаудың қаруларынан
жалтару, қалқанды тосу, сақтандыру жаттығулары жетілдірілген. Осы қаруды қолдану жаттығулары жерде, ат
үстінде, атты тізгінін ұстап басқару кезінде орындалған. Соғыс жағдайына жақындатылған жағдайда шауып
келе жатып қарулар қолдану, бірнеше адамдардан қорғану, шабуыл жасау жаттығулары сайыс түрінде
орындалған.
Сол кездерде сақтармен қатар өз жерлерінде өмір сүріп жатқан гректердің «спартандық», «афиндық»
дене тәрбиесі жүйелері болғанын біз білеміз. Сол спартандық құрбылары секілді сақтардың да қыз-
келіншектері де ерлермен бірдей дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысқан, жаумен соғысқан. Сақ
патшайымы Томирис пен оның құрған «Шығыс амазонкалары» әйелдер әскер бөлімі, «Бабыл» Византия
патшасы Кирмен соғыстың шешуші кезеңіндегі жеңісте өте үлкен рөл атқарғаны тарихта белгілі.
БДД II ғ. Шығыс Түркістанда пайда болып, біздің дәуірімізде Қазақстан жерінде қоныстанған ғұндардың
дене тәрбиесі жүйесі сақтардың дене тәрбиесі жүйесіне ұқсас болған. Қылмыс жасап, тәртіп бұзған, ұрлық
жасаған адамдардың беттері тілініп, жазаланған. Ғұндар ат үсті жаттығуларына өте жетік болған, шауып келе
жатқан аттың үстінде ауысып, теріс отыру, тік тұру, жерге секіріп түсіп, қайта отыру, шауып келе жатып
жерден қамшы алу, жамбы атып түсіру секілді жаттығуларды ғұндар өте жетік меңгерген. Осы кездегі Еуропа
цирктеріндегі ат үсті жаттығуларын ғұн дене тәрбиесі жүйесінен алынған деген цирк өнерін зерттеушілердің
дәлелдері бар.
Шыңғысхан құрған «Мың қол» империясы кезінде (XIII-XII) әскери - дене тәрбиесі жүйесі іске
асырылды. Ол кезеңде әрбір ер адам, атымен, қару-жарағымен соғысқа аттануға дайын тұруы керек болды.
Сол кезде «Ерлердің үш ойыны» дене тәрбиесі жүйесі болды. Ол – күрес, садақ ату және атқа шабу спорт
түрлеріне негізделген болатын.
Әмір Темір билігі кезінде (XI ) жеке сайыс, шахмат (шатрантаж) өнерлері дамыды. Темірдің өзі де сайыс
өнеріне жетік, дене қуаты жетілген, шахматты да жақсы ойнайтын адам болған.
XV ғ. бастап Қазақ хандығы кезеңінде дене тәрбиесі жүйесі ұлттық ойындарды және әскери-
жауынгерлік өнерлерді жетілдіру сипатында болды. Сол кезеңде қазақ арасында батырлар, палуандар,
шабандоздар, сал-серілер, ақындар қадірлі болды. Қазақтың ұлттық ойындары – ат бәйгесі, жорға жарыс, күрес
дамыды. Ат үсті ойындары – көкпар, аударыспақ, күміс алу, қыз қуу, шауып келе жатып жамбы ату, ат үсті әр
түрлі жаттығуларын орындау (ат үстінде тік тұра, теріс отыра, ат бауырынан өте, жерге түсе қайта шыға шабу)
өнерлері дамыды. Жәрмеңкелерде, ас беруде, үйлену, сүндет т.б. той-жиындарда осы спорт түрлерінен
жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталып отырылды. Ол жеңімпаздар халық арасында аттары аталып,
аңыз-әңгімелеріне арқау болып, ақындардың өлең-жырларында айтылып, өте жоғары сый-сияпатқа бөленді.
Қазақ хандығының дене тәрбиесі жаттығулары жүйесі тек қана жарыс сипатында ғана емес, күнделікті
тіршіліктерінде де жетілдіріліп отырылды. Күнделікті атқа отыру барысында орындалатын әр түрлі ат үсті
жаттығулары, күнделікті орындалатын бие байлау, бұғалық тастап құлын ұстау, жүгіріп малдарды жаю, мал
қайыру, мал ұстау, аңға шығу, тауда, жазықта жүгіру, кешке ойналатын әр түрлі қазақтың ойындары (ақ сүйек,
арқан тарту, алтыбақан тебу т.б. ойындар), қолдары босағанда күреспен айналысу, садақ ату, қару-жарақ
түрлері жаттығуларын меңгеру жастарды шынықтырады, батырлыққа, батылдыққа тәрбиелейді, дене
қасиеттерін жетілдіреді. Сол кездегі дене тәрбиесі жүйесінің өз заманына сай болғанының дәлелі қазақ
халқының ұлан-байтақ жерді сақтап қалғаны, өздеріндей саны бар, тұрақты әскері бар, темірдей тәртібі бар, бір
орталыққа бағынған жоңғар әскерін, жоңғар елін жеңуі.
XVIII-XIX ғғ. Ресей патшалығына қосылған кезеңдерде қазақ жеріндегі дене тәрбиесі орыс дене тәрбиесі
арқылы түрленіп, күрделілене түсті. Ресей мемлекетінің дене тәрбиесінің негізін қалаған П.Ф. Лесгафт он
алты Еуропа елдерін аралап, дүниежүзі дене тәрбиесі мен спорт жүйелерін орыс жеріне әкелсе, енді сол
классикалық спорт түрлері, дене тәрбиесі жүйелері орыстар арқылы қазақ жеріне тарады.
XX ғ. Кеңес дәуірінің де өзіне тән ерекше социалистік дене тәрбиесі жүйесі болды. Оның бір ерекшелігі
дене тәрбиесі және спорт түрлерімен айналысу тегін, коммерцияланбаған болды. Барлық спорттық
құрылыстар, құрал-жабдықтар мемлекет қарауында, иелігінде жұмыс істеді. Жұмысшы, шаруа, студент,
оқушы, барлық адамдарға спорттық құрлыстардың есігі ашық тұрды. Кеңес Одағының спортшылары соның
арқасында Олимпиада ойындарында, халықаралық жарыстарда басқа мемлекеттің спортшыларын ұтып,
тұрақты жеңімпаздар қатарында болды.
Қазақстан Республикасы егемендігін алып жеке дербес мемлекет болғалы он тоғыз жылда өз
Конституциясы, Ата заңы шығарылып, өзіне тән дене тәрбиесі жүйесі дамыды.
Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі жүйесінің негіздері
Дене тәрбиесі жүйесінің мазмұны қоғамның әлеуметтік-экономикалық, заң-құқықтық, ғылыми-
әдістемелік, бағдарлама-нормативтік және ұйымдастыру негіздерінен көрінеді.
Әлеуметтік-экономикалық негіз. Дене тәрбиесі жүйесі қоғамымыздың басқа әлеуметтік-экономикалық
жүйелерімен, саясатпен, ғылыммен, мәдениетпен тығыз байланысты. Бұл байланыстардың объективті негізі -
дене тәрбиесі жүйесінің қоғамдық өндіріске керектігінде. Жүйе қоғамдық өнім шығармаса да сол ортаға
өндірістік қатынастардың иесі – адам арқылы әсер етеді. Ол адамның әлеуметтік жағдайын қалыптастырып,
қоғамдық қатынастарды жетілдіреді.
Заң-құқықтық негіз. Дене тәрбиесі жүйесі өз жұмысын бағыттайтын құқықтық күші бар, көптеген
нормативтік актілерге сүйенеді. Ол Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясының 23-бабында
нақтылы көрсетілген.
Еліміз егемендігін алған кезеңнен бері дене тәрбиесі мен спортты дамыту туралы көптеген заңдар,
қарарлар қабылданды. Олар:
1. Қазақстан Республикасының 1999 жылы шілде айының 6-жұлдызында қабылданған № 389 – 1 «Білім
туралы» заңы.
2. Қазақстан Үкіметінің 1999 жылы желтоқсан айының 2-жұлдызында қабылданған «Дене шынықтыру
және спорт» туралы заңы.
3. «Дене тәрбиесі мен спортты дамытудың 2005-2011 жж. арналған Мемлекеттік бағдарламасы».
4. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №148 бұйрығымен 11.03.2003 ж. бекітілген
«Дене тәрбиесінің мемлекеттік бағдарламасы».
Дене тәрбиесі жүйесі ғылыми-әдістемелік негізде құрылады. Оның барлық теориялық және іс-
тәжірибиелік жұмыстары ғылыми түрде негізделген.
Дене тәрбиесі жүйесінің құрылу және даму заңдылықтарын қоғамдық, педогогикалық-психологиялық,
әдістемелік-биологиялық ілімдер (дене мәдениеті тарихы, әлеуметтік спорт, гигиена, физиология, спорттық
медицина т.б.), спорттық-педагогикалық пәндер (жеңіл атлетика, шаңғы спорты, гимнастика т.б.) зерттейді.
Осылардың ішінде негізгі орынды дене тәрбиесі және спорттың теориясы мен әдістемесі пәні алады.
Дене тәрбиесі жүйесінің бағдарлама-нормативтік негізіне жататындар:
1. Дене тәрбиесінің мемлекеттік бағдарламасы.
2. Президенттік сынама.
3. Мемлекеттік спорттық классификация.
Дене тәрбиесінің мемелекеттік бағдарламасы барлық оқу-тәрбие орындарында: бала бақшаларда,
жалпы білім беру мектептерінде, жоғарғы оқу орындарында, Республика Қарулы Күштерінде, т.б. оқу
орындарында болады. Бұл бағдарламада дене тәрбиесінің амалдары, жүргізілуі тиіс керек спорт түрлері, оның
негізгі жаттығулары, сынақ түрлері, қалай жұмыс істеу жолдары көрсетілген.
Дене тәрбиесі мен спорт қозғалысында Президенттік сынаманың маңызы өте зор. «Қазақстан
Республикасындағы халықтың дене тәрбиесі даярлығының Президенттік сынамалары туралы» Ереже
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 24 маусымдағы № 774 қаулысымен қабылданды.
Президенттік сынама - бақылау нормалары арқылы халықтың оқуға, еңбекке, әскери қызметке дене
дайындығының жалпы деңгейін анықтайтын, әр түрлі сынақ-жаттығулар жиынтығы.
Президенттік сынамаларда халықтың дене даярлығын – күштілікті, шыдамдылықты, ептілікті,
жылдамдықты көрсететін жеті сынақ түрі қамтылған.
12-ден 23-ке дейінгі жас шамасындағы жастар үшін сынамалар дене даярлығының екі деңгейінен, яки
Президенттік және ұлттық деңгейінен тұрады.
1. Президенттік деңгейі жан-жақты дене қуаты даярлығы бар дені сау адамдар үшін арналған.
2. Ұлттық даярлық деңгейі оқу немесе жұмыс орны бойынша спорттық секцияларда, топтарда,
командаларда, дене тәрбиесі және спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдар үшін арналған.
23 жастан асқан адамдар үшін олардың денсаулық деңгейін анықтайтын Президенттік сынама сынақтары
ретінде, адам организмі қызметін бағалаудың неғұрлым сенімді тәсілі ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау
ұйымы ұсынған 1,5 мильге (2400 м) жүгіру сынағы енгізілген.
Президенттік сынамалар сынақтарының түрлері бойынша жарыстар жалпы білім беретін мектептердің
5,9,11-сыныптарында, кәсіби-техникалық лицейлердің, колледждер мен жоғарғы оқу орындарының соңғы
курсына барар жылы өткізіледі.
Еңбекші жастар үшін сынақтар жас ерекшеліктеріне байланысты өткізіледі.
Президенттік сынамалар нормативтерін тапсыруға дәрігердің рұқсаты бар, спортпен арнайы немесе өз
бетінше айналысып жүрген адамдар жіберіледі.
Президенттік сынамалар сынақтарының түрлері бойынша жарыстарды қалалық, аудандық, облыстық
білім басқармасының дене тәрбиесі бөлімі, туризм және спорт басқармалары бекіткен ережелерге сәйкес әр оқу
орнының, кәсіпорынның дене тәрбиесі мұғалімдерінен, жаттықтырушыларынан, спорт нұсқаушыларынан
құрылған төрешілер алқасы өткізеді.
Президенттік сынамаларды республикада, облыстарда, аудандарда, қалаларда орындау жөніндегі
жұмысқа басшылық және бақылау жасау Қазақстан Республикасының Туризм және спорт басқармалары,
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің дене тәрбиесі орталықтары арқылы жүзеге
асырылады.
Президенттік сынамалар бойынша жарысты ұйымдастыру жауапкершілігі жалпы білім беретін
мектептерде, кәсіби-техникалық мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындары мен кәсіпорындарда -
әкімшілікке жүктелген.
Президенттік сынамалар бойынша негізгі практикалық жұмыстарды орындау оқу орындарында дене
тәрбиесі мұғалімдеріне, медициналық қызметкерлерге, ал кәсіпорындар мен ұйымдарда спорт мамандарына,
спорт жөніндегі нұсқаушыларға, жаттықтырушылар мен медициналық қызметкерлерге жүктелген.
Президенттік сынамаларға кіргізілген сынақтардың түрлері: 60, 100,1000, 2000, 3000 метрге, 1,5 мильге
(2400 м ) жүгіру, тұрған орнынан ұзындыққа секіру, биік белтемірге (турникке) тартылу, шалқалап жатқан
қалыптан кеудені көтеру, мылтық ату, шаңғымен жүгіру, қол добын лақтыру.
Тағы да маңызды нормативтік негіз – спорт классификациясы. Республикалық спорт классификациясы
дегеніміз – спорттың әр түрінен жасөспірімдер разрядынан бастап халықаралық дәрежедегі спорт шебері
атағын беру тәртібі, нормалары, ережелері. Ол спортта жоғары жетістіктерге жетуге, жаттықтырушы жұмысын
жетілдіруге, балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің, олимпиадалық спорт мектептерінің, арнаулы
орта және жоғарғы оқу орындарының, спорт қоғамдарының жұмысын жақсартуға ықпал етіп, Қазақстан
спортының дамуына негіз қалайды. Спорттық классификация КСРО-да 1935 ж. қабылданды. Одан кейінгі
жылдары спорттың даму деңгейіне байланысты өзгертіліп отырылды. Қазақстан Республикасының егеменді ел
болып, тәуелсіздік алуына байланысты, қазір елімізде классификация мазмұны мен құрылымы көп өзгерді, әлі
де жетілдіріліп келеді.
Дене тәрбиесі жүйесі Республикамызда мемлекеттік, қоғамдық және жеке дербес негізде
ұйымдастырылады.
Мемлекеттік ұйымдастыру түрі Қазақстан Республикасының мемлекеті деңгейінде
қаржыландыруымен, жауапты министрліктердің қатысуымен орындалады. Республикамызда дене тәрбиесі
және спорт жұмыстарын басқарып, бағыт беріп отыратын арнаулы мемлекеттік екі министрлік бар. Бірі –
Қазақстан үкіметінің Туризм және спорт министрлігі. Бұл министрлікке республикалық спорт мекемелері,
ұлттық ғылыми іс-тәжірибелік орталығы, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармалары, спорт
мектептері, спорт интернаттары бағынады. Бұл министрлік негізінен жоғары жетістіктер спорты
мәселелерімен айналысады. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстар өткізу,
спортшыларды сол жарыстарға дайындап, қаржыландыру – осы министрлік, мекеме басқармаларының міндеті.
Мемлекетіміздегі Ұлттық Олимпиада Комитетімен бірігіп еліміздің құрама командасын төрт жылда бір
болатын Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына дайындау, қатысу да осы министрлік басқармаларының,
мекемелерінің жұмысы.
Екінші, дене тәрбиесі мен спорт жұмыстарына жауап беретін министрлік – Білім және ғылым
министрлігі. Бұл министрліктің қарауындағы облыстық, қалалық, аудандық білім басқармалары, балалар,
оқушылар, студенттер арасында мектептерде, колледждерде, институттар мен университеттерде жүргізілетін
дене тәрбиесі сабақтары мен барлық спорттық жұмыстарға жауап береді. Дене тәрбиесі сабақтары мектепке
дейінгі балалар мекемелерінде, мектептерде, орта және жоғарғы оқу орындарында және басқа да мемлекеттік,
қоғамдық мекемелерде ұйымдастырылады. Сабақ мемлекеттік бағдарлама, ресми кесте бойынша жүргізіледі.
Ол үшін арнайы уақыт белгіленіп, қаржыландыру мәселесі шешіліп, материалдық база жасалады. Дене
тәрбиесі сабақтары мен спорт түрлерінен жаттығуларды, жарыстарды, басқа да көпшілік спорт жұмыстарын
арнайы мамандандырылған мұғалімдер, оқытушылар, сондай-ақ кәсіби жаттықтырушылар, нұсқаушылар
жүргізеді.
Қоғамдық ұйымдастыру барлық жастағы адамдарды дене тәрбиесі мен неғұрлым көбірек қамтуға
бағытталған. Елімізде көптеген ерікті спорт қоғамдары жұмыс істейді. Ол ерікті спорт қоғамдарында қоғам
мүшелері өздерінің қосатын жарналары мөлшерін белгілеп, басқаратын адамдарын жиналыс негізінде
сайлайды. Қоғамдық ұйымдастыру түрінің ең бастапқы ұйымы – спорт клубы. Бұл ерікті спорт қоғамдары
Кеңес дәуірінен келе жатқан ерікті спорттық қозғалыс түрі. Ол кезеңде республикамызда ауыл-село ерікті
спорт қоғамы «Қайрат», студент жастар қоғамы «Буревестник», т.б. әрбір шаруашылық салаларының ерікті
спорт қоғамдары болған. Қазіргі кезде де осындай қоғамдық спорт қоғамдары жандана бастады. Мысалы, Ішкі
істер министрлігі қызметкерлері үшін құрылған «Динамо» ерікті спорт қоғамы жұмыс істейді, жалпы білім
беретін мектептерде, арнайы орта оқу орындарында оқушылардың ерікті спорт қоғамы «Жастар», ауылдық
жерлерде спорт жұмыстарын ұйымдастыратын «Жігер» құрыла бастады.
Кейінгі жылдары жеке, дербес жаттығу түрінің маңызы артты. Жер-жерлерде жеке меншікті өзін-өзі
қаржыландырған клубтар, тренажер залдары, боулинг, аэробика, шейпинг т.б. денсаулық нығайту, спорт
жаттығулары арқылы халықтың көңілін көтеру, сауықтыру кешендері жұмыс істей бастады. Денсаулықты
сақтауға бағытталған көптеген қозғалыстар, клубтар пайда болды. Бұл – жеке, дербес жаттықтыру түрінің
ерекшелігі, мекемелердің өзін-өздері қаржыландыруларында, жеке меншік түрі екенінде. Жеке адамдардың бір
ғимаратты, спорт зал, бассейнді жеке меншігіне сатып алып, сол жерде өз мүмкіншілігі бойынша
қаржыландырып, спорт түрлерінен жаттықтыру жұмыстарын ұйымдастыруы. Жеке меншік түрі өзін-өзі
қаржыландыратын болғандықтан ол жаттығулар міндетті түрде ақылы болады. Жеке жаттығу ұйымдары әрбір
адамға ұнайтын спорттың түрімен әр түрлі, белгіленген уақытта айналысуына мүмкіндік береді. Мемлекеттік,
қоғамдық және дербес спорттық ұйымдар бірін-бірі толықтырып отырады.
Дене тәрбиесі жүйесінің жұмыс істеу жағдайы материалдық база мен мамандарға көп байланысты.
Дене тәрбиесі мамандарын Алматыдағы Спорт және туризм академиясы, еліміздегі жоғарғы оқу
орындарындағы университеттер мен педагогикалық институттардағы дене тәрбиесі факультеттері, көптеген
арнаулы орта оқу орындарында, колледждерде дайындайды. Арнаулы курстар мен семинарларда қоғамдық
кадрлар (спорт төрешілері мен нұсқаушылары, жаттықтырушылар) білім алады. Жоғары, орта білімді
мамандардың әрбір бес жыл жұмыс істеген мезгілі толған сайын еліміздегі білім көтеру институттары ол
мамандардың білімдерін толықтыру, жаңалықтармен таныстыру, білім деңгейлерін жоғарылату курстарын
өткізіп тұрады. Қазіргі кезде дене тәрбиесі жүйесінің материалдық-техникалық базасы нығайып келеді.
Дене тәрбиесі жүйесінің негізгі бағыттары
Дене тәрбиесі жүйесінің үш бағыты бар:
1. Жалпы дене дайындығы.
2. Кәсіптік-қолданбалы дайындық.
3. Спорттық дайындық.
Жалпы дене дайындығы бағыты денсаулықты нығайтуға, дене қуатын барынша арттыруға, қимыл
ептілігіне дағдылануға, осылардың негізінде арнаулы спорттық дайындыққа ауысуға бағытталған. Жалпы дене
дайындығына әр түрлі дене тәрбиесі амалдары, жаттығулары, табиғаттың табиғи күші және санитарлық-
гигиеналық факторлары жатады.
Кәсіптік-қолданбалы дене тәрбиесі дайындығы дегеніміз – еңбек пен әскери іс-әрекеттерге тікелей
бағытталған дене тәрбиесінің арнайы мамандану үрдісі. Кәсіптік дене тәрбиесі дайындығы тәсілдерін қолдану
еңбекте қимыл ептілігі мен дағдысының қалыптасуын тездетеді, еңбек өнімділігін арттырады, адам ағзасының
сыртқы қоршаған қолайсыз факторларға қарсылығын күшейтеді.
Адамның өзі қалаған спорт түрінен биік жетістіктерге жету жолындағы жаттығуларын,
ізденістері мен талпыныстарын спорт дайындығы дейміз.
Дене тәрбиесі жүйесінің қағидалары
Қағида – бір негізгі мәселенің түпкі, бастапқы қалпы, қандай да бір теория ілімінің, жүйелердің даму
заңдылығы. Дене тәрбиесі жүйесінің қағидаларына мыналар жатады:
1. Адамның жан-жақты үйлесімді даму қағидасы.
2. Дене тәрбиесі қағидасының еңбек ету және Отан қорғау тәжірибесімен үйлесімі.
3. Дене тәрбиесінің денсаулықты нығайту қағидасы.
Адамның жан-жақты үйлесімді даму қағидасы дене тәрбиесі жүйесінде екі бағытқа бөлінген: а) дене
тәрбиесінің басқа еңбек, ақыл-ой, өнегелік, эстетикалық тәрбиелермен тығыз байланыса отырып, жастарды
өнегелікке, тәртіптілікке баулу, зейінділікке, еңбек сүйгіштікті қалыптастыру, адамның көркемдік-әсемдік
танымына көп әсерін тигізу; ә) дене тәрбиесінің әр түрлілігі. Жалпы және арнайы дене дайындығы, дене
қасиеттерін дамыту, қимылдың ептілігі мен дағдысын меңгеру сияқты дене тәрбиесі үрдісінің әр түрлілігі
спортшыларды, жаттығушыларды қызықтырады. Адамның жан-жақты дамуы үшін қимыл шеберлігін
меңгерумен бірге барлық дене қасиеттерін дамытуға ұмтылдырады.
Дене тәрбиесі қағидасының еңбек ету және Отан қорғау тәжірибесімен үйлесуі дене тәрбиесінің
жеткіншек ұрпақты еңбекке және Отан қорғауға баулитын қолданбалы ерекшелігін көрсетеді. Қазіргі таңдағы
азаматтық және әскери мамандық адамның дене қуатының жетілуін талап етеді. Дене тәрбиесі
жаттығуларымен айналысу адамның денсаулығын нығайтып, кең көлемде қимыл ептілігі мен дағысын
меңгеруге көмектеседі, жұмыс істеуге ынтасын арттырады. Дене тәрбиесі және спортпен айналысқан адамдар
игеру кезеңінде, спортпен айналыспаған адамдармен салыстырғанда 1,5-2 есе аз уақыт жұмсайды.
Дене дайындығына, әсіресе, әскерде үлкен мән беріледі. Сарбаздың жауынгерлік қабілеттілігі – оның
жылдам жүгіретініне, төтенше жағдайға бейімділігіне, әскери мамандықты тез меңгеруіне т.б. байланысты.
Сондықтан жалпы білім беретін мектептерде, кәсіптік-техникалық училищелерде, арнаулы білім беру
орындарында жеткіншектерді әскер қатарына шақыруға дейін дайындаған жөн. Әскери мамандықты жақсы
игеру үшін жас кезден бастап ептілікке, жылдамдыққа, шыдамдылыққа т.б. тәрбиелеу керек.
Дене тәрбиесінің денсаулықты нығайту қағидасы. Барлық дене тәрбиесі жаттығулары, сабақтары адам
денсаулығын нығайтуы тиіс. Бұл сабақтардың нәтижелілігі олардың көлемі мен жаттығудың орындау
қарқынына байланысты. Оқытушы өсіп келе жатқан жасөспірім ағзасының биологиялық заңдылықтарын,
адамның жас ерекшеліктері мен барлық мүмкіндіктерін білуі керек, педогогикалық тәсілдерді және дәрігерлік
бақылауды жақсы меңгеруі қажет. Сонда ғана ол денсаулықты нығайту жолында жемісті жұмыс істей алады.
ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ АМАЛДАРЫ
Адамдарды дене тәрбиесі арқылы тәрбиелеу, спорт түрлерімен жаттықтыру, денсаулықтарын нығайту
кездерінде төмендегідей дене тәрбиесі амалдары қолданылады:
1. Дене тәрбиесі жаттығулары.
2. Табиғаттың табиғи күші.
3. Гигиеналық тазалық факторлары.
Дене тәрбиесі жаттығулары негізгі амал болып табылады, өйткені ол білім беру, тәрбиелеу, сауықтыру
секілді дене тәрбиесінің міндеттерін орындайды.Табиғаттың сауықтыру күші мен гигиеналық факторлар дене
тәрбиесінің қосымша тәсілдері – бұлар дене жаттығуларымен бірге қолданылады.
Дене тәрбиесі жаттығулары
Арнайы дене тәрбиесі міндеттерін орындауға арналған, көп рет қайталанған адамның қимылын,
әрекетін дене тәрбиесі жаттығулары дейміз. Қимылдың бәрі емес, тек дене тәрбиесі міндеттерін шешуге
бағытталып, педагогикалық заңдылықтарға бағынған қимыл-қозғалыстар ғана дене тәрбиесі жаттығулары деп
аталады. Дене тәрбиесі міндеттері – жаттығуды орындауды үйрену, жетілдіру, күшті, жылдамдықты дамыту
т.с.с. Кейбір ұқсастықтары болса да дене тәрбиесі жаттығуларын еңбек, тұрмыс-қозғалыстарынан бөліп қарау
керек. Еңбек ету кезіндегі қимыл-қозғалыстар материалдың бағалы заттар шығаруға бағытталған, өнеркәсіп
заңдылықтарына бағынады. Кейбір қимыл-қозғалыстар (мысалы, отырып-тұру) дене тәрбиесі жаттығулары
емес, оның бір ғана негізгі элементі. Дене тәрбиесі жаттығулары – көп рет қайталанатын күрделі құбылыс.
Қазір пайдаланып жүрген дене тәрбиесі жаттығулары өте көп. Олардың мазмұны да әр түрлі. Дене тәрбиесі
жаттығуы негізіне қимыл-қозғалыстармен бірге, адам ағзасында жаттығу жасалып жатқан кезде жүретін
өзгерістер, жаттығудың адамға қандай әсер еткенін көрсететін үрдістер де кіреді.
Бұл әр түрлі күрделі үрдісті біз мынадай тұрғыда қарастырамыз: психологиялық (сезім, ойлау, әрекетінің
өзгерістері); физиологиялық (ағзаның белсенді жұмыс істеу деңгейі, өсуі, қан айналымы, тыныс алу жүйесінің
жақсаруы); биохимиялық (қимылды энергиямен қамтамасыз ету, шөгінділер шығару); педагогикалық (білім
беру, тәрбиелеу міндеттерінің орындалуы т.б.).
Дене тәрбиесі жаттығуларының түрі олардың сыртқы және ішкі құрылысын көрсетеді (құрылымы,
ұйымдастырылуы). Дене тәрбиесі жаттығуларының ішкі құрылысын қарасақ, жаттығу кезінде ағзаның әр түрлі
жұмыс істеу үрдістері бір-бірімен бірігіп, ұйымдаса қимылдап жатады (моторлық және вегетативтік қызмет).
Мысалы, жүгіру кезінде штанга көтеруге қарағанда ағзадағы вегетативтік жүйе басқадай болып өзгереді.
Жаттығулардың сыртқы түрі – ол көрініп тұрған жағы, адамның кеңістіктегі қозғалысын, уақытын,
қозғалыс шамасын көрсетеді. Жаттығулардың түрі мен құрылымы бір-біріне байланысты. Белгілі бір
жаттығуды дұрыс орындау үшін құрылысын өзгертсек, оның формасы, түр қозғалысы да өзгереді (мысалы,
жүгіргенде артатын күш пен шыдамдылық қозғалыс амплитудасына да әсерін тигізеді т.б.).
Жаттығулардың жаттықтыратын әсері күш кезеңі арқылы орындалады.
Тез әсер етуі. Жаттығу жасап жатқан кезде ағзаның функционалдық жұмыс істеу өзгерістері айқын
көріне бастайды. Бұлшық еттердің көлемі үлкейді, жүрек соғу, тыныс алу жиіленеді, ағза қызынады, қызарады,
терлейді т.с.с.
Із қалдыруы. Жаттығу орындалып біткен соң қимыл-әрекетімен пайда болған құбылыс іздері ағзада
жоғалмайды, бірталай уақыт сақталып қалады, шамамен бір, бір жарым тәуліктен артық. Адамның денесі
қызып, қимыл-қозғалысы ширақ болады, асқа тәбеті жақсарады және т.б. Бұрын жаттықпаған адамдардың
бұлшық еттері ауырып, дел-сал болып жүреді.
Бейімделу әсері. Егер қимыл-әрекет алдыңғы қимыл-әрекеттің әсері сақталынып тұрған кезде
қайталанса, мұндай қабаттасу адамды осы қимыл-әрекетке белсенді бейімдейді. Егер ол апта, айларға
созылып жаттыға берсе барлық дене мүшелерінің қызметі жақсарады, денсаулық нығаяды, дене қуаты
қасиеттерінің жұмысқа біліктілігі жоғарылайды, қимыл шеберлігі пайда болады. Адам жаттығу уақыты
келгенде ширығып, белсенділеніп, жаттыққысы келіп тұрады.
Дене тәрбиесі жаттығуларының техникасы
Кез келген жаттығудың екі түрлі техникасын, тәсілін дұрыс немесе тәсілсіз, қате орындауға болады.
Жаттығудың тәсіл техникасы дегеніміз не? Қимыл-әрекетті тиімді жолмен орындау - жаттығудың тәсілі,
техникасы деп аталады. Тиімділік дегеніміз – жаттығудың ағзаға ұтымды әсер етуі (мысалы, күшін өсіру,
бұлшық ет топтарын жаттықтыру) және әрекеттің нәтижелілігі (мысалы, жүгіріп келіп ұзындыққа секіру
жаттығуының техникасын дұрыс орындау кезінде барынша алысқа секіру).
Жаттығуды орындау техникасы әрқашан да дамып отырады. Ескі тәсілдер орнына жаңа, тиімді тәсіл,
жаттығуды орындау техникасы келеді. Бұл құбылыс жаттығуды орындаудың жетілген жолын үздіксіз ізденуге,
үйрену әдістемесінің кемеліне келуіне, осы арқылы күрделі, тиімді жаттығуларды орындауға қол жеткізеді.
Спорт дайындығының деңгейіне қойылатын өскелең талап, жаңа жетілдірілген спорт құрал-жабдықтарының
пайда болуы, ескі тәсілдің орындалуының өзгеруі, жаңа жетілген жаттығу техникаларының пайда болуы.
Мысалы, жүгіріп келіп биіктікке секіру техникасын алсақ, ерте кезде аяқты кезекпен қайшылап секірсе, келе-
келе қырымен келіп аунап секіру, ал қазіргі кезде арқаны бере аунап секіру техникалары өмірге келді. Әрбір
техника түрі ауысқан сайын биіктік кергісі де, әлемдік рекордтар да жоғарылай береді.
Дене тәрбиесі жаттығуларының эталондық орындау тәртіптері бар. Бірақ әрбір спортшы өзінің дене
күшінің мүмкіндігін, психоқимылдық қабілетін ескере отырып, өзіне ғана тән техника қолданады.
Жаттығулардың техникасының өзіне тән бөлімі, бөлшегі болады. Жаттығу техникасының негізі –
спортшының толық жаттығу орындаған қозғалыс суретінен тұрады. Мысалы, жүгіріп келіп ұзындыққа секіруді
алсақ, ол екпіндеп жүгіру, серпін жасау, ұшу, жерге түсу секілді техника бөлшектеріне бөлінеді. Қозғалысты
орындау кезінде ең керекті шешуші техника бөлшегі болады. Мысалы, ұзындыққа секіруде - аяқ күшімен
серпілу. Басқа техника бөлшектері: екпіндеп жүгіру, ұшу, жерге түсу - ол негізгі дене қозғалысына
көмектесетін қосалқы қимылдар. Жаттығуды орындау техникасы үш кезеңге бөлінеді:
Дайындық кезеңі – негізгі қозғалыс әрекетіне жақсы жағдай тудыруға арналған қимыл-қозғалыс.
Негізгі кезең – негізгі мақсатты орындауды шешетін қимыл-қозғалыс. Мысалы, ұзындыққа секіруде
серпілу, ұшу.
Қортынды кезеңі - қозғалыстың аяқталу кезеңі. Мысалы, ұзындыққа секірудегі жерге түсу.
Қозғалыс техникасының сипаттамасы
Қай жаттығудың орындалу техникасын алсақ, олар бір-біріне кеңістік, уақыт, кеңістікті - уақыт және
қозғалыс тәрізді сипаттамаларда болады. Кеңістік сипаттамасына жататындар: дене мен дене мүшелерінің
тұрысы, қалпы, қозғалыс траекториясы. Кеңістіктегі дене тұрысын біз иық және аяқ-жамбас буындарының
орналасу тәртібіне қарай білеміз. Ол тік болуы мүмкін – тік тұру, ілініп тұру (аспа темірде, шығыршықта),
тіреліп тұру (қос сырықта, белтемірде т.б.) немесе көлденең (тепе-теңдік, суда жүзу) және таяну (еденде,
скамейкада тірей сүйену) түрінде де кездеседі.
Дене мүшелерінің бір-біріне үйлесімді орналасуы, жалпы дененің қалпы жаттығуларды орындау
техникасында үлкен рөл атқарады. Тәжірибеде ол үш түрлі жағдайларда кездеседі:
- жаттығудың басында. Жаттығудың басында дұрыс алынған негізгі дене қалпы жаттығуларды орындауда
ең тиімді жағдай жасауға және белгілі бір анатомиялық, физиологиялық тиімді әсерге жетуге көмектеседі.
Мысалы, 100 метрге жүгіру алдындағы төменгі сөреге тұру қалпы, палуанның өз әдісіне керек қалыпты ұстауы
т.б.;
- қозғалыс кезінде. Қозғалыс барысы кезінде керек дене қалпын сақтау спортта көп кездеседі. Мысалы,
конькимен сырғанаушының жартылай отыру қалпы, шаңғышының секіру кезіндегі ұшу қалпы т.б.;
- жаттығуды аяқтағанда керек дене қалпын сақтау. Мысалы, спортшының снарядтағы жаттығуды
орындап болғаннан кейінгі секіріп түсіп, дұрыс дене қалпын сақтауы т.б.
Әрбір қозғалыста ең алдымен қозғалып келе жатқан дененің, дене мүшелерінің траекториясын айыра білу
қажет. Траектория дегеніміз - кеңістіктегі қозғалыс шамасы және қозғалысты елестетудегі дененің
жағдайы. Траекторияға қарап дене мүшелері қозғалысының бағытын, түрін, амплитудасын анықтайды.
Қозғалыс траекториясы түзу сызықты және қисық сызықты болады. 100 метрге жүгіруді – түзу сызықты, ядро
итеруді – қисық сызықты деп шартты түрде айтамыз, өйткені тәжірибе бойынша таза түзу сызықты қозғалыс
жоқ. Олардың ішінде әрқашан да қисық сызықты қозғалыс жүреді (дененің серпілуі, ауырлық нүктесінен
ауытқу амплитудасы т.б.). Жаттығушылардың ағзасына дене тәрбиесі жаттығуларымен тиімді әсер ету және
қозғалыс техникасын жақсы орындау қозғалып келе жатқан дене немесе оның мүшелерінің траекториялық
бағытына байланысты (мысалы, биіктікке секіру үшін спортшылар жерден аяқпен дұрыс серпілу бұрышын,
тиімді қозғалыс бағытын дұрыс анықтай білуі керек).
Қозғалыс бағыттары: жоғары-төмен, алға-артқа, оңға-солға болып бөлінеді. Дене мүшелерінің бір шеткі
қалыптан екінші шеткі қалыпқа дейін жеткізе сілтеген қозғалысын – қозғалыстың амплитудасы дейміз
(мысалы, аяқты алға-артқа сілтеу қозғалысы). Қозғалыс амплитудасы белсенді және енжар болып екіге
бөлінеді. Белсенді қозғалыс амплитудасы – жаттығушының жаттығуды өзінің, өз бұлшық еттерінің күшімен
орындауы. Енжар - серігінің, тренажердің көмегімен орындалатын керілу, созылу икемділік жаттығулары.
Белсенділік амплитудасы енжар амплитудаға қарағанда әрқашан да аз болады.
Уақыт сипаттамасы уақыт ұзақтығы, қарқын және қимыл ырғағы деп бөлінеді. Ұзақтық - әрбір
қозғалысқа кететін уақыт шамасы. Мысалы, 1000 метрге жүгіру. Жаттығу уақытын азайта отырып, оқушы
өзінің шеберлігін арттырады немесе жүктеме көлемін азайтады, көбейтеді. Қарқын – белгілі бір уақытта
қайталана беретін қозғалыс (мысалы, палуанның бір минөттағы қарсыласын лақтыру саны, ескек есушінің
ескекті бір минөтта 40-50 рет есуі т.б.). Қозғалыс қарқынын өзгерте отырып, жүктеме шамасын басқаруға
болады. Уақыт азайса, қозғалыс қарқыны артады, ал уақыт көбейсе, қозғалыс қарқыны азаяды. Уақыт мөлшері
мен қозғалыс бөлімдерінің ұзақтық қатынасын ырғақ деп атаймыз (мысалы, уақыт бойынша шаңғымен
жүгірудегі алма-кезек екі адым әдісінің кезеңдерін өзгерту). Ырғақ тек қана күрделі қозғалыстарда болады.
Баланың жасы ұлғайған сайын, спорттық дайындық деңгейі жоғарылаған сайын өзгеріп отырады (мысалы, аяқ-
қолдың күштері көбейген сайын қозғалыс фазаларына кететін уақыт азайып отырады).
Кеңістікті-уақыт сипаттамасы - жылдамдық және үдеу. Спортшының кеңістікте шапшаң қозғалуын
жылдамдық дейміз. Бір уақыт мөлшерінде спортшының жылдамдығын көбейте, өзгерте қозғалуын үдеу деп
айтамыз. Ол болымды үдеу (мысалы,100 метрге жүгіруде сөреден шыға үдей жүгіріс) және болымсыз үдеу
(мысалы, мәре сызығынан өткеннен кейінгі ақырын жүгіріс) деп аталады. Спортшының кеңістіктегі уақыт
қозғалысын білуі, кеңістік сипаттамасы (мысалы, жүгіргендегі адам ұзындығы) және уақыт сипаттамасының
(мысалы, жүгіру қарқыны) тиімді арақатынасын табуына, жүгіргенде қатты бар мүмкіншілігімен жүгіре
алуына, жақсы көрсеткіш көрсете алуына көмектеседі.
Қозғалыс сипаттамасы. Адамның қозғалу үрдісі кезінде ішкі және сыртқы күштердің бірге жұмыс істеуі
қозғалыс сипаттамасын көрсетеді. Ішкі күштерге жататындар: бұлшық еттердің тартылу, созылу, қарсыласу
күші және қозғалыс кезіндегі пайда болған дене мүшелерінің біріккен күші. Сыртқы күштерге жататындар:
дене мүшелерінің тірелу нүктесі, сыртқы ауырлық, сыртқы ортаның үйкелу және қарсылық күші, басқа жанды-
жансыз денелердің, нәрселердің қозғалып келе жатқан күштері. Дене мүшелерінің тірелу нүктесі – жүгіріп
келіп кергіге, гимнастикалық көпіршеге, сырыққа тіреле секіру, таяқтарды қарға тірей шаңғымен жүгіру, суға
тірей ескек есу т.с.с. Сыртқы ауыр заттар – штанга, батпандар, гирлер, күрестегі манекендер және т.б. сыртқы
ортаның үйкелу және қарсылық күші – су, ауа, қар, құм т.б., бұлар адам жүгіргенде, қозғалғанда үйкеледі,
қарсылық тудырады. Басқа күшке – адамның өз дене салмағының ауырлық күші, басқа да дене күштері
(күрестегі қарсыласының күші т.б.) жатады. Сондықтан да адамның әрбір қимыл-әрекетін өзінің бұлшық етін
тарту, итеру, созылу күшімен бірге сыртқы және ішкі күштерге де байланыстыра қарастыру керек.
Жаттығуларды топтау
Дене тәрбиесі және спорт тәжірибесінде өте көп мөлшерде дене тәрбиесі жаттығулары қолданылады.
Дене жаттығуларының қасиетін танып, оларды тиімді, дұрыс пайдалану үшін оларды топтарға бөле қолдана
білу қажет.
1. Дене тәрбиесі жаттығуларын тарихи қалыптасып қалған белгі бойынша топтау. Бұл белгі бойынша
барлық жаттығулар төрт топқа бөлінеді: а) гимнастикалық жаттығулар (жалпы дамыту жаттығулары,
гимнастикалық снарядтағы жаттығулар т.б.); ә) ойын жаттығулары (ойын кезінде орындалатын қозғалмалы
және спорттық ойындар элементтері); б) туристік жаттығулар (туризмнің әр түрінде кездесетін жүру, атқа міну,
велосипед, шаңғы тебу, қайықта ескек есу т.б.) в) спорттық жаттығулар – спорттың әр түрінде қолданылатын
негізгі жаттығулар (100 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру т.б.).
2. Дене қуатын, қасиеттерін дамыту бағыты бойынша топтау: а) жылдамдық жаттығулары,
жаттығушылардың күштерін дамытатын жаттығулар; ә) төзімділіктің пайда болуына әсер ететін жаттығулар
(ұзақ қашықтықтарға жүгіру, шаңғы тебу т.б.); б) үйлесімді қозғалысты талап ететін жаттығулар (гимнастика
снарядтарындағы жаттығулар, суға секіру т.б.); в) икемділікке арналған жаттығулар (созылу, бүгілу, еңкею
т.б.); г) кешенді қимыл қасиеттерінің (ептілік) пайда болуын талап ететін жаттығулар.
3. Жаттығуларды білім беру мақсатына қарай топтау: а) негізгі жаттығулар. Сабақтың негізгі бөлімінде
өткізілетін, спорт түрлерінің негізгі жаттығулары. Мысалы, волейбол спортындағы допты жоғарыдан,
төменнен алу, ойынға қосу, шабуыл соққысы. Жеңіл атлетикадағы гранат лақтыру, ядро серпу, биіктікке,
ұзындыққа секіру т.с.с.; ә) дайындық жаттығулары. Негізгі жаттығуларды үйренуге керек дене қасиеттерін
дамытатын жаттығулар; б) жанама жаттығулар – негізгі жаттығуларды үйрететін, оңайлататын техника
негізіне ұқсас қимыл-әрекеттер (мысалы, ұзындыққа жүгіріп келіп секіруге бейімдейтін жаттығулар – бір-үш
адымдап келіп ұзындыққа секіру).
4. Дененің бұлшық еттерін дамытатын жаттығулар. Қолдың бұлшық еттеріне, кеуде бұлшық еттеріне, аяқ,
іштің бұлшық еттеріне арналған жаттығулар.
5. Қозғалыс құрылымына байланысты қатысты жаттығулар: а) циклді жаттығулар (жүру, жүгіру, ескек
есу т.б.); ә) ациклді жаттығулар (снарядтағы гимнастика, жеке сайыс т.б.); б) аралас жаттығулар (циклді,
ациклді жаттығулары бар спорт ойындары).
6. Жаттығуларды күш қарқынына қарай топтау: а) өте жоғары қарқынмен орындалатын жаттығулар (20
секөнд аралығында орындалады); ә) жоғары қарқынмен орындалатын жаттығулар (20 секөндтан 5 минөтқа
дейін); б) күшті қарқынмен орындалатын жаттығулар (5 минөттан 30 минөтқа дейін); в) қалыпты қарқынмен
орындалатын жаттығулар (30 минөттан көбірек).
Дене тәрбиесі жаттығуларының
адам ағзасына әсерін анықтайтын себептер
Жаттығулардың адам ағзасына әсер етуі әр түрлі себептерге байланысты:
1. Оқыту, үйрету үрдісі екі жақты – ұстаз оқытады, оқушылар үйренеді. Сондықтан жаттығулардың әсер
етуі ұстаз өнегесіне, білім деңгейіне, қимыл шеберлігіне, дене қуатына, сондай-ақ, оқытушы мен оқушының
белсінділігі мен ынтасына байланысты.
2. Ғылыми себептер – адамның дене тәрбиесі заңдылықтарын ғылыми деңгейде түсінуі, білуі.
3. Әдістемелік себептер – жаттығуларды орындау кезінде ескеретін көптеген әдістемелік талаптар.
Жаттығулардың күшті әсері осы әдістемелік талаптарды орындап, дұрыс пайдалануына байланысты.
Олар: жаттығуларды орындау уақыты, орындау қарқыны, жаттығуларды орындау саны, аралық тынығу
уақыты, қайталау арасындағы тынығу уақыты, демалыс түрі.
4. Санитарлық-гигиеналық себептер. Дене тәрбиесі жаттығулары адам ағзасына тиімді әсер ету үшін
тамақтану, демалу, жұмыс істеу тәртібін сақтап, жаттығатын орынды, спорт залды санитарлық нормада ұстау.
5. Метеорологиялық себептер (ауа температурасы, ылғалдылығы, жел күші т.б.).
6. Материалдық себептер. Дене тәрбиесі жаттығуларын қамтамасыз ететін спорт ғимараттары,
жабдықтар, снарядтар, спорттық құрал-жабдықтар, спорт киімдері т.б.
Табиғаттың табиғи сауықтыру күштері мен
гигиеналық факторлар – дене тәрбиесінің қосымша амалдары
Табиғи күштер (күннің қызуы, судың, ауаның температурасы, атмосфераның қысымы т.б.) денсаулықты
нығайтуға, шынықтыруға, жұмыс қабілетін өсіруге, жаттығуларды тиімді пайдалануға көмегін тигізетін дене
тәрбиесінің қосымша амалдары болып есептеледі.
Дене тәрбиесі үрдісінде табиғи күштер жаттығуларды қолайлы жағдайда орындау бағытында
пайдаланылады. Еңбек және оқу тәртібінде бұл процедураларды тиімді пайдаланса, белсенді демалысқа немесе
шаршаған ағзаны қалпына келтіруге қол жетеді.
Дене тәрбиесінің бір қосымша амалы – гигиеналық факторлар. Бұл амалдың тәсілдерін екі топқа бөлуге
болады.
1. Дене тәрбиесі үрдісіне кірмейтін тәсілдер. Олар: еңбек гигиенасы, тамақтану, демалыс режімдері, яғни
дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысуға толық мүмкіндік беретін жағдайлар.
2. Дене тәрбиесі үрдісіне кіретін тәсілдер. Бұған марафонды жүгіру кезіндегі арнайы тамақ беру, жаттығу
кезінде жайлы жағдай туғызу (ауа тазалығы, жақсы жарық беру т.б.) ағзаны тез қалыпқа келтірудің гигиеналық
тәсілдері (ауаны аэронизациялау, ауа – температура ортасы) жатады.
Ауа – температура ортасы. Оларға жүзу бассейндері, су бүркетін себез қондырғылары, ванналар,
монша, сауна, термокамерлер жатады.
Ауаны аэронизациялау – спортшылар дем алып жатқан жердің ауасына қосымша оттегі жіберу. Бұлардың
бәрі спортшылардың көңіл-күйлерін көтеріп, бойын сергітеді.
ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ ӘДІСТЕРІ
Терминдер мен түсініктер
Дене тәрбиесінің тәжірибесінде әдістер қаншама көп болғанмен, оның бәрі жан-жақты пайдаланыла
бермейді. Сондықтан олардың анықтамаларын білу, біздің дұрыс бағыт алуымызға, әр түрлі міндеттерді
орындауға тиімді әдістерді таңдауымызға көмектеседі. Әр түрлі жаттығушылар тобымен әр қилы жағдайда
белгілі бір міндеттер орындау үшін дене тәрбиесі жаттығуларын қолдану, пайдалану жолын дене
тәрбиесінің әдістері дейміз. Мысалы, қайталау әдісі, үйрету әдісі. Әрбір әдіс өзінің құрамына кіретін
әдістемелік тәсілдердің көмегімен жүзеге асырылады. Нақтылы үйрету міндетіне сәйкес жаттығуларды
орындауды әдістемелік тәсіл дейміз. Мысалы, үйрету әдісінің көрсету тәсілдері: жаттығуларды айла-
тәсілмен көрсету, керекті қарқынды түрде немесе баяу қарқында көрсету т.б. Әдістемелік тәсілдер көп.
Олардың бірі ескіріп, жоғалып жатса, екіншісі өзгеріп, ал келесі біреулері мұғалімнің ізденісімен өмірге келіп
жатады. Сабақ беру деңгейінің әр түрлілігі мұғалімнің осы әдістемелік тәсілдерді көп білуіне, кеңінен
қолдануына байланысты.
«Әдіс» деген түсініктен біз «әдістеме» түсінігін ажырата білуіміз керек. Әдістеме деп дене тәрбиесі
үрдісінде белгілі бір нәтижеге жету жолына бағытталған амалдар мен әдістер жүйесін айтады.
Дене тәрбиесінің барлық әдістері арнайы (тек қана дене тәрбиесі процесіне тән) және жалпы
(дидактикалық білім беру және тәрбие бағытында қолданылатын) болып екі топқа бөлінеді.
Дене тәрбиесінің арнайы әдістері: а) қатаң шектелген жаттығулар әдістері; ә) ойын әдісі; б) жарыс әдісі.
Дене тәрбиесінің жалпы әдістері: а) сөзді қолдану әдістері; ә) көрнекілікті қолдану әдістері.
Ойын және жарыс әдісі
Ойын әдісі
Дене тәрбиесі үрдісінде спорттық және қозғалмалы ойындардың элементтерін қолдану – ойын әдісі деп
аталады. Ойын әдісінің мынандай өзіне тән ерекшеліктері мен белгілері бар:
1. Белгілі бір мақсатқа (жеңіске) жету үшін ойынның жоспары және тәртібі арқылы ойнаушыларды
ұйымдастыру.
2. Ойын әрекеттері кезінде ойнаушылардың бәсекелестік, жеңіске деген ұмтылысының, көңіл-күйлерінің
көтерілуі.
3. Ойын барысында жаттығушылардың өз бетімен қимыл-әрекет жасауға шешім қабылдауы (ойынға
қатысушы жүгірудің, секірудің, лақтырудың жолын өзі таңдайды).
4. Қимыл-әрекеттердің алуан түрлілігі, олардың ойын барысында, әр түрлі жаттығуларда кенеттен пайда
болуы.
5. Ойын барысындағы ойынға қатысушылардың әр түрлі қарым-қатынастары.
Ойын әдісінің көмегімен дене қасиеттерін (күш, төзімділік, шапшаңдық, ептілік) кешенді дамытуға,
бұрын үйренген қимылдарды жетілдіру және оқушылардың өзіндік қасиеттерін тәрбиелеуге (батылдық,
тапқырлық, ұйымдастырушылық, өз бетімен шешім қабылдаушылық), бұдан басқа да көптеген мақсаттарды
жүзеге асыруға болады. Жаттығуларды ойын әдісімен жүргізу оқушыларды қызықтырып, жақсы әсер
қалдырады, бірқалыптылықтан құтқарады. Ойын әдісінің бір кемшілігі, жүктеме мөлшерін дәл біле
алмайтынымыз.
Жалпы
Арнайы
Қатаң
шек-ген
жаттығу
әдістері
Ойын
әдісі
Жарыс
әдісі
Сөз қолдану
әдістері
Үйрету әдістері
Дене қуатының қасиетін
дамыту әдістері
Тұтас
үйрету
Көрнекі
қолдану
әдістері
Бөлшектеп
үйрету
Бірқалыпты
орындау
әдісі
Өзгермелі
орындау
әдісі
Қайталап
орындау
әдісі
Аралық
орындау
әдісі
Шеңберлі
орындау
әдісі
Жарыс әдісі
Дене тәрбиесі жаттығуларын жарыс, бәсеке түрінде орындауды жарыс әдісі дейміз. Жарыс әдісінің ең
негізгі белгісі – біріншілікте қарсыласыңды, команданы, топты жеңу үшін бәсекелесу, күрес, күш сынасу
жағдайында жоғарғы көрсеткіштерге жету. Бұл әдіс әр түрлі мақсаттарды орындауға пайдаланылады. Мысалы,
адамгершілік, жігерлілік, дене қасиеттерін тәрбиелеу, күрделі жағдайда қимылдың ептілігі мен дағдысын
жетілдіру. Жарыс әдісі адам ағзасының мүмкіншіліктеріне жоғарғы талаптар қояды да, оның ары қарай тез
дамуына ықпал етеді. Бұл жарыс әдісінің міндетті түрде орындалуы үшін керекті шарт: жарыс, бәсеке
жаттығуларына оқушылар өте жақсы дайындықпен келулері керек, ол болмаса берілетін үлкен қарқынды
жүктемелер олардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар бұл әдіс оқушылардан жаттығуды орындау кезінде пайда болатын міндетке өз шешімін
тез қабылдауын талап етеді (өйткені, мұғалімнің, жаттықтырушының ақыл-кеңесін жарыс кезінде ести қою
мүмкіндігі өте аз).
Қатаң шектелген жаттығу әдістері
Жаттығу кезінде көп қайталанатын жүктеме мен тынығуды алмастыра орындайтын қимыл-әрекетте
қатаң шектелген жаттығу әдістерін пайдалану көптеген мүмкіншіліктерге қол жеткізеді:
1. Жүктеме көлемін қатаң мөлшерлеуге. Бұл әдісті қолдану кезінде жүктемені ең төменгі шамаға дейін
жоғарылатып, басқаруға болады.
2 Әр түрлі дене қуатының қасиетін дамыту және жаттығу арқылы жеке дене мүшелеріне әсер ету.
3. Дене тәрбиесі үрдісінде жеке үйретуді пайдалану.
4. Кез келген күрделі жаттығуларға үйрету.
5. Дене тәрбиесі жаттығуларын әр түрлі жастағы адамдар арасындағы сабақ, жаттықтыру кездерінде
пайдалану мүмкіншілігі. Біз осы әдістің көмегімен жаттығуларды жас балалардан бастап егде жастағы
адамдарға дейін қолдана аламыз.
Қатаң шектелген жаттығу әдістері екі топқа бөлінеді: а) қимыл-әрекетке үйрету; ә) дене қасиеттерін
жетілдіру.
Қимыл-әрекетке үйрету әдістері
Қимыл-әрекеттердің күрделілігіне қарай тұтас та, бөлшектеп те үйретуге болады.
Тұтас үйрету әдісі жаттығуларды бөлшектемей толық үйрету кезінде мынадай жағдайларда қолданылады.
- қарапайым қимыл-әрекетке үйрету кезінде;
- дене қуаты және техникалық дайындығы жоғары оқушылармен жүргізілетін жаттығу сабақтарында;
- қимыл-әрекетті бөлшектеп үйретуге болмайтын, бөлшектесе техника негізінің сапасы болмайтын
жағдайда;
- бұрын үйренген жаттығуларды жетілдіруде.
Жаттығуларды бөлшектеп үйрету әдісі кезінде қимыл-әрекетті бөлшектеп жеке-жеке меңгеріп, сонан соң
бәрін қосып толық қайталайды. (Мысалы, гимнастика сабағындағы алға аунап түсу, басқа тұру, жанға айналу
жаттығуларының техникасын жеке-жеке үйреніп, меңгергеннен кейін толық қайталау және т.б.).
Күрделі қозғалыс техникасын үйренуді жетілдіруге жақындататын жаттығулар қолданылады. Мұндай
жаттығулардың техникасы негізгі, күрделі жаттығудың бөлшектеріне ұқсас болып келеді. Бұл жаттығулар
біртұтас түрде, оқушыларға түсінікті және қолайлы болуы керек.
Дене қасиеттерін дамыту әдістері
Дене қасиеттерін дамытуға бағытталған қатаң шектелген жаттығулар әдістері әр түрлі формадағы
жүктеме мен тынығудың түрлерін ұштастыру мүмкіндігіне байланысты қолданылады. Жүктеме дегеніміз –
дене тәрбиесі жаттығуларымен адам ағзасына әр түрлі көлемде әсер ету. Жүктеменің шамасы оның
қарқындылығы мен көлеміне байланысты. Жүктеменің көлемі – орындалған дене қуаты жұмысының саны
(мысалы, 10 минөттық жүгіру, жаттығуды қайталау саны т.б.).
Жүктеме қарқындылығы - ол белгілі бір уақытта дене тәрбиесі жаттығуларын қарқынды, тездете
орындау. Жүктеменің ішкі және сыртқы қарқынды көрсеткіштері болады. Сыртқы көрсеткіш – қозғалыс
жылдамдығы (жүгіру, шаңғы жарысы, суда жүзу т.с.с.), спорт ойындарындағы ойын қарқыны т.б.
Қарқындылықтың ішкі көрсеткіштері – жүректің соғу жиілігі, белгілі бір уақытта күш жұмсау өлшемі. Адам
ағзасына әсер ету көлеміне байланысты жүктеме:
- кіші (жүректің минөтына 130 ретке дейін соғуы);
- орта (жүректің минөтына 131-155 рет соғуы);
- үлкен (жүректің минөтына 156-175 рет соғуы);
- жоғары (жүректің минөтына 176-190 рет соғуы);
- өте жоғары (жүректің минөтына 190-нан көп рет соғуы) болып бөлінеді.
Спортшының жаттығуларды орындау, жұмыс істеу қарқынына байланысты жүктеме бірқалыпты және
ауыспалы болып келеді. Бірқалыпты жүктеме – ол спортшының белгілі бір уақытта жаттығуды орындаудағы
қарқындылығының өзгеруі (ол жоғары немесе төмен болып өзгеруі мүмкін). Жүктеме әрқашан да тынығумен
кезектесіп отыру керек.
Тынығу аралықтарының үш түрі бар. Олар: қарпайым, қатаң шектеулі және төтенше.
1. Қарапайым немесе толық тынығу аралығы деп бір жаттығуды орындап болып келесі қайталанар
жүктеменің алдында ағзаның жұмыс қабілетінің толық бастапқы қалыпқа келуін айтамыз. Толық қалпына
келуін тамыр соғысын есептеу арқылы анықтаймыз. Мысалы, жаттығу орындағаннан кейін ЖСЖ 180 соғу /
мин, толық қалпына келуі 60 соғу/мин.
2. Қатаң тынығу аралығы дегеніміз - бір жаттығуды орындап болып, келесі қайталанар жүктеме
жаттығушының ағзасының жұмыс қабілетінің толық бастапқы қалпына келмеген кезде қайталануы.
3. Төтенше тынығу аралығы дегеніміз – келесі жүктеме ағзаның жұмыс қабілетінің көтерілген кезіне,
жаттығушының өзіндік дайындық ниетінің толық көрінген кезіне тап келуі. Мазмұны жағынан тынығу бәсең
(қозғалмай жату, бұлшық еттердің белсенді қызмет етпеуі) және белсенді болып екіге бөлінеді. Белсенді
тынығу – спортшының алдыңғы жаттығуға қарағанда қарқыны аз түріне көшуі (мысалы, жүгіруден соң ақырын
жүру).
Дене қасиеттерін дамыту үшін мынандай әдістер қолданылады:
Бірқалыпты орындау (стандартты) әдісі. Бұл әдіс жаттығуларды үзбей, ұзақ уақытта, бір қарқында
орындауды талап етеді (мысалы, ұзақ уақыт бірқалыпты жүгіру, жүзу, ескек есу және т.б.). Жүктеме бұл кезде
жоғары деңгейдің 70 пайызынан аспауы керек, жүрек соғуының жиілігі минөтына 130-150 рет). Ұзақ уақыт
бірқалыпты істелген жұмыс жүрек-қан тамыры және тыныс алу жүйелерін нығайтып, ағзаның жалпы
төзімділігін дамытады.
Өзгермелі орындау әдісі. Бұл әдісте жүктеме қарқыны жаттығуды орындау кезінде өзгеріп отырады
(мысалы, 400 метр қашықтыққа жүгіруде жылдамдық - бірінші 100 метр жүгірген кезде 1/2 жартылай күшпен,
екінші, 100 метрде қатты қарқында, үшінші 100 метрде – еркін, төртінші 100 метрде 3/4 күшпен орындалып
отырылады). Жүктеме бұл жүгіру кездерінде кіші жүктемеден үлкенге және керісінше өзгеріп отырады.
Өзгермелі орындау әдісінің көмегімен біз жалпы төзімділікті және жылдамдық төзімділігін дамытамыз,
спортшыларды жігерлілікке тәрбиелейміз.
Қайталап орындау әдісі. Бұл әдіс кезінде жаттығу көп қайталанады, аралықтағы тынығуда ағза толық
бастапқы қалпына келуі қажет (мысалы, қысқа қашықтыққа өте жоғары жылдамдықпен қайталап жүгірген
кезде, аралық тынығу толық болуы қажет). Қайталап орындау әдісі күшті, жылдамдықты және күш
жылдамдығын, жылдамдық төзімділігін дамытады.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде қайталап орындау әдісінің түрлері кездеседі. Мысалы, циклді жаттығуларды
орындау кезінде мынадай түрлер жиі кездеседі:
- тұрақты бірдей қашықтықтарға жүгіру (7 х 100 м);
- біртіндеп ұзартылып отырылған қашықтыққа жүгіру (200х400х600х800);
- біртіндеп қысқартылған қашықтыққа жүгіру (800х600х400х200);
- біртіндеп ұзартылған, сонан соң біртіндеп қысқартылған қашықтыққа жүгіру
(200х400х600х800х600х400х200).
Аралық орындау әдісі. Бұл әдістің мәнісі көп рет қайталанған жаттығудың орындау қарқыны жоғары
(минөтына 160-180 рет жүрек соғу жиілігі) және тынығу аралығы қатаң болуында. Жаттығуды орындаған соң
тынығу кезінде жүрек соғысы минөтына 120-140 ретке жеткенге дейін созылады да, сонан соң жаттығу
қайталанады. Әрбір жаңа жүктеме ағза толық бастапқы қалпына келмеген кезде беріледі. Тынығу белсенді
немесе бәсең болуы мүмкін, жаттығу тізбекпен орындалады (мысалы, 7х200). Бұл әдістің көмегімен аз
мерзімде жалпы және арнайы төзімділік қасиетін дамытуға болады.
Жоғарыда аталған әдістер дене тәрбиесі тәжірибесінде жеке ғана емес, топтастырыла, жіктестіріле
қолданылады (мысалы, бірқалыпты аралық жаттығулар әдісі, өзгермелі-аралық жаттығулар әдісі т.б.). Осындай
әдістерді топтастыру тәсілдері ағзаның функционалды мүмкіндіктерінің өсуіне тиімді әсер етеді және кең
көлемде дене қасиеттерін дамытады.
Айналмалы орындау әдісі. Спорт зал мен спорт алаңдарында шеңбер бойынша орналасқан
«бекеттерде» жаттығуларды шеңбер бойымен айналып жүріп орындау айналмалы орындау әдісі деп аталады.
«Бекеттерде» (саны 6-10 болуы мүмкін) қарапайым, үйренген бір жаттығу орындалады (мысалы,
штанганы иықта ұстап отырып, тұру, белтемірде тартылу және т.б.). Жаттығуды орындау саны әрбір
«бекетте» жеке белгіленеді. Бір сабақта «шеңберді» бір реттен үш ретке дейін тынықпай немесе тынығу
аралығымен өтуге болады. Бір айналып жаттығуды орындау уақытын, тынығудың аралық уақытын, жаттығуды
қайталау санын мөлшерлеп белгілеу қажет. Шеңберлі орындау әдісінің бірнеше түрі бар:
1. Жаттығуларды ұзақ, үзбей орындау. Сабақ тынығусыз, шеңбер бойынша бірден үш ретке дейін
қайталана орындалады. Сабақ міндеті – жалпы және арнайы төзімділікті дамытады.
2. Аралық орындау әдісі бойынша. Жаттығуларды орындау аралығында тынығу қатаң аралықты
сақтауға, күш және жылдамдық, күш төзімділігін тәрбиелеуге қолданылады.
3. Бірқалыпты орындау әдісі бойынша. Тынығу аралығы толық. Күшті және жылдамдықты тәрбиелеуге
қолданылады.
Шеңберлі жаттығу әдісін қолданар алдында жаттығуларды топтап, жүйелеп алады, «бекеттердің»
орындары, жаттығуларды орындау мөлшері белгіленеді.
Дене тәрбиесінің жалпы әдістері
Сөзді қолдану әдісі. Қозғалысқа үйрету үрдісінде, дене қасиеттерін тәрбиелеуде сөзді қолдану әдісінсіз
табысқа жету мүмкін емес. Сөзді қолдану әдісі үш топқа бөлінеді:
1. Баяндау, әңгімелесу, түсіндіру әдістері. Бұл әдістерді қолдану кезінде сөз оқушыларға білім беру
мақсатында пайдаланылады.
2. Бұйрық беру, тапсырма, нұсқау беру әдістері. Бұл әдістер жаттығушылардың әрекеттерін басқаруға
пайдаланылады.
3. Талдау, бағалау әдістері. Бұл әдістер жаттығушылардың әрекетін талдауға, баға беруге арналған.
Енді осы әдістердің маңызына және оларды қолдану ерекшеліктеріне тоқталайық.
Баяндау теориялық бір түсінікті айтуға, ойын кезіндегі қозғалыс әрекетін түсіндіруге, спорттық
жаңалықтарды хабарлауға пайданылады. Оқушыларды жаттығуды орындау техникасымен таныстыруға
түсіндіру әдісі қолданылады. Оқушылардың білімін, бір нәрсеге құштарлығын білу, ойлау қабілетін дамыту,
белсенділігін артыру үшін әңгімелеу әдісі қолданылады.
Қысқа, бұйрықты раймен белгілі бір істің, қимылдың бұлжытпай орындалуын талап ете сөйлеу түрін
бұйрық беру әдісі дейміз. Бұйрық саптық (әскери) және төрешілдік (сөреден жүгіру кезіндегі бұйрықтар,
төрешілердің бұйрық сөздері) болып бөлінеді. Бұйрық көп адамдар қатысатын әрекеттерді ұйымдастыруда
қолданылады. Мысалы, жаттығуды орындауға берілетін бұйрықтар, жаттығушылардың саптағы әр түрлі
қозғалыстарын басқаруға берілетін бұйрықтар т.б.
Сабақ алдында немесе сабақ кезінде кейбір жеке міндеттер қою тапсырма әдісінің қызметіне жатады.
Қысқаша айтылып, бұлжытпай орындауды талап ететін сөз әсерін нұсқау беру деп атаймыз. Бұл әдіс
көбінесе қозғалысты үйретуде қолданылады. «Жылдамдат», «тездет», «асықпа», «еркін жүр», «тізені бүкпе»,
«шынтақты түсірме» т.с.с. нұсқаулармен мұғалім қимыл-қозғалысты басқарып отырады. Белгілі бір тапсырма
орындалған соң (сынаманы, ойын) талдау жасалады. Талдау әдісінің көмегімен қателер, оларды түзету
жолдары көрсетіледі, келешектегі оқу-дайындық әрекетінің сипаты, бағыты белгіленеді. Қимыл-әрекет
орындалып болғаннан соң, оған «жақсы», «орташа», «жаман» деген ауызша баға беріледі. Сабақ аяғында
оқушылардың жаттығулар техникасын, сынақ жаттығуларын орындағаны бағаланады, баға қойылады. Осы
жұмыстар бағалау әдістері көмегімен орындалады.
Көрнекі ықпал ету әдісі. Бұл әдістер жиынтығы көру, есту және үйренетін жаттығудың қимылын
қабылдауды қамтамасыз етеді де, үш топқа бөлінеді:
1. Көру көрнекілігі әдістері.
2. Есту көрнекілігі.
3. Қимыл көрнекілігі әдістері.
Көру көрнекілігі әдістеріне жататындар:
Үйренетін қозғалысты мұғалімнің немесе мұғалімнің тапсырмасымен оқушының көрсетуі.
Көрсету кезінде мұғалім мынандай әдістемелік талаптарды басшылыққа алу керек:
- көрсетудің мазмұны сөзді қолдану әдісімен қатар жүруі тиіс;
- көрсетудің мазмұны, үйретудің мақсатына сәйкес келуі қажет;
а) бірінші рет жаттығу тәсілін көрсеткенде ол стандартты түрде, оқушыларға түсінікті деңгейде толық
орындалуы керек; ә) үйрету кезінде оқушылар қиын элементтерді жақсы игеру үшін қозғалыс толық немесе
бөлшектеліп, ақырын өз қарқынында немесе баяу қарқында көрсетіледі; б) жетілдіру кезеңінде оқытушы
жаттығуды жоғары дәрежедегі спорт шеберлері орындағандай көрсетуі керек, ол оқушыларды ынталандырады,
сол деңгейде орындауға ұмтылдырады;
- жаттықтырушы жаттығуды көрсеткенде спорт залдың, алаңның ең қолайлы, оқушылардың бәріне
көрінетін, өзі де жаттығудың орындалуын бақылай алатын жерді таңдап алуы керек;
- қарапайым, жалпы жетілдіру жаттығуларын көрсеткенде «айнадан көру тәсілін» қолданған жөн;
- оқытушы көрсетуді өзі орындай алмайтын жағдайда: а) денсаулығына байланысты; ә) көрсету кезінде
дененің қалпы жаттығуды түсіндіруге ыңғайсыз болса (мысалы, баспен төмен қарап тұрса), б) жаттығуды
орындағанда мүмкін болатын қателіктерді оқушының өзі арқылы көрсету керек болса, көрсетуді жақсы
дайындығы бар оқушыға тапсыруға болады.
Көрнекі құралдарды көрсету. Жаттығуларды бөлшектеп қарауда оның орындалу тәсілін түсіндіруде
көрнекі құралдар, суреттер, плакаттар, фото, кино, бейне көріністер үлкен рөл атқарады (дене қалпы,
статикалық дене тұрысы, т.с.с).
Суреттеме-тақтаға немесе қағазға жаттығудың орындалу схемасын оқушының түсіруі. Оқытушы
сол суреттеме арқылы оқушының жаттығуды орындауды қалай түсінгенін біледі. Сонымен қатар кино және
бейне магнитофон таспаларында жазып алынған жаттығуды көрсету арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуге
болады, өйткені ол қозғалысты әр қырынан көрсетіп, тәсілдің барлық бөлшектерін анықтап түсінуге мүмкіндік
береді.
Дыбыс және жарық белгілері. Жаттығудың басталуы мен аяқталуын есту және көру (сөрелік
тапаншамен ату, мәреден жүгіріп өткен спортшыларды фотоға түсіру т.с.с.), ырғақ, амплитуда, қарқын,
жаттығуға жұмсаған күш мөлшері уақытын метроном көмегімен өлшеу, суда жүзу жолдарын көрсететін түрлі-
түсті жарық белгілері, жалаулар осылардың бәрі жаттығуды дұрыс, ынталы орындауға көмектеседі.
Қимыл-көрнекілігі әдісі екі түрде орындалады: 1) Қозғалыс туғызатын дене мүшелерінің ықпалы
арқылы оқушыларға сезіндіру (мысалы, конькимен жүгірушінің жартылай отыруын орындауды сезіну); 2)
Қозғалысты еріксіз орындату (мысалы, допты немесе гранатты лақтыру кезіндегі қолдың атқаратын жұмысын
оқытушы ұстап, орындатып көрсетеді), тренажерларды қолдану, олар арқылы керек қозғалысты орындатып
сезіну, жаттығуды дұрыс орындау.
Тез хабарлау әдісі. Бұл әдіс кезінде техникалық құрал-жабдықтар (бейне таспа, дыбыс лидері) және
көмекші құралдар (мысалы, айна арқылы оқытушы мен оқушы қозғалысты орындау сипаттамасы туралы тез
мағлұмат алады және қателерін жылдам түзетіп отырады.
ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
Қозғалыс шеберлігі мен дағдысын қалыптастыру, дене қасиеттерін тәрбиелеу жалпы заңдылықтарға
бағынады, ол әдістемеде қағидалар деп аталады. Қағидаларда жазылмаған, бірақ орындалуы керек
заңдылықтар деп айтуға да болады. Қағидаларды білу, оларды тәжірибеде қолдану дене тәрбиесі үрдісін
жетілдіреді. Дене тәрбиесі үрдісінде төмендегідей әдістемелік қағидалар кең қолданылады:
1. Саналылық және белсенділік.
2. Көрнекілік.
3. Жүйелілік.
4. Біртіндеушілік.
5. Реттілік.
6. Даралық.
Саналылық және белсенділік қағидасы
Бұл қағиданың мақсаты – дене тәрбиесі үрдісі кезінде жаттығушылардың дене тәрбиесі мен спорт
әрекеттерін саналы түсінуін, тұрақты ынтығушылық, қызығушылық қалыптастыру және олардың осы
әрекеттерге белсенді ұмтылуын ұйымдастыру.
Саналылық дегеніміз – адамның жалпы өмір заңдылықтарын, әр нәрсенің ақиқаттылығын дұрыс түсінуі,
ұғына білуі, келешек әрекетін сол негізде орнықты бағыттай алуы. Саналылықтың негізі – жаттығушының
алдына орынды мақсаттар қоя білуі және сол ұмтылған бағытының жетер межесін, нәтижесін алдын ала
бағдарлауы, сезінуі. Дене тәрбиесі мұғалімі, спорт түрінен жаттықтыратын жаттықтырушысы оқушыларының
алдына өте айқын, ұғынықты міндеттер, оларды қызықтыратын, ұмтылдыратын жақсы, дұрыс, жоғары
мақсат қоя білуі керек. Сонда ғана олардың саналарында тұрақты, түсінікті қызығушылық, сол мақсаттарға
жетсем деген ұмтылушылық, әрбір жаттығу сабағына деген құлшыныс сезімі пайда болады. Саналылық және
белсенділік қағидасы міндеттерін орындау кезінде оқытушы, жаттықтырушы төмендегідей талаптарды,
мәселелерді негізге алып орындауы қажет:
1. Дене тәрбиесінің мақсаты мен міндетін орындауға оқушылардың ынтасын саналы түрде
қалыптастыру. Егер оқушы алға қойған мақсаттың маңызын түсініп, оның міндеттерін орындауға ынта
танытса, оқу-жаттығу барысы тезірек игеріліп, сапалы болады. Жаттығушылардың алдына кезекті (жақын)
және болашақ (алыс) мақсаттар қойылуы қажет. Олар үшін болашақ мақсаттар: спорттық разряд алу,
Президенттік сынақ нормаларын орындау, мектептің, ауданның құрама командаларына мүше болу т.с.с.
Кезекті мақсаттар: бір күрделі жаттығудың техникасын меңгеру, кейбір дене қасиетін дамыту т.с.с. Оқушылар
өздерінің денсаулығын нығайту, әр түрлі дене қасиеттерін дамыту үшін ұсынылып отырған тапсырманың
мәнін, маңызын айқын түсіне білулері керек.
2. Сабаққа ынталы, барлық зейінімен қызыға қатысу, іздене білу. Дене тәрбиесі сабағы кезінде қызықты
тапсырмалар беру, ойындар өткізу, жүйелі түрде баға қою, жетістіктерін мадақтау, марапаттау, жеке тапсырма
беру оқушыларды ынталандыра түседі. Үйрету және тәрбиелеу үрдістері жаттығушылардың білімін, танымын
қалыптастырады. Жаңа амалдар, әдістер, қозғалыстың жаңа элементтерін орындау, әр түрлі тәсілдер іздеу
оқушыларды қызықтырады, шығармашылық ізденіске, белсенділікке ұмтылдырады, ынталандырады.
3. Жаттығушылардың өз әрекетін байқауға, бақылауға қабілетін ояту. Бұл талапты орындау үшін,
оқушылар жаттығуды орындаған кезде сәтті немесе сәтсіз әрекеттеріне өздері талдау жасай білуі, орындау
техникасынан қате таба алуы, олардың пайда болуы және оны қалай түзету керек екенін үйренулері қажет. Өз
көңіл-күйін, жаттыққандығын бақылау, жаттығу күнделігін жүргізе білуі, объективті және субъективті
мәліметтерге талдау жасау оқушылардың қабілетін жетілдіреді. Қазіргі кездегі дене тәрбиесі сабақтарында
оқушылардың өз әрекеттерін саналы бақылауға ынталандырудың мынандай әдістемелік тәсілдері көп
қолданылады:
- жаттығуды үйреткенде қимыл-қозғалысты көрсетпей, тек қана сөзді қолдану әдісі арқылы үйрету;
- мұғалімнің тапсырмасымен дене қасиеттерін дамыту жаттығуларын өз бетімен іріктеп ала білу;
- жаттығуды орындаған соң, орындау техникасының сапасын өзі бағалау немесе екі-екіден орындағанда
оқушылардың бір-біріне дұрыс баға бере білуі;
- жаңа жаттығуларды үйренгенде қозғалыс дұрыстығын сезінуге көмектесетін арнайы тренажерлар,
қондырғылар қолдану;
- жаттығуды орындаған соң жаттығудың техникасының орындалу сапасы туралы бірден хабарлау, ақыл-
кеңестер беру.
Көрнекілік қағидасы
Көрнекілік дегеніміз – адамның сезім мүшелерін тану, түсіну, ұғыну үрдісінде қолдану. Ал дене тәрбиесі
мен спорт үрдісінде көрнекілік қағидасы үйрету және тәрбиелеу кездерінде қолданылады. Қозғалысқа
үйретуді көру арқылы ғана емес, есту және бұлшық ет түйсігі арқылы да түсіне білу керек. Әр түрлі
анализаторлар белгілері оқушылардың санасында үйренетін жаттығу туралы толық түсінік тудырады.
Көрнекілік қағидасын тәжірибеде қолдану мынандай жолдармен пайдаланылады:
- үйренетін жаттығуды бөлшектеп немесе толық көрсетуді оқытушы, болмаса жақсы дайындықтан өткен
оқушы орындайды;
- әр түрлі көрнекі құралдарды көрсету. Олар: суреттер, схемалар, фотосуреттер, кинограммалар,
бейнемагнитофон жазулары, кинофильмдер т.б.;
- оқушының бейнелі сөздері: баяндау, түсіндіру, талдау, бұйрық сөздер және т.б.;
- қозғалыс техникасының қиын бөлшектерін, элементтерін, қимыл-әрекеттерді іштей ойша қайталау. Ол
идеомоторлық қайталау деп аталады.
Көрнекілік қағидасын қолданар кезінде мынандай ғылыми-зерттеулер негіздерін ескере білуіміз қажет.
Көру жүйесі арқылы қабылдау үш кезеңде орындалады, ол: сезіну, ұғына қабылдау және елестету. Ал есту
жүйесі арқылы қабылдау тек қана елестету деңгейінде орындалады. (Б.Г. Ананьев, 1957). Адам сөз жүзінде
айтылған хабардың 15%-ын, көзбен көрген нәрселерінің 25%-ын еске сақтайды екен. Егер осы екі хабарды
беру тәсілі бірге орындалса, онда хабардың 65%-ы мазмұны есте сақталып қалады екен. (Н.В. Краснов, 1977).
Көрнекілік қағидасын қолданғанда әрбір адамның жетекші анализаторы қайсысы екенін ескеру керек. Бір
оқушыда жетекші көру анализаторы болса, екіншісінде есту, үшіншісінде қимыл анализаторлары болуы
мүмкін. Көрнекілік қағидасын қолдану сипаты үйрену кезеңіне, жасына, жаттығушының дайындығына
байланысты. Бұл қағида түрлерін кең пайдалану сабаққа ынталылықты арттырады, тапсырманы түсіну және
оны орындауды жеңілдетеді.
Жүйелілік қағидасы
Дене қасиетін дамытудағы және қозғалысқа үйретудегі жақсы нәтиже тек қана дене тәрбиесі
жаттығуларын жүйелі орындағанда ғана болады.
Жүйелілік – сабақтар арасында ұзақ үзіліс болмауы, сол арқылы жаттығушылардың дене дайындығы
деңгейін түсірмеуі. Сондықтан да жүйелілік қағидасын қолданғанда өткен сабақтың ізін, өтіп жатқан сабақтың
әсері басып, нығайып, толықтырып жатуы керек. Қорытындысында көп сабақтың әсерлері қосылып,
кумулятивтік әсер (жаттығушы ағзасының берік бейімделу үрдісі) пайда болады, жаттыққандық деңгейі
көтеріледі. Сабақтар белгілі бір жүйе бойынша жұмыс және тынығу кезеңдерінің алмасуымен өтеді,
бұлардың негізінде бір-бірімен байланысты ағзаның шаршауы және қалпына келу үрдісі жүреді.
Бұл жүйе төрт кезеңнен тұрады. (2-сурет):
Жұмыс кезеңі. Бұл кезеңде белгілі бір жұмыс көлемі орындалады, жұмыс барысында қозғалысты
қамтамасыз ететін энергия, қуат көзі таусыла бастайды, ағзаның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Мысалға бір
жаттықтыру сабағын алуға болады (1,5 сағат).
Ағзаның қалпына келу кезеңі. Бұл кезеңде орындалған жаттықтыру сабағынан кейінгі уақытта,
демалып, тамақтанғаннан соң, ағзаның жұмыс қабілеттілігі, функционалдық көрсеткіштері жұмысқа дейінгі
деңгейге келе бастайды.
Жоғарғы өтем кезеңі. Бұл кезеңде ағза толық демалып, жұмысқа кеткен энергиясын, қуатын қалпына
келтіреді. Тек қана қалпына келмейді, артығымен 100%-дан асады. Жаттығушы ағзаға қаншалықты жоғары
жүктеме алса, жоғары өтем кезеңі соншалықты көтеріледі. Дене тәрбиесі сабағының, спорттық жаттығудың
маңызы, спорт рекордтарының, спортшылардың жоғары жетістіктерінің мәні осында.
%
Жоғарғы өтем
130- кезеңі
Редикуциялық
120- кезең
110-
100-
90-
80-
Жұмыс Қалпына келу
70- кезеңі кезеңі
Қалпына келу уақыты
2-сурет. Жаттығушылардың жұмыс қабілеттілігінің бір жаттығу сабағы әсерімен өзгеру көрінісі (Л.П.
Матвеевтің ұсынысы бойынша)
Редикуциялық кезең. Дене жүктемесінен кейінгі ұзақ демалыста ағзаның жұмыс қабілеттілігі жоғары
көтеріліп, кейін төмен түсіп, бастапқы деңгейге келеді.
Осы көрініс бойынша қалпына келудің қай сатысында жүктеме қайталана орындалуына байланысты,
сабақ және демалыс кезектесуінің төрт нұсқасы пайда болады
1-нұсқа. Әрбір келесі жаттықтыру спортшы ағзасының толық бастапқы қалпына келмеген кезде
қайталанады. Бұл нұсқа спорттық тәжірибеде күніне 2-3 рет жаттықтыру сабақтарын өткізгенде кездеседі.
Көбінесе кәсіби спортшылар дайындығында және үлкен жауапты жарыстарға дайындалу үшін жаттықтыру
жиындарын өткізгенде көп қолданылады.
Орындалу мазмұны: бір жұмыс күні ішінде жаттығушының ағзасына көлемді жүктеме беріледі. Бірінші
– таңертеңгілік жаттығу, сағат 7-8 аралығында бір сағат; екінші – күндізгі жаттығу, сағат 10-12 аралығында екі
сағат; үшінші – кешкі жаттығу, сағат 16-19 аралығында үш сағат. Бұл жағдайда ағзаның толық өз қалпына
келе алмауы қосылып (жақсы демалудан кейін) күшті әсер береді. Берілген көлемдегі жүктеме жаттығушының
ағзасының функционалдық бейімделу жай-күйіне қозғау жасайды. Өйткені спортшы көп жаттығып, өзінің
100% деңгейінен төмен түскен сайын жоғарғы өтем кезеңінде жұмысқа біліктілігі, жаттыққандық деңгейі
жоғары көтеріледі (2-суретке қараңыз).
2-нұсқа. Әрбір келесі жаттығу сабағы жоғарғы өтем кезеңінде қайталанады. Жетісіне 3-4 рет жаттықтыру
сабақтары күн аралатып өткізіледі. Бұл нұсқада ағзаның жұмысқа бейімділігі жайлап көтеріледі, дене
қасиеттерін: шапшаңдықты, ептілікті, күшті дамытуға, жаттығу техникаларын үйренуге, жетілдіруге
қолданылады.
3-нұсқа. Әрбір келесі жаттықтыру ағзаның толық бастапқы қалпына келу кезеңінде жүргізіледі. Бұл нұсқа
күнде, шамамен жетісіне 5-6 рет жаттықтыру жүргізу түріне келеді. Осы күнделікті жүргізілген
жаттықтырулар кезінде, үйренген қимылдың ептілігі мен дағдысы, шеберлігі жетілдіріледі, дене қасиеттері
дамытылады.
4-нұсқа. Әрбір келесі жаттығу ұзақ демалу аралығы арқылы қайталанады. (Редикуция кезеңінде).
Мысалы, дүйсенбі, жексенбі, жетісіне екі рет. Мұндай анда-санда орындалатын жаттығулар дене тәрбиесі
үрдісінде ешқандай нәтиже бермейді.
Сонымен, жұмысқа бейімділікті жақсарту, жаттыққандық деңгейін жоғарылату үшін жаттықтыру
сабақтары арасындағы демалуды 1-2 күннен ары созбау керек. Дене тәрбиесі сабақтарын бір жетілік циклде
дұрыс қоя білу керек. Мектептердегі дене тәрбиесі сабағы кемінде бір күн аралатып, жетісіне 3-4 рет өткізілсе
дұрыс болады, өткен сабақтың әсері толық жоғалмай тұрғанда келесі сабақ өткізілуі тиіс. Жаңа жаттыға
бастаған жаттығушылармен спорт түрлерінен өткізілетін жаттықтыру сабақтары да жетісіне үш реттен аз
өткізілмеуі керек. Жетісіне үш реттен аз өткізілген жаттығу және дене тәрбиесі сабағынан денсаулыққа, адам
ағзасына ешқандай пайда болмайды.
Реттілік қағидасы
Қимыл-әрекетке үйрету және дене қасиетін дамыту реттілігіне арналған талаптар үш дидактикалық
ережеден тұрады: 1. Жеңілден – қиынға.
2. Қарапайымнан – күрделіге. 3. Меңгерілген қимыл-әрекеттен -меңгерілмеген қимыл-әрекетке.
Бұрыннан меңгерілген қимыл-әрекеті мен дағдысының негізінде жаңа қозғалыстарды үйрете,
қалыптастыра білу керек. Әрбір спорт түрінің негізгі жаттығуларын үйреткенде оларды рет-ретімен іріктеп,
қарапайым, жеңіл орындалатын қимыл-қозғалыстарды алдымен, сонан соң күрделі жаттығуларды ақырындап
күрделілендіре үйрету қажет. Дене тәрбиесі үрдісінің реттілік қағидасының ерекшелігі де осы жаттығулардың
сабақтастық негізіне бағытталған. Оқу материалдарын жоспарлағанда өткен сабақтың мазмұны келесі
сабақпен жалғасып жатуын ойластыру керек.
Біртіндеушілік қағидасы
Орындайтын жаттығулар техникасының біртіндеп күрделіленуін, жүктеме көлемі мен қарқыны
біртіндеп өсуін біртіндеушілік қағидасы дейміз. Сабақ жүктемелерін демалыстан кейінгі кездерде немесе
жаттығу сабақтары жаңа басталған кезеңдерде жеңіл, кіші, аз көлемде, ақырын қарқында беріп, бірте-бірте
жоғарылатып отырған дұрыс. Жүктеменің біртіндеп өсуінің үш түрі бар (3-сурет):
1. Түзу сызықты – көтерілу түрі. Бұл түр кезінде жүктеме біртіндеп артады, жаттыққандық деңгейі баяу,
жайлап жоғарылайды, жаттығу сабақтары арасындағы демалу уақыты ұзақ болады. Бір жетіде 3-4 рет жаттығу
сабақтарын жүргізу.
2. Сатылы түрі. Көптеген жаттығу сабақтарында дене жүктемесі тұрақты, тік жоғары көтеріліп отырады.
Ол ағзаның бейімделу үрдісін тездетеді, оны тұрақтандырады.
3. Толқынды түрі. Бұл түр кезінде жүктеме жоғарылап қана емес, төмендеп те тұрады. Жаттыққандық
деңгейін жоғарылату үшін келесі толқынды жоғары деңгейге көтеру керек. Соның арқасында жаттығу
жүктемесін ең үлкен мөлшерде беруге болады. Қазіргі жаттықтыру үрдістерінде көбінесе осы толқынды түр
қолданылады.
II
I
Жаттығу сабақтарының саны
Бір жетілік циклде дене жүктемесінің көтерілу түрлері (Л.П. Матвеев ұсынысы бойынша)
Қозғалыс әрекетін үйретуде оқу материалына екі түрлі жоғары талаптар қойылады:
1. Түзу сызықты - ол әрбір сабақта жаңа міндеттер қою.
2. Сатылы – жаттығушыларға оқу материалын бірнеше сабақтар көлемінде игеруге талап қояды, ал жаңа
тапсырма жаттығушылардың өткен сабақтар міндеттеріне бейімделген кезінде ғана беріледі.
Оқушылардың функционалдық мүмкіншіліктері тұрақты өсіп отыруы оларға жоғары талаптар қоюды
керек етеді. Сондықтан да жаттығушылардың дайындық деңгейі қандай биік болса, сондай жоғары талаптар
қойылады. Қойылған талаптардың дамуы жаңа тапсырмалардың түсініктілігіне, жүктеме көлемінің дұрыс
берілуіне байланысты. Қимыл-әрекетті меңгеру, жүктеме көлемін өзгертуді дене тәрбиесі мұғалімі мектеп
бағдарламасын, Президенттік сынақ нормативтерін басшылыққа ала отырып белгілейді.
Даралылық қағидасы
Даралылық қағидасы – дене тәрбиесі үрдісінде оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру түрінде
жүргізіледі. Даралылық қағидасы әр адамның дайындық деңгейіне, жыныс және жас ерекшеліктеріне
байланысты. Жеке басының, психикасының ерекшеліктеріне, жүктемеге шыдамдылығына, сыртқы орта әсерін
сезіну мүмкіншіліктеріне, жұмыс істеу стиліне байланысты.
Даралылық қағидасы дене тәрбиесі үрдісінде төмендегідей түрлерде қолданылады:
- топтық жұмыс арқылы. Бұл жағдайда жаттығушылар сыртқы бейне сипаттары бойынша бөлінеді
(жыныс, жас ерекшеліктері, дене дайындығы т.с.с.). Бастапқы үйрету кезеңдерінде, негізгі жарыс
жаттығуларының техникасын үйренгенде, жалпы денені дамытқанда топтық жұмыс істеу жолы өте тиімді:
- жекелей жұмыс істеу арқылы. Спорттық шеберлігі артуына байланысты жұмыстың топтық түрі
жекелей жұмыс істеу түріне ауысады. Бұл жұмыс оқушылардың төмендегідей ерекшеліктерін ескеріп жұмыс
істесе нәтижелі болады: сынақ және оның көрсеткіштеріне көңіл бөлінсе; оқу материалдарын меңгеру,
жүктемелерге бейімделу мүмкіншіліктері ескерілсе; әр түрлі оқу әдістерін түсіну зеректігі ескерілсе (көрсету,
түсіндіру, көрнекі құрал көрсету т.б.).
Даралылық қағидасы мынандай жұмыстар арқылы іске асырылады:
- жеке үй тапсырмалары арқылы;
- дене тәрбиесі сабағында берілетін әр түрлі тапсырмалар арқылы (жақындататын, дайындық, негізгі
жаттығулар т.б.);
- түрлі спорттық құрал-жабдықтар арқылы.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде қағидалар әрекеті бір-бірімен байланысты, біріге кездесіп отырады.
Осындай жағдай педагогтерді әдістемелік қағидаларды кешенді пайдалануға мәжбүр етеді. Дене тәрбиесі
сабақтарын, жаттығуларды жүргізу кезінде көрнекілік қолданылып, реттілік және біртіндеушілік қағидалары,
оқушылардың зейінділігі мен жеке ерекшеліктері ескерілсе, сабақтар арасындағы жүйелілік сақталса,
бағдарлама материалдарын жақсы меңгеруде, дене жүктемесін үзбей жоғары деңгейде ұстауда дене тәрбиесі
мұғалімінің алдында көптеген мүмкіншіліктер ашылады.
ҚИМЫЛ-ҚОЗҒАЛЫС ӘРЕКЕТІНЕ ҮЙРЕТУ
Дене тәрбиесі мен спорттағы үйрету үрдісі
Дене тәрбиесіндегі оқыту дегеніміз – адамның дене қуатына және психологиялық жетілуіне
бағытталған арнаулы білім жүйесінің қимыл-әрекетке үйрету, қалыптастыру, меңгеру, жетілдіру үрдісі.
Математика мұғалімі есеп шығаруға, қазақ тілі мұғалімі граматикаға үйретсе, дене тәрбиесі мұғалімі
оқушыны жүгіруге, секіруге, лақтыруға үйретеді. Оқушыны кеңістікте өз денесін басқарып, қозғалуға
үйретеді. Мектеп бағдарламасындағы спорт түрлерінің негізгі жаттығуларының техникасын дұрыс орындауға
үйретеді. Үлкен өмірде тіршілік етуге дайындайды. Спорт түрінің жаттықтырушысы, бапкері спортшыға спорт
түрінің жарыстық жаттығуларының техникасын үйрету арқылы, сол жаттығуларды орындаудан жоғарғы
жетістіктерге жетуге, әлемдік рекордтар орындауға жеткізеді.
Қимыл-әрекетке үйрету үрдісі кезінде спортшының дене қуатының деңгейі қандай екендігі байқалады.
Ол дене қасиеті деңгейі сол жаттығу техникасын орындауға сай болуы мүмкін. Олай болатын болса жаттығу
техникасын үйрену барысында сол дене қасиетін дамыту керек болады. Мысалы, волейболдағы шабуыл
соққысын орындау үшін спортшы секіргенде доп соғатын қолы тордан 30 сантиметрдей жоғары шығуы керек.
Ондай биіктікке секіре алмаса жаттығу техникасын орындай алмайды.
Психологиялық жетілу – спортшының өзіне сенімділігі, батылдығы, тәуекелшілдігі, «Жаттығуды
орындай алмаймын ба?» деген өзінің сенімсіздігін жеңуі. Ол қасиеттер де бірден келмейді, жаттығу
техникасын үйрету барысында қалыптасады, тәрбиеленеді.
Дене тәрбиесіндегі оқытудың нәтижесі қимыл-қозғалысты меңгеру болып табылады. Қозғалысқа үйрету
теориялық және іс-тәжірибелік бөлімдерден тұрады.
Теориялық материалдарды оқыту бөлімі
Теориялық мағлұматтың көлемі мен мазмұны жалпы педагогикалық қағидалармен (жүйелілік,
ұғынықтылық т.с.с.) анықталады, бұлар оқу мақсатына, оқушылар тобының ерекшеліктеріне байланысты төрт
топқа бөлінеді:
1. Дене тәрбиесінің әлеуметтік қажеттілігі туралы ( денсаулықты нығайту, жұмысқа біліктілігін арттыру
т.б.). Бірінші сабаққа келген күннен бастап жаттығушыларға дене жаттығуларының адам ағзасына әсері,
пайдасы, керектігі туралы айту керек. Дене жаттығуларын орындау ең бірінші денсаулықтарын нығайтатынын
олар жақсы білуі тиіс. Тек тұрақты, жүйелі дене жаттығуларын орындау ғана адам ағзасының жұмыс
қабілеттілігін артыратынын, деңгейін жоғарылататынын олар жақсы білуі, соған ұмтылуы керек. Сонда ғана
үйрету үрдісі нәтижелі болады.
2. Дене тәрбиесі жаттығуларын қолдану ережелері туралы мағлұмат (футбол, баскетбол, волейбол
ойындарын ойнау ережелері және т.б.). Жаттығу техникасын үйретерден бұрын сол спорт түрінің жарыс
ережелері туралы мағлұмат берудің үлкен маңызы бар. Мысалы, волейболдағы шабуыл соққысын үйренер
алдында оқушы соққы кезінде торға қолы тимеуі, доп волейбол алаңының ішкі жағына түсуі, тосқауылдан
ұшқан доп алаңның сыртына түссе де ұпай санына есептелетіні туралы ережелерді білуі қажет.
3. Медициналық-биологиялық мағлұматтар дене гигиенасы, шынығу, ұйықтау, тамақтану, жаттығу
режімдері туралы баяндаулар, әңгімелер түрінде жүргізілуі керек.
4. Үйрететін қимыл-қозғалыс техникасы туралы мағлұмат. Үйренетін жаттығу техникасы, оның
қолданылатын жері, жолдары, мақсаты айтылады. Қимыл-әрекетіне үйрену алдында оқушы оның ережелері,
адам денесінің қозғалу заңдылықтары, арнайы терминология туралы мағлұматтар алуы керек.
Теориялық мағлұматтарды алу көздері: қимыл тәжірибелігі, арнайы оқулық, сөз және көрнекі қабылдау
әдістері, мұғалімнің әрекеті, кино және бейнефильмдер көрсету т.б.
Теориялық мағлұматтарды баяндау кіріспе сабақтар кезінде, сабақтардың кіріспе бөлімінде және оқу
материалдарын үйрену кездерінде сабақтың негізгі бөлімінде де жүргізіледі.
Іс-тәжірибе бөлімі
Дене тәрбиесі және спорттың нақты тәжірибесінде қимыл-әрекеттердің техникасын үйрету үш кезеңнен
тұрады: таныстыру, үйрету және жетілдіру. Енді осы кезеңдерге жеке-жеке тоқталып кетейік.
Қимыл-әрекетті таныстыру кезеңі
Бұл кезеңнің міндеті – оқушыларға үйренетін жаттығу туралы түсінік беру және соны үйренуге ынтасын
ояту. Түсіну, ұғыну үрдісі қалыптасу кездерінде бір-біріне байланысты, сабақтасты үш кезең пайда болады.
Үйрену міндеттерін ұғыну. Оқушының жаттығу техникасын қарапайым болса бір сабақта (мысалы,
шаңғымен сырғанауға үйрету), күрделі болса бірнеше сабақта (мысалы, шаңғымен екі адымды, кезекпе-кезек
таяна сырғанау тәсілі) ұғынуы. Жаттығу техникасын үйреткенде мұғалім немесе бапкер жаттығуды толық, тез
қарқында орындап көрсетеді. Әрбір спорт түрінің негізгі жаттығуларының орындау эталоны, стандарты бар
болғандықтан бапкер сол стандартты қалыпта орындауы керек. Жаттығу техникасын стандартты қалыпта
орындап көрсеткеннен кейін барып бапкер жаттығуды ақырын қарқында, бөлшектерге бөліп, әр бөлшектерінде
үйренетін қимылдарды көрсетіп, сөзбен айтып, түсіндіріп орындайды. Оқушылар жаттығу техникасының
негізін, сонан соң бөлшектерін түсінуі керек.
Орындау жобасын құру. Бұл кезеңде оқытушының, бапкердің түсіндіріп, көрсеткен жаттығу
техникасын ұғынған оқушы санасында жаттығуды қалай орындауға болатыны туралы қисынды, бейнелі
түсінік қалыптасады. Ол жаттығу техникасын толық ұғынып, оны орындауға дайын күйде келеді.
Жаттығуды орындап көру. Жаттығуды орындап көру – танысу кезеңінің негізгі элементі. Оқушы
жаттығу техникасын үш-төрт рет орындап көреді. Орындап көру арқылы оқушы өз міндетін қаншалықты
ұққанын, қозғалысқа үйрену міндетін қалай құрғанын тексеруіне болады. Қимыл-әрекеттің күрделілігіне
байланысты жаттығуды бөліп немесе тұтас орындауға болады. Қарапайым жаттығуды толық орындай беруге
болады. Күрделі жаттығуды бөлшектеп орындаған жөн. Қозғалыс техникасын тұтас орындағанда оқушы қате
жіберсе, бөлшектеп орындау әдісін қолдану қажет.
Қимыл-әрекетке таныстыру кезеңінің негізгі әдістері: тұтас және бөлшектеп үйрету әдістері. Сөзді
қолдану әдістері: түсіндіру, баяндау. Көрнекі қабылдау әдістері: қимыл-әрекетті көрсету, көрнекі құралдар
қолдану және т.б.
Қимыл-әрекетті үйрету кезеңі
Бұл кезеңнің міндеттері – оқушыларға техника негізін үйрету, оны тұрақты орындауға жеткізу және
осылар арқылы қимыл шеберлігін қалыптастыру. Оқушының әрбір жаттығу техникасы бөлшегін ықылас
сала орындайтын қимыл-әрекетін қимыл шеберлігі дейміз. Қимыл шеберлігінің қалыптасуының өзіне тән
мынандай белгілері бар:
- қимыл-әрекетін орталық жүйке жүйесінің бақылауымен дағдысыз басқару;
- жаттығуды тұрақты дұрыс орындамау (қателесу);
- әр түрлі жаңылдыратын себептерге қарсы тұра алмаушылық (шаршау, абыржу, үйрену арасындағы
үзіліс). Қимыл шеберлігін қалыптастыру кезеңіне жаттығуды тұтас немесе бөлшектеп көп рет қайталау
процесі жатады.
Құрылым жоспары бойынша үйрету кезеңі екі бөлімге бөлінеді:
Қимыл шеберлігін қалыптастыру. Оқушыларды жаттығу тәсілінің негізіне, пайда болған қателерді
жоюға, жаттығуды орындаудағы қатаюды болдырмауға үйретеді. Физиология тілімен айтқанда, орталық нерв
жүйесінің артығырақ жайыла қозуы, қозғалыс орталығына ауысуы шоғырланады. И.П. Павловтың ілімі
бойынша динамикалық стереотип қалыптаса бастайды, ол жүйке процестерінің жаттыққан жүйесі, шартты
рефлекс механизмі бойынша пайда болады. Оқушыларда бұл мезгілде артық қозғалыс жоғалады, қимыл
еркінделе бастайды, жаттығуды орындау амплитудасы үлкейеді, сенімділік пайда болады.
Қимыл шеберлігін жетілдіру. Бұл бөлімде қимыл-әрекетін орындау техникасы меңгеріледі және
бірталай дағды белгілері пайда бола бастайды. Бірақ жаттығуды орындау тұрақсыздығы сақталады, жаттығу
техникасын әр түрлі себептер жеңіл бұза алады. Жаттығуды орындау барысында жіберілген қателерді дер
кезінде түзетудің маңызы зор, өйткені ол жаттығушының жаттығуды үйренуіне жақсы нәтижеге қол
жеткізуіне септігін тигізеді. Қимыл-әрекетті меңгерудің бастапқы кезеңдерінде қателер көп кездеседі.
Сондықтан оқу әдістемесін дұрыс қолдана отырып, оларды болдырмауға ұмтылу қажет.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде төмендегідей қателер топтары кездеседі:
1. Жалпы және нақты қимыл-әрекеті кезіндегі қателер. Жалпы қателерге жататындар: жалпы дамыту
жаттығуларын орындау кезіндегі дұрыс тұрмаған дене тұлғасы, жаттығуларды үлкен амплитудамен орындамау
т.с.с. Нақтылы қателерге жататындар: алдыға төмен еңкейгендегі, ағаш аттың үстінен секіргендегі аяқтың тізе
буыннан бүгілуі, жаттығу орындағандағы қолдың шынтақ буынынан бүгілулері т.с.с.
2. Елеулі және ұсақ қателер. Елеулі қателер – жаттығу техникасының негізін бұзатын қателер. Ұсақ
қателер - техника бөлшектерінде кездесетін, техника негізіне көп әсер етпейтін қателер.
3. Әдеттегі және кездейсоқ қателер. Әдеттегі қателер – жаттығу техникасында жиі кездесетін, олардың
болатынын дене тәрбиесі мамандары алдын ала біліп отыратын қателер. Кездейсоқ қателер – жаттығу
техникасында сирек кездесетін қателер.
4. Дағдылы және дағдыланбаған қателер. Дағдылы қателер – оқушы қимыл техникасын қате үйреніп
алған кезде болатын қателер. Ондай қателерге спортшы әбден дағдыланып алғандықтан түзету өте қиын
болады. Дағдысыз қателер қимыл-әрекетін меңгерудің бастапқы кезеңдерінде кездеседі, оқытушы сол кезде
көрсе, оны оңай түзетеді.
Қателердің шығу себептері: оқушылардың үйрену міндеттерін дұрыс ұқпауынан, үйрету жобасын дұрыс
құрмауынан, жалпы дене дайындығының төмендігінен, өз күшіне сенбеуінен, батылдықтың жетіспеуінен,
сабақты ұйымдастыру талаптарының бұзылуынан, ағзаның тез болдыруынан, алдыңғы үйренген қозғалыс-
әрекеттерінің кері әсерінен, сабақ өткізетін жердің, құрал-жабдықтардың педагогикалық талаптарға сай
еместігінен.
Қатені көру оңай болғанмен, оның шығу себептерін білу қиынға соғады. Сондықтан да дене тәрбиесі
маманы қатенің шығу себептерін жақсы білуі, қатені түзету жолдарын дұрыс анықтай алуға тиісті. Қателерді
түзету ережелері өте көп. Олардың дене тәрбиесі тәжірибесінде жиі кездесетіндеріне тоқтала кетейік:
- қайта түсіндіру, жаттығуды қайта көрсету арқылы оқушы қатесін ұғындыру;
- алдымен тұрпайы, тәсіл негізін бұзатын қателерді, сонан соң ұсақ қателерді түзету;
- мұғалімнің қателерді түзету нұсқаулары, оқушылардың дене мүмкіншіліктеріне байланысты болуы
қажет. Ондайды қатені түзету кезінде пайдаланған жаттығуларды орындап жіберген жөн.
Қатенің шығуы, оны түзету көбінесе жаттығуды қайталау сипатына байланысты. Ол қарапайым қайталау
және өзгермелі қайталау болып бөлінеді. Қарапайым қайталау стандартты жаттығулар техникасын
үйренгенде пайдаланылады, оқушылардың қимыл-әрекеті мұғалімнің көрсеткеніндей орындауын талап етеді.
Күрделі қайталау қозғалыс-әрекетін әр түрлі жағдайда орындай алатын икемділікті талап етеді. Сол
мақсатпен қозғалыс әрекетін қайталау әр түрлі ауыспалы нұсқаларда, түрліше жағдайда орындалады.
Оқушылар жаттығулардың стандартты орындау тәсілін тұрақты игергенде ғана күрделі қайталауды
пайдалану қажет. Бұл кезеңде үйрету әдістерінің барлық топтары қолданылады: сөзді қолдану әдістері
(талқылау, орындаған тапсырманы талдау т.б.); көрнекі қабылдау әдістері (кинограмма, бейнежазулар, тез
хабарлау жабдықтары), тәжірибелік әдістер (жеке бөлшектеп үйрету, тұтас үйрету).
Қимыл-әрекетті жетілдіру кезеңі
Бұл кезеңнің мақсаты – қимыл дағдысын қалыптастыру, сол арқылы жоғары қимыл шеберлігіне жету.
Жаттығуды көп қайталағаннан соң қимыл шеберлігі дағдыға айналады. Қимыл дағдысы деп жеке
қозғалыстарға емес, нақты әрекет нәтижесіне бағытталған қимыл-әрекетін автоматтандыра орындай
алу қабілеттілігін айтамыз. Қимыл дағдысы әр түрлі қозғаушы факторларға қарсы жоғары тұрақтылық
танытады (жаттығуды басқа спорт залда орындау, көрермендер әсері, әр түрлі ауа райы жағдайлары т.б.).
Қимыл дағдысын қалыптастырғанда қозғалыс дәлдігі жақсарады, қимыл ырғағы жетіледі, жеке қозғалыстар
біртұтас қимыл-әрекетке айналады. Қимыл дағдысын қалыптастыру кезінде анализаторлар қызметін бөлу
үрдісі қатар жүреді. Қимыл анализаторларының мәні артады, өйткені бұлшық еттердің сезімталдығы
қозғалысты бақылауда жетекші рөл атқарады. Көру анализаторларының қызметі қоршаған сыртқы ортадағы
жағдайды және әрекеттің нәтижелілігін бақылау қызметіне ауысады. Қимыл дағдысы жаттығуды көп
қайталағанда пайда болады. Жаттығуды дұрыс қайталау үйрету міндетіне, оқу материалының күрделілігіне,
оқушылардың дайындық деңгейіне, оқыту әдістемесінің жетілгендігіне байланысты.
Тәжірибеде қайталаудың екі жолы қолданылады: созылмалы – көптеген сабақтарға бөле қайталау; түйінді
– қысқа мерзімде бір немесе бірнеше сабақта қайталау.
Созылмалы қайталау кезінде қолайлы дұрыс тынығу аралығы болса, көлемді оқу материалын игеру
кезінде, жаттығушылар үлкен дидактикалық әсер алады (мысалы, гимнастикадағы еркін жаттығулар). Бұл
үрдісті екі себеппен түсіндіреміз: біріншіден, жаттығу техникасының есте сақталуы, яғни меңгеріп жатқан оқу
материалын жаттығуды орындап жатқанда ғана емес, тынығу аралығында да ұғыну, ойлау. Екіншіден,
жаттығуды меңгеру үрдісінің, ағзаның бұлшық ет әрекетіне, бейімделу қызметіне байланыстылығы, яғни
жаттығуды орындау барысында ғана емес, қалпына келу кезеңінде де сақталады.Тынығу аралықтарының
жиілігі мен ұзақтығын белгілегенде (жалпы уақыт ұзақтығы бірдей) сирек және ұзақ тыныққанға қарағанда,
жиі және аз уақыт тыныққан кезде спортшы ағзаның жұмыс қабілеттілігі артатынын ескеруіміз керек.
Сондықтан да сабақтарды біріктіруге болмайды. Түйінді қайталау тездете үйрену негізін құрайды. Оны жеңіл
оқу материалын үйренгенде қолдану тиімді. Бұл екі жағдайда да қайталау сипаты әр түрлі болады. Бастапқы
үйрену мезгілінде қайталау жиілеп, сонан соң біртіндеп азаяды. Жаңа тәсілді тұрақтандыру үшін бастапқы
жаттығу жиі қайталануы керек, ал ол бекіп алған соң қайталауды азайтуға болады.
Қимыл дағдысы әр түрлі және біртіндеп қалыптасады. Қимыл дағдысының қалыптасуы төрт түрге
бөлінеді:
1. Дағдының «жағымсыз тездете» қалыптасуы. Үйрету барысының басында қимыл-әрекетін игеру тез,
сонан соң баяулап қалады. Өйткені қимылды орындаудың техника негізгі тез қабылданады да, бөлшектері
ұзақ меңгеріледі.
2. Дағдының «жағымды тездете» қалыптасуы. Бұл үйренудің бас кезінде болады, осы кезде дағды
ақырындап, сонан соң тезірек қалыптасады. Қалыптасудың осы түрі күрделі әрекеттерді үйренген кезде
байқалады, жаттығу техникасын бөлшектеп үйреніп барып толық орындаған кезде, жақсы меңгерген қимыл-
әрекеттер дағдының тез өсуін шапшаңдатады.
3. Дағды дамуының ақырындауы. Мұндай жағдай дағдының жетілу деңгейіне жеткен кезінде пайда
болады. Дағды неғұрлым жетілген сайын оның одан әрі дамуына қажымас қайрат, көп еңбек және
педагогикалық шеберлік керек.
4. Дағды дамуының тоқталуы – үйрету әдістері қате, тиімсіз болғанда, дене қуатының даму деңгейі (күш,
ептілік т.б.) төмен болғанда, жаттығуды ебедейсіз (қорқыныш, шаршау), ыңғайсыз жағдайда (нашар спорт
жабдықтарында т.б.) орындағанда пайда болады.
Оқытушы дағдыны қалыптастыру кезінде осы жағдайларды байқап, уақытында түзетіп отыру қажет.
Дағдының бұзылуы. Мықты қимыл дағдысы уақытылы баянды етіліп отырылса, көп жылдар бойына
спортшы денесінде, санасында сақталады, қажет кезде қозғалып қолдануға болады. Ондай бекітулер болмаса,
дағды бұзылады, қимыл дәлдігі жоғалады, жаттығу орындаудың (өз күшіне сенбеушіліктен), нәтижелігі
нашарлайды. Бірақ дағды түгелімен жоғалып кетпейді, негізі сақталады және қайталанған соң тез қалпына
келеді.
Қимыл дағдыларының ауысымы. Дене тәрбиесінің тәжірибесінде қалыптасатын қимыл
дағдыларының бір-бірімен біріге әрекеттенуі жағымды және жағымсыз жағдай туғызады. Ертерек қалыптасқан
дағдының, келесі дағдының қалыптасу үрдісін жеңілдетуін жағымды ауысу дейміз. Бұл жағдайда алдыңғы
қалыптасқан дағдының жаңа үйренетін қозғалыстарға ұқсас элементтерін қолданамыз. Мысалы, оқушы гранат
лақтыру техникасын жақсы меңгерген болса, найза лақтыру техникасын да тез меңгереді. Ертерек
қалыптасқан дағдының келесі дағдының қалыптасу үрдісін қиындатуын жағымсыз ауысу дейміз.
Жоғары қозғалыс шеберлігі. Қимыл дағдысының жетілу үрдісі шексіз болып келеді. Оның негізгі
міндеттері – оқушыны тұрмыс, еңбек, спорттық әрекет дағдыларын еркін меңгеруге үйрету. Дағдының
тәжірибелік құндылығы осында. Егер оқушы спорт залда секірген биіктіктен, табиғи ортада секіре алмаса, ол
дағдының тәжірибелік құндылығы болмайды.
Сонымен жоғарғы қозғалыс шеберлігі дегеніміз – қалыптасқан қимыл дағдыларын нақты өмір
жағдайларында қолдану шеберлігі (жүгіру, секіру және басқа өнеркәсіптік, әскери әрекеттер). Жоғары
қозғалыс шеберлігі – үйрету үрдісінің соңғы межесі. Алға қойған міндеттерді орындау үшін, қимыл дағдысын
мынандай жолмен жетілдіру керек:
- жаттығуды орындау техникасының даралығы;
- қимыл дағдыларын меңгерудің нұсқауларын меңгеріп көру;
- меңгерген қимыл дағдысын әр түрлі қозғалыс әрекеттерге пайдалану шеберлігін меңгеру;
- өзгерген әрекет жағдайына сай ауысып, бейімделе білу қабілетін меңгеру;
- жаңа қалыптасқан дағдыны ерте меңгерген дағдымен әр түрлі бірлік таба қолдану шеберлігін меңгеру.
Қимыл дағдысын жетілдіру әр түрлі оқу әдістерінің көмегімен іске асырылады. Оның ішінде жетекші
орынды ойын және тұтас үйрету әдістері алады. Қатені түзету немесе қозғалысты орындау техникасына
өзгеріс енгізу керек болса, бөлшектеп үйрету әдісі қолданылады.
ДЕНЕ ҚАСИЕТТЕРІ, ОНЫ ДАМЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
Дене қасиеттері, анықтамасы, түрлері
«Дене қасиеттері», «қозғалыс қасиеті» деген терминдер, ұғымдар арнайы оқу кітаптарында бір мағынада
пайдаланылады. Олар адамның қозғалыс мүмкіншілігінің әрекеті жағын көрсетеді. Дене қасиеттері адам
қозғалғанда, дене қуатын көрсеткісі келгенде пайда болады. Адам жай тыныштық күйде болғанда ол
қаншалықты күшті, жылдам немесе төзімді екенін біз білмейміз, кеңістікте көп уақыт аралығында жылдам
қозғалса жылдам екенін, қарқынын азайтпай ұзақ жүгіре алса төзімді екені көрінеді. Яғни, дене қасиеттері
адам денесінде белгілі бір деңгейде сақталып тұрады. Ол қозғалған кезде, дене қуаты деңгейін көрсеткісі
келген кезде, ол адамның қаншалықты күшті, жылдам, төзімді екенін білеміз. Спортшы дене жаттығуларын
тұрақты орындау арқылы дене қасиеттері деңгейін жоғарылата алады. Ол сол жоғарылатқан деңгейінде адам
денесінде, санасында сақталып тұрады. Әрине, спортшы әрекет жасап, ол дене қасиеттерін тұрақты деңгейде
ұстап отырмаса, ол қасиеттер төмендейді, егер тұрақты, өмір бойы жүйелі жаттығулар арқылы шұғылданып
отырса, жаттығу техникасы секілді дене қасиеттері де адам денесінде, санасында сақталып тұрады.
Адамның денесінде, санасында белгілі бір деңгейде сақталып тұрып, ол қозғалғанда, әрекет
жасағанда пайда болатын қасиеттерді дене қасиеттері дейміз.
Ол қасиеттер міндетті түрде адам сол дене қасиеттерінің деңгейін көрсеткісі келіп әрекет жасағанда
толық деңгейде көрінеді. Мысалы, спортшы күш деңгейін көрсеткісі келіп ауыр штанга көтереді, белтемірде
көп тартылады, жылдамдық деңгейін көрсеткісі келіп 30 м-ді тез жүгіреді, төзімділік деңгейін көрсеткісі келіп 3
шақырымға жүгіріп, жақсы уақыт көрсетеді т.с.с.
Осы дене қасиеттерінің деңгейін көтеру, дамыту, тәрбиелеу арқылы ғана біз дене тәрбиесі мен спортта
жақсы нәтижеге жетеміз. Мысалы, волейбол ойынындағы маңызды техника тәсілі «шабуыл соққысын»
орындау, жоғары көтерілген допты соғу үшін спортшының секірген кездегі қолы тордың үстінен ең аз
дегенде 20-30 см жоғары шығу керек. Ол үшін міндетті түрде аяқтың секіру, серпін жасау күшін дамыту керек
болды. Сондықтан да біз дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде қозғалыс техникасын үйретумен қатар дене
қасиеттерін дамытуымыз қажет. Дене тәрбиесі мұғалімі, спорт түрлерінің жаттықтырушылары, сауықтыру дене
тәрбиесімен, қолданбалы дене тәрбиесімен айналысатын мамандар, спорт нұсқаушылары дене қасиеттерін
дамыту, тәрбиелеу амалдарын, әдістерін, әдістемелерін, әдістемелерді жас ерекшеліктеріне байланыстыруды
жақсы білуі, іс-тәжірибеде қолдана білуі керек.
Біз осы үлкен, маңызды 7-тарауымызда дене қасиеттерін: күш, жылдамдық, төзімділік, ептілік,
икемділікті жеке-жеке қарастырып, оларды дамытудың жас ерекшеліктері, амалдары, әдістері, әдістемелері
туралы сөз қозғамақпыз.
Күш және оны дамыту әдістемесі
Күш, күштің түрлері
Сыртқы қарсылықты жеңу немесе бұлшық ет көмегі арқылы оған қарсылық көрсетуді күш
дейміз. Күш үш түрлі бұлшық ет жұмысы тәртібінде пайда болады:
1. Жеңу тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет жиырылады, қысқарады. Мысалы, белтемірде тартылу.
2. Көну тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет созылады, ұзарады. Мысалы, белтемірден төмен түсу, салбырау.
3. Қозғалмайтын (статикалық) тәртіп. Бұл кезде бұлшық ет ұзындығы өзгермейді. Мысалы, белтемірде
асылып тұрып, екі аяқты кеудеге бұрыш жасай көтеріп, бірнеше ондаған секөнд ұстап тұру.
Күштің пайда болу түрлері:
Жеке күш мүмкіншілігі статикалық кезде (дене қалыбын ұстау) және ақырын қозғалыс кезінде пайда
болады. Мысалы, еденнен жай қарқында итерілу, аспа темірде тартылу, шалқадан жатып кеудені көтеру
жаттығуларын жасағандағы спортшының өз күш мүмкіншілігін көреміз.
Күш жылдамдығының мүмкіншілігі тез, жылдам қозғалыста пайда болады (секіру, лақтыру т.б.). Бұл
жағдайда спортшы күшіне жылдамдық қосу арқылы, жаттығуды тез орындау арқылы жоғары нәтижеге жетеді.
Мысалы, жеңіл атлетикадағы диск, ядро, граната, найза лақтыру, жүгіріп келіп ұзындыққа секіру жаттығулары.
Адам денесі күштің пайда болу үрдісінде үлкен маңыз атқарады. Адамның қозғалыста өз дене салмағын
есептемей, барлық мүмкіншілігімен көрсеткен күші абсолютті күш немесе ең жоғарғы күш деп аталады.
Әр түрлі салмақтағы адамның күшін салыстыру үшін салыстырмалы күш деген ұғым пайдаланылады.
Бұл - 1кг адам салмағына келетін күш мөлшері. Спортшылардың салмағы өсуімен бірге абсолюттік күші де
көбейеді, ал салыстырмалы күші азаяды. Жаттығушылар абсолюттік немесе салыстырмалы күштерді спорт
түрлеріне байланысты дамытады. Мысалы, жеке сайыстағы спортшыларға (ауыр салмақ дәрежесіндегілер),
лақтырушыларға (найза, граната) абсолюттік күш қажет, ал гимнасттарға, акробаттарға, палуандарға, жеңіл
салмақ дәрежесінде штанга көтеретін спортшыларға салыстырмалы күш керек, ол күш неғұрлым көп болса,
соғұрлым спортшылардың дене дайындығы жоғары болмақ.
Күшті дамыту амалдары мен әдістері
Күшті дамыту үшін жоғарғы қарсылық жаттығулары қолданылады. Олар екі топқа бөлінеді:
1. Сыртқы қарсылық жаттығулары. Сыртқы қарсылықтарға: әр түрлі спорт құралдарының салмағы
(штанга, гирлер, батпандар т.б.), серігінің қарсы әрекеті (жұптық жаттығулар), сыртқы ортаның қарсылығы
(құмда, қарда, суда жүгірулер т.б) жатады.
2. Өз салмағының ауырлығын басқару жаттығулары ( белтемірде тартылу, еденнен итерілу, отырып-
тұрулар, секірулер т.б.).
Ауырлық шамасын білу үшін спортшы неше рет көтере алатыны белгілі салмақ қолданылады. Ол
салмақты қайталау шегі (ҚШ) деп аталады. Мысалы, 2 ҚШ дегеніміз – спортшы екіден артық, көтере алмайтын
салмақ.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде күшті дамытудың көп тараған әдістері бар:
Жоғарғы күш салу әдісі. Бұл әдіс кезінде жаттығулар аса ауыр салмақты заттармен орындалады (ауыр
салмақты штанганы көтеру, салмақ қосып тартылу т.б.) Жүйке бұлшық ет аппаратының жұмысы шегіне жете
қолданылып, сол арқылы күштің көп өсуіне мүмкіншілік береді. Алайда, бұл әдіс психикалық ширықтыруға
соқтырады да, балалармен жұмыс істегенде байқап қолдану керек.
Жоғарғы күш салу әдісін қолдану сипаты мынандай: Қарсыласу шамасы 1-4 ҚШ (ауырлық көтеру
шамасынан 90-100 %) бір жаттықтыру сабағында 3-4 тізбекпен орындалады. Орындау аралығында тынығу,
спортшы ағзасы толық бастапқы қалпына келгенге дейін, 3-5 минөтқа дейін созылады.
Қайталап күш салу әдісі. Бұл әдіс екі негізгі ауырлық шегі аймақтарына бөлінеді, әрбір аймақта
жаттығу әбден шаршағанша немесе көтеруге шамасы келмей қалғанша орындалады. Бұл жағдайда соңғы
әрекеттерде күш түсірудің шегіне жету әсері байқалады, жаттығуға көптеген бұлшық еттер саны қатысып,
көмектесе бастайды.
Бірінші аймақ: жаттықтыру сабағында қарсыласу шамасы 4-12 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 50-80%)
3-6 тізбекпен орындалады. Тізбек арасындағы тынығу – 2-4 минөт. Мұнда спортшы ағзасы толық бастапқы
қалпына келмейді. Бұл жерде абсолюттік күш және күш төзімділігі дамиды.
Екінші аймақ: қарсыласу шамасы 13-20 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 30-60 %) 2-4 тізбектен артық
қолданылады. Тізбек арасындағы тынығу - 2-4 минөт. Мұнда күш төзімділігі дамиды, жаттығу өте тез қарқында
орындалса күш жылдамдығы қасиеті дамиды.
Қайталап күш салу әдісі балаларды зақымдандырмайды, жаттығу техникасын дұрыс орындауға
көмектеседі, зат алмасу үрдісін жақсартады, бұлшық етті өсіреді. Жеке бұлшық ет топтарын дамыту үшін
қолдануға болады.
Статикалық (қозғалмайтын) күш салу әдісі. Қатаю ұзақтығы бір орындауда 6-8 секөнд, күш салу
шамасы 70-тен 100 %-ға дейін. Бір жаттығу сабағында 3-5 рет қайталанады, тынығу аралығы әрбір қатаюдан
кейін – 30-60 секөнд. Бұл әдіспен жаттығу кезінде жоғары күш жақсы дамиды.
Жас ерекшеліктеріне байланысты күшті дамыту
Балалар мен жасөспірімдердің күштерінің өсу қарқыны сүйек-бұлшық ет жүйелерінің
морфофункциялық өзгеруіне, организмнің жалпы биологиялық жетілуіне, қозғалыс белсенділігі деңгейіне т.б.
көптеген себептерге байланысты. Сүйек-бұлшық ет аппараты өзінің даму шегіне 18-20 жаста жетеді.
Сондықтан бастауыш және орта мектеп жасындағы оқушылардың күштерін дамытуды жылдамдатуға
болмайды. Статикалық жаттығуларды шектеп, жалпы қозғалыс сипаттағы жаттығуларды көп қолдану қажет.
Кіші және орта мектеп жасындағы балалардың күш дайындығының негізгі міндеттері – барлық бұлшық
ет топтарын үйлесімді дамыту, дененің түзу, дұрыс қалпын қалыптастыру, берік, «бұлшық ет құрсауын» құру.
7-8 жастағы балалардың күшін жетілдірудің қарапайым амалдары: гимнастикалық қабырғаға, таянатын
сатыларға өрмелеу, допты көп лақтыру, секіру, жеке сайыс элементтері бар қозғалмалы ойындар ойнау және
т.б.
10-11 жастағылардың күшін дамыту талабы артады: нығыздалған доппен жаттығулар, арқанға өрмелеу,
күш түсіретін қозғалмалы ойындар ойнау т.б. қолданылады.
12-13 жаста күшті арттыру амалдарын көбейтуге болады. Бұл жастағыларға арнайы құрастырылған,
бұлшық ет топтарына арналған, аз ғана ауырлықтармен, қозғалыс сипатында күш жаттығуларының кешенін
беруге болады.
14-15 жастағы жасөспірімдердің денеге күш түсіретін жаттығулар жасауға шамалары жетеді. Осы жастан
бастап күшке бағытталған жаттығулар беруге әбден болады. Осы міндеттерді орындау үшін дене тәрбиесі
сабақтарында нығыздалған доптармен жаттығу, айналмалы, шеңберлі жаттығулар, арқан тартысу сияқты күш
ойындары т.б. қолданылады. Жаттығулар динамикалық, статикалық сипаттарда орындала береді.
Абсолюттік күштің табиғи өсуі бозбалаларда 16-17 жаста, қыздарда 10-11 және 16-17 жаста айқын
байқалады. Осы кезеңдерде жүргізілген оқушылардың күш дайындығы үрдісі олардың ағзаларының жедел
жетілуіне көмектеседі.
Жылдамдық және оны дамыту әдістемесі
Жылдамдық, оның түрлері, дамыту амалдары мен әдістері
Жылдамдық дегеніміз – адамның белгілі бір уақыт аралығында кеңістікте жылдам қозғалған
әрекеті. Жылдамдық үш түрде пайда болады:
1. Қарапайым және күрделі қозғалыс әрекеті жылдамдығы.
2. Дербес қимыл жылдамдығы.
3. Қимыл жиілігі.
Қарапайым қозғалыс жылдамдығы дегеніміз – алдын ала белгілі қозғалыспен, бірақ кенеттен
берілетін дыбысқа жауап (спортшының дыбыс берілген кезде белгілі қозғалыс әрекетін тез орындауы).
Қарапайым қозғалыс жылдамдығы қандай да бір қоздырғышқа кері жауап қайтару уақытымен бағаланады.
Қоздырғыштар – жаттықтырушының, төрешінің дауысы, сөрелік тапаншаның атылуы, шапалақтың соғылу
дыбысы, жарықтың жарқ етуі, төрешінің жалау ұстаған қолын сермеуі және т.б. Мысалы, 100 м жүгірудегі
сөрелік тапаншаның атылуы немесе төрешінің дауыстаған бұйрығы бойынша жүгіре жөнелу. Қарапайым көру
– қозғалыс жылдамдығының ұзақтығы спортшыларда орташа 0,10-0,20 секөндтан, спортпен
жаттықпайтындарда 0,15-0,25 секөндтан көбірек уақытта болады. Берілген дыбысқа жауап спортшыларда 0,05-
16 секөндқа дейін, жай адамдарда 0,20-0,35 секөндтан көбірек уақыт мөлшерінде болады. Қарапайым қозғалыс
жылдамдығын тәрбиелеу әдістемесі екі кезеңге бөлінеді де, әр кезеңде өзіне тән дене тәрбиесі әдістері
қолданылады.
Бірінші кезеңде көп тараған әдістер мыналар:
Қайталау әдісі. Кенеттен болған дауысқа көп рет, әрбір ретте тезірек сезіну мүмкіншілігін жақсарту.
Мысалы: төменгі сөреден дыбыс бойынша тез жүгіріп шығу, әр түрлі дене қалпында тұрып, отырып, жатып,
сол қалыптан жаттықтырушы берген дыбыс бойынша тез сезіне жүгіріп шығу және т.б.
Ойын әдісі. Әр түрлі қозғалмалы ойындар. Спорттық ойындар (баскетбол, үстел теннисі, волейбол,
бадминтон т.б.) ойнау немесе ойын элементтерін қолдану.
Жарыс әдісі. Дене тәрбиесі мұғалімі мен жаттықтырушының басқаруымен жарыс, бәсеке түрінде
берілетін әр түрлі эстафеталық сипаттағы жаттығулар.
Екінші кезеңде «сенсомоторлық» әдістеме қолданылады. Бұл әдістеме спортшының жылдам қозғалысы
және сол жылдам қозғалған әрекетке жұмсаған аз уақыт аралығын айыра білу қабілеттілігіне негізделген. Іс
жүзінде ол былай орындалады: спортшы жаттықтырушының жылдамдық уақыты туралы хабарын ала отырып
сөрелік дыбысты өте тез сезуге тырысады. Сонан соң келесі жаттығу кезеңінде ол сезіну жылдамдығын өзі
бағалайды, жаттықтырушы содан кейін ғана уақыт ұзақтығын хабарлайды. Спортшы мен бапкердің уақыт
ұзақтығын бағалауы бірдей болған кезде, жаттығушыға алдын ала келісілген жылдамдықты сезіну
тапсырмасы беріледі. Ақырында спортшыда уақытты дәл қабылдау қабілеттілігі қалыптасады, ол сезіну
жылдамдығының жақсаруын тездетеді.
Күрделі қозғалыс жылдамдығы дегеніміз – белгілі, белгісіз қоздырғыштарды сезіну, көру, жауап
қайтару уақыты.
Күрделі қозғалыс жылдамдығы көбінесе спорт ойындарында, жеке сайыс түрлерінде кездеседі. Бұл спорт
түрлерінде қозғалып келе жатқан жанды, жансыз затты (доп, қарсылас, семсер, жұдырық т.с.с.) сезіну және
бірнеше мүмкіндіктен бір дұрыс әрекетті тауып, тез қолдану міндеті тұрады. Мысалы, қақпаға доп соғылғанда
қақпашының алдында төрт міндет тұрады: допты көру, бағытын және ұшу жылдамдығын бағалау, әрекет
жоспарын құру, оны орындауға кірісу. Күрделі қозғалыс жылдамдығы уақыты қарапайымға қарағанда ұзағырақ
0,25-0,80 секөндқа созылады.
Күрделі қозғалыс жылдамдығын дамыту үшін берілетін жаттығулар біртіндеп қарапайымнан
күрделілендіре орындалады (мысалы, бокста қарсыласты соғу жылдамдығын арттыру, футболда ойын
алаңының көлемін кішірейту, жеке сайыста қашықтықты азайту, жазу блоктары бар тренажерлік
қондырғыларды пайдалану т.б.). Күрделі қозғалыс жылдамдығын жетілдіруге ойын және жарыс әдістері
қолданылады.
Негізгі қолданылатыны – қайталау әдісі. Кенеттен пайда болатын дыбысты сезу, басында бір (мысалы,
бокстағы оң қолмен соғатын соққы) сонан соң екі, үш, төрт және с.с. (серия) соққылар жасау.
Дербес қимылдау жылдамдығы. Дербес қимылдау жылдамдығы (семсерлесудегі түйреу, футболдағы
доп тебу, баскетболдағы доп лақтырулар және т.б.) спорт ойындарында, жеке сайыста нақты бір бұлшық ет
жұмысы жаттығулары кезінде пайда болады да, қозғалыс жылдамдығымен қатар тәрбиеленеді.
Дербес қимыл жылдамдығын тәрбиелеу үшін әр түрлі бұлшық ет топтарына арналған жылдамдықпен
орындалатын нақты бір жаттығулар (еңкею, сермеу, секіру, түйреу т.с.с.) қолданылады. Бұл жаттығулар жалпы
дамытатын жаттығулар кешеніне кіргізіліп, сабақтың кіріспе бөлімінде орындалады.
Қимылдың жиілігі. Циклді сипаттағы жаттығуларда қимыл жиілігі жылдамдығы пайда болады
(мысалы, 10 секөндта орнында тұрып жүгірудегі өте көп қадам саны). Қимыл жиілігін тәрбиелеу үшін өте
жоғары шапшаңдықпен орындауға болатын жаттығулар пайдаланылады (мысалы, 10 секөнд бойы жүгіру). Бұл
жағдайда қимыл жиілігін дамыту үшін, аз қашықтыққа қатты (жылдамдық қашықтықтың аяғына дейін
бәсеңдемеуі керек) жүгіру қажет.
Жылдамдық жаттығулары аздаған мөлшерде сабақтың негізгі бөлімінде, орталық жүйке жүйесі қалыпты
жағдайда тұрған кезде беріледі. Қимыл жиілігі жылдамдығын дамыту үшін қайталау, өзгермелі орындау, ойын,
жарыс әдістері қолданылады. Жарыс әдісіндегі жоғарғы сезім, қоздыру күші жылдамдық мүмкіншіліктерінің
пайда болуына жақсы жағдай тудырады. Жоғары шекте жылдамдық жаттығуларын көп рет қайталау
жаттығушыны шаршатып «шаршау кедергісін» тудырады, ол оқушылардың жылдамдық мүмкіншілігінің
өсуіне бөгеу болады. Бұл кедергіні болдырмау үшін арнайы жылдамдықты қалыптастыратын жаттығулар
қолданылады. Мысалы, олар: таудан еңіске жүгіру, бір нәрсеге тіркеле жүгіру, жеңіл снарядтарды лақтыру т.б.
Жас ерекшеліктеріне байланысты жылдамдықты дамыту
Жылдамдық мүмкіншіліктерін дамыту жағдайына қолайлы жас қыздарда – 11-12 жас, жасөспірім ұл
балаларда – 12-13 жас.
Бастауыш мектеп жасындағы оқушыларда негізінен қарапайым қозғалыс жылдамдығы, дербес қимыл
жылдамдығы жақсы дамиды. Сондықтан да оларға аз уақытта тез жылжып, орын ауыстыратын жергілікті
қимылдары бар әр түрлі жаттығулар беріледі. Бұл қысқа немесе ұзын секіртпелермен жаттығулар (айналып
тұрған секіртпе ішіне жүгіре кіру, секіру, жүгіре шығу), эстафеталар, қозғалмалы ойындар, доп лақтыру, оны
қағып алу жаттығулары т.б.
Орта мектеп жасында күш жылдамдығы жаттығуларын көп жасатудың маңызы зор. Олар: әр түрлі
секірулер, көп ретте жоғары секірулер, өзгермелі үдемелі жаттығулар, қысқа қашықтыққа шапшаң жүгіру (30-
60 м) жаттығулары т.с.с.
Жоғары сынып оқушыларына мұндай жаттығулар күрделілендірілген түрде беріледі, өз жылдамдығы,
күш жылдамдығы және төзімділік жылдамдығын дамыту жаттығуларының саны көбейеді. (100, 200 м
жүгірулер т.б.) Жылдамдықты дамытатын қозғалмалы және спорттық ойындар ойналады. Балаларға
жылдамдық жаттығуларын бұлшық етті босаңсытатын жаттығулармен араластыра орындату керек. Мысалы,
жорғалай жүгіру, аяқты, қолды сілку, қолды жоғары көтеріп, буын-буындарды бөле босаңсытып төмен еңкею
сияқты және т.б. жаттығулар). Дене тәрбиесі мұғалімі мен жаттықтырушы өзінің іс-тәжірибе жұмыстарында
жылдамдық мүмкіншілігі қысқа қашықтықтарға жүгіруде ғана емес, күш жылдамдығы қасиетінің даму
деңгейіне де байланысты екенін ескеруге тиісті.
Төзімділік және оны дамыту әдістемесі
Төзімділік, оны анықтау әдістері, түрлері
Адамның жұмысты ұзақ, қарқынын азайтпай орындай алу қабілетін төзімділік дейміз.
Адамның берілген қарқынды әрекетке және болдыруға қарсылық ете алатын уақытын төзімділіктің
өлшемі деп атаймыз.
Төзімділікті анықтаудың тура және жанама деген екі әдісі бар. Тура әдісінде сыналатын спортшыға бір
тапсырма беріледі де (мысалы, велоэргометрде жұмыс істеу, стадионды айналып берілген қарқынмен жүгіру
т.с.с), сол жұмыстың орындалған уақытының ұзақтығы анықталады. Қай спортшы берілген қарқынмен, ұзақ
уақыт жұмыс істесе сол төзімді деп есептеледі. Жанама жолмен төзімділік деңгейін білу әдісінде
спортшыларды белгілі бір ұзақ қашықтыққа (500,1000, 3000 метр) жүгіртеді де, жүгірген уақыты анықталады.
Неғұрлым аз уақытта берілген қашықтықты жүгіріп өткен спортшы соншалықты төзімді деп есептеледі.
Немесе белгілі уақытта қарқынын азайтпай, әр түрлі жұмыстарды орындау тапсырмасы беріледі. Мысалы,
палуандарға берілген уақыт бойынша жамбастан асыра лақтыру тәсілімен «манекенді» лақтыру тапсырмасы
берілді. Берілген уақытқа шыдап, көбірек «манекенді» лақтырған палуан төзімді деп бағаланады.
Төзімділіктің екі түрі бар: жалпы және арнайы. Жалпы төзімділіктің сипаты спортшының ұзақ
уақытқа, жай қарқында бұлшық ет топтарының көпшілігін қатыстыра жұмыс істей алу қабілеттілігі
(жүгіру, шаңғы тебу, ескек есу т.с.с). Жалпы төзімділіктің физиологиялық негізі адамның аэробты (тыныс алу
деңгейін жоғары дамыту және сол деңгейді ұзақ уақыт ұстап тұра алу қабілеттілігі) мүмкіншілігі.
Белгілі әрекетке арналған, спорт түріне бейімделген төзімділікті арнайы төзімділік дейміз. Мысалы,
палуанның арнайы төзімділігі, шаңғышының арнайы төзімділігі, жүзгіштің арнайы төзімділігі т.с.с. Арнайы
төзімділіктің көптеген түрлері бар: жылдамдылық төзімділігі, күш төзімділігі, жылдамдық күш төзімділігі,
статикалық күш салу төзімділігі және аралас төзімділік.
Спортшы ағзасын жаттығу жасап жатқан кезде энергиямен қамтамасыз ету жағынан төзімділік: аэробты,
анаэробты және аралас (аэробты-анаэробты) деп үшке бөлінеді. Дене тәрбиесі мен спортта жоғарғы
шеберліктегі спортшыларды дайындауда өте маңызды төзімділіктің осы үш түрін жеке-жеке қарастырайық.
Аэробты төзімділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Аэробты төзімділіктің физиологиялық негізі – ол оттегіні жұмыс күшіне сәйкес пайдалану немесе «дем
жетімсіздігінің пайда болмауы». Аэробты төзімділікті дамытқанда үш негізгі міндетті орындаймыз:
- ауаны үлкен көлемде пайдалану мүмкіншілігін дамыту;
- сол деңгейді ұзақ уақыт ұстау қабілеттілігін дамыту;
- тез тыныс алу үрдістерін үлкен шамаға жоғарылату.
Қалыпты күшпен ұзақ уақыт орындалған циклді (жүгіру, ескек есу т.б.) және ациклді (күрестегі
лақтырулар т.б.) жаттығулар аэробты төзімділікті дамыту амалдары болып табылады. Аэробты төзімділікті
дамыту үшін бірқалыпты, үздіксіз және аралық жүктемесімен төменде көрсетілген, уақыт тәртібі қатаң
шектелген жаттығулардың әдістері қолданылады.
Бірқалыпты, үздіксіз жаттығулар әдісі. Жаттығуды орындау уақыты 10-нан 30 минөтқа дейін, жүрек
соғу жиілігі жұмыс кезінде – 150–170 соғу/минөт. Осындай жаттығуларды орындау тәртібі жүрек бұлшық
еттерін нығайтады, тыныс алу деңгейін жақсартады. Бұл әдіс төзімділікті дамытудың бастапқы кезеңдерінде
пайдаланылады.
Аралық жаттығу орындау әдістері. Бұл әдіспен жаттықтыруды жүргізу, жүрек қызметі
мүмкіншіліктерін арттыруға бағытталған. Аралық жаттығу әдісін қолданған кезде жұмыс ұзақтығы 1-ден 3
минөтқа дейін, жүктеме қарқыны минөтына 170-180 соғу/рет, тынығу ұзақтығы 45-90 секөнд ЖСЖ 120-130
соғу/минөтқа дейін созылады. Жаттығуды орындау ұзақтығы оқушының дайындығына байланысты беріледі.
Анаэробты төзімділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Анаэробты төзімділікті дамыту, анаэробты жағдайдағы жұмысты энергиямен қамтамасыз етудің ең негізгі
– алактатты және лактатты жолмен жұмыс қуатының деңгейін көтеруге бағытталған. Шегіне дейін және шегіне
жақын күшпен орындалған, циклді немесе ациклді спорттық жаттығулар қолданылады. Алактатты төзімділік
кезінде спортшы ағзасында креатинфосфаттың азаю үрдісі дамиды.
Алактаттық төзімділікті арттыру үшін ұзақтығы 5-тен 10 секөндқа дейінгі уақытта қатты қарқында,
жұмыс шегі 100%-ға дейін орындалатын жаттығулар қолданылады. Мысалы, 30-70 метрге жүгіру, 25 м суда
жүзу т.б. жаттығулар. Тынығу аралығы – 2-3 минөт. Креатинфосфаттың қоры бұлшық еттерде өте аз, 3-4
әрекетке ғана жетеді, сонан соң 7-10 минөт тынығу қажет. Бір сабақта 4-5 тізбек орындалады.
Қарқыны, жұмыс шегіне 85-95 пайызға жетпей, ұзақтығы 20 секөндтан 2 минөтқа дейінгі ( мысалы, 200-
600 метр жүгіру) жаттығуларды орындау кезінде лактатты төзімділік дамиды. Қайталау арасындағы тынығу –
20-40 секөнд. Тез арада болдыру өрістейтіндіктен тізбектегі қайталау саны 3-5 реттен аспайды. Орындайтын
тізбек саны жаттығушының функционалдық дайындығына байланысты 4-тен 10-ға дейін орындалады. Тізбек
арасындағы тынығу – 15-20 минөт.
1-кесте. Анаэробты төзімділікті жетілдіруге бағытталған негізгі жүктемелер көрінісі (В.М.Выдрин,
А.А.Гужаловский және басқалардың ұсынуымен)
Жаттығулар
әсерінің бағыты
Жаттығу
ұзақтығы
Жаттығу
қарқыны
Тынығу
уақыты
Серия ішіндегі
жаттығулары
Серия
саны
Алак-қ
5-1 сек
100%
2-3 мин
3-4
5 - 6
Лакта-қ
20 сек 2 мин
85-95%
10-45 сек
4 -12
4 -10
Анаэробты сипаттағы жүктемелерді тиімді пайдалану бұлшық еттегі креатинфосфаттың, гликолеттің
көбеюіне, ферменттің ауысу белсенділігіне, гликолиздің қарқынды көбеюіне көмектеседі.
Анаэробты төзімділікті дамыту ағзаның аэробты тыныс алу мүмкіншілігіне байланысты, ол неғұрлым
жоғары болса, спортшы анаэробты жүктемеден кейін соғұрлым тез қалпына келеді. Дене тәрбиесі
тәжірибесінде көптеген жаттығулар араласқан, аэробты – анаэробты тәртіпте орындалады. Сондықтан да
бірінші аэробты, сонан соң анаэробты төзімділікті дамыту қажет (гликолективті сонан соң креатин фосфатты).
Жас ерекшеліктеріне байланысты төзімділікті дамыту
Бастауыш сыныптарда төзімділікті дамытқанда, ағзаның анаэробты мүмкіншіліктеріне үлкен талаптар
қоймайтын бір қалыпты және ауыспалы қарқында орындалатын жаттығулар қолданылады. Олар: ұзақ және
қатты қарқында орындалатын қозғалмалы ойындар, біртіндеп ұзаратын қашықтыққа: 300, 500, 700, 1000 м-ге
жүгіру, 2000 метрді жүгірумен жүруді алмастыра өту т.с.с.
Орта сыныптарда 200-400 метрге қарқынды жүгіруге көп маңыз беріледі. Ақырын және орта қарқында
жүруді алмастырып 2-3 шақырымға жүгіру, шаңғымен 3-5 шақырымға жүгіру т.с.с. жаттығулар қолданылады.
Жоғары мектеп оқушыларына кросс дайындықтары, 3-5 шақырымға жүгіру, шаңғымен 5 шақырымға
жүгіру, өзгермелі және қайталап жүгіру жаттығулары қолданылады.
Ептілік және оны дамыту әдістемесі
Адамның кеңістікте үйлесімді қозғала алуын, жаңа күрделі қозғалысты тез меңгере алуын,
өзгерген жағдайға байланысты өз әрекетін тез басқаша құра алу қабілеттілігін ептілік деп атаймыз.
Ептілікті дамыту кезінде біз мынадай үш міндетті орындауымыз керек:
- күрделі қимыл-қозғалыс үйлесімділігі қабілеттілігін күрделендіре отырып жетілдіру.
- қозғалыс әрекетін өзгерген жағдайға байланысты басқаша құра алу қабілеттілігін жетілдіру (спорттық ,
қозғалмалы ойындар жағдайында);
- берілген қозғалыс әрекетін дәл қайталай алу қабілеттілігін арттыру.
Ептілікті тәрбиелеудің негізгі амалдары: жаңа немесе жаңадан пайда болған элементтері бар спорттық,
қозғалмалы ойындар, гимнастика, акробатика жаттығулары. Жақсы үйренген жаттығуларды қайталау ептілікті
дамытпайды. Сондықтан мұғалім әрбір дене тәрбиесі сабағында 1-2 жаңа жаттығу немесе бұрын үйренген
жаттығудың элементтерін жаңалап, үйретіп отыруы қажет. Ептілікті дамыту жаттығуларын сабақтың бірінші
жартысында өткізген дұрыс, өйткені оқушы ағзасы болдыра бастағанда ол жаттығулар аз нәтиже береді.
Ептілікті бастауыш және орта мектеп жастарында, қозғалыс, көру, есту, дене арқылы сезіну
анализаторларын екпінді өсу кезінде дамытқан тиімді.
Икемділік және оны дамыту әдістемесі
Икемділік, оның түрлері
Адамның жаттығуды үлкен амплитудамен орындау қабілеттілігін икемділік дейміз. Амплитуда
дегеніміз - адамның жаттығуды орындағандағы дене мүшелерінің бір шеткі қалыптан екінші шеткі қалыпқа
жеткізе орындаған қимыл-әрекеті. Мысалы, оқушы аяқтарын бірге қойды – бір шеткі қалып, аяқтарын жан-
жаққа созып «шпагатқа» отырды – екінші шеткі қалып, қолдарын жоғары көтеріп шалқайды – бір шеткі қалып,
қолдарын алақанымен, шынтағымен еденге жеткізе алдыға еңкейді – екінші шеткі қалып т.с.с.
Икемділіктің өсу буын құрылымдарына; бұлшық еттің, сіңірдің созылымдылығына; көңіл-күйге (жоғары
көңіл-күй кезінде икемділік артады); бой қыздыруға; сыртқы температураға; тәулік уақытына (12-ден 17-ге
дейін ол көп); жасқа (15-16 жаста икемділік көп кезі); күш даму деңгейіне (күші көп адамдардың икемі аз);
спорттық мамандыққа және т.с.с. байланысты.
Икемділік белсенді және енжар болады:
Спортшының өз әрекетімен, үлкен амплитудамен қозғалысты орындау қабілеттілігін белсенді
икемділік дейміз.
Сыртқы орта әрекеті күшімен әсер етіп қозғалысты үлкен амплитудамен орындау қабілеттілігін
енжар икемділік дейміз. Сыртқы орта әрекетіне жататындар – дене тәрбиесі мұғалімінің, жаттықтырушының,
серігінің көмегі, әр түрлі құрал-жабдықтардың көмегі т.с.с. Мысалы, кілемде аяқтарын жан-жаққа соза
отырып, аяқтарының ортасына қарай терең еңкейіп, икемділік жаттығуын жасап жатқан спортшыны алайық.
Ол өз әрекетімен, өз күшімен жаттығуды орындаса белсенді икемділік, ал орындап жатқан кезде
жаттықтырушысы келіп арқасынан итере басып, терең еңкеюге көмектессе енжар икемділік деп танылады.
Икемділікті тәрбиелеудің басты кезеңдерінде белсенді икемділікті дамытып барып, ары қарай енжар
икемділікті дамыту әдісін жалғастырса дұрыс болады. Икемділік сыртқы орта әсері арқылы жақсы дамиды.
Икемділікті дамытудың амалдары мен әдістері
Икемділікті дамытудың негізгі амалы – созылу, керілу жаттығулары. Ол жаттығулар мынандай түрлерде
орындалады: қарпайым созылу, серіппелі созылу, сермеу, дене қалпын ұстау, сыртқы көмектің әсерімен созылу
т.с.с. Икемділік жаттығуларын бой қыздырудан кейін сабақтың барлық бөлімдеріне кіргізуге болады. Икемділік
жаттығуларын орындағанда нақтылы міндет қою қажет, мәселен белгілі затты алу немесе бір затқа дене
мүшелерін тигізу т.с.с. Мысалы, алға-төмен еңкею, омыртқа жүйесін созу жаттығуын орындаудың басында
қолдың ұшын жерге тигізу, алақанды тигізу, шынтақты тигізу кезекпенен, бар мүмкіншілікпен әрекеті, созыла
орындалады. Созылу жаттығуларын амплитуда орындау шегіне жеткізе, яғни буындарда жеңіл ауырту
сезімдерін сезінгенше орындау қажет. Созылу жаттығулары тізбегінен кейін босаңсыту жаттығулары
орындалады.
Буындардың жылжымалылығын арттыру үшін күнделікті жаттығулар жасау керек. Икемділік
жаттығулары арасындағы 2-3 апта үзіліс оның дамуына кері әсері туғызады. Икемділікті дамытудың негізгі
жолы – қайталау әдісі. Жаттығуларды рет-ретімен мойын, қол буындарына, кеуденің омыртқа белдеулеріне, аяқ
буындарына арнап орындау қажет. Икемділік жаттығуларын қайталау мөлшері әр түрлі. Бел-жамбас буынының
иілу және жазылу жаттығуларындағы амплитуданың қозғалу шегі 7-10 жастағы оқушыларда 20-30 рет, 11-14
жастағыларда 30-40 рет, 15 жастағыларда 45 рет қайталағаннан кейін жетіледі. Одан әрі қарай амплитуда
қозғалысы азаяды, жаттығуды тоқтатқан дұрыс.
Жас ерекшеліктеріне байланысты икемділікті дамыту
Икемділікті дамытқанда жас ерекшеліктері үлкен рөл атқарады. Бастауыш сынып оқушыларының буын
жылжымалылығын дамыту жоғары сынып оқушыларына қарағанда оңай. Сондықтан да бастауыш сыныптарда
оны дамытып, жоғары сыныптарда сол дамыған деңгейде сақтап қалу міндеті тұрады.
15-20 жастан кейін жас ерекшеліктеріне байланысты қозғалыс амплитудасы азаяды. Енжар икемділіктің
көбеюі 9-10 жаста, белсенді 10-14 жаста байқалады. 15-17 жас – икемділікті жетілдірудің ең соңғы межесі. Қыз
балалардың буындарындағы қозғалмалық ер балаларға қарағанда 20-30 % көп, сондықтан жүктемені оларға
көбірек беруге болады.
Педагогика - еще материалы к урокам:
- Қазақ тілінен ережелер
- Протоколы родительских собраний в начальной школе
- Образец написания характеристики на студента-практиканта IV курса
- Презентация "Новый образовательный стандарт"
- Акт жилищно-бытовых условий, характеристика семьи
- Классный час "Профилактика преступлений и правонарушений среди несовершеннолетних, воспитание правового сознания учащихся"