Конспект урока "Жабайы аңдар. Тиін"

Алматы облысы
Қарасай ауданы
Қаскелең қаласы
"Сандуғаш" балабақшасының тәрбиешісі
Базарбаева Шынар Ибадуллаевна
Білім беру саласы: Таным. Әлеуметтік орта. Шығармашылық.
Ұйымдастырылан оқу іс-әрекетінің түрі: Экология, мүсіндеу, құрастыру
Тақырыбы: Жабайы аңдар. Тиін.
Мақсаты: Балаларға жабайы аңдар туралы мағлұмат беру. Тиіннің
қоректенуі, тіршілігі туралы түсінік беру. Балалардың ой-өрісін дамыту,
шығармашылық қабілеттерін арттыру. Жануарлар әлеміне танымдық
қызығушылығын, тілектестік, қамқорлық сезімін ояту. Табиғатты қорғауға
тәрбиелеу.
Көрнекіліктер, қажетті құралдар: ойыншықтар, үнтаспа, ТСО, ермексаз,
тақтайша, орамал, суреттер, музыкалық ойыншықтар (аңдардың дыбысы),
пазлы.
Әдіс-тәсілдер: сөздік, практикалық, көрнекілік.
Барысы:
Шаттық шеңбері
- Балалар, бүгін ерекше күн. Біздің сабағымызға қатысу үшін қонақтар келіп
отыр, қонақтармен сәлемдесейік.
Таң атады арайлап,
Күн күлімдеп туады.
Жадырады бар аймақ,
Жарқырайды шуағы,
Қайырлы таң, достарым!
Қайырлы таң, апайлар!
Шеңбер болып тұрайық,
Алақанды ашайық.
Күннің нұрын алайық,
Қонақтарға шашайық.
Шеңбер болып тұрайық,
Алақанды ашайық.
Жүрекке жылу салайық,
Жиналған жылы шуақты,
Бір-бірімізге шашайық.
-Балалар, мен сендерге жұмбақ жасырамын, ал сендер жұмбақтың шешуін
табыңдар. Шешуін дұрыс тапқан бала сол аңды (ойыншық) маған көрсетеді.
Жұмбақ жасыру.
Өзі бір қу, жүрген жері айқай да шу. (түлкі)
-Түлкінің терісі бағалы жыртқыш аң. Қазақтың атақты бас киімі «Тымақ» осы
түлкінің терісінен тігіледі. Оны «Түлкітымақ» деп те атайды. Түлкінің қорегі
түрлі құстар, құстың жұмыртқасы, балық.
Қорбаң, қорбаң етеді,
Орман оның мекені.
Тәтті балға тойып ап,
Қыста ұйқыға кетеді. (аю)
-Аю икемсіз жыртқыш аң. Аюлар судан балық аулап, жидек теріп, және
құстарды аулап жейді. Аюдың терісі, еті бағалы емдік қасиеттері бар деп
есептеледі. Аюлар қыс бойы ұйқыда жатады.
Сұр түсті, ақсиған көп тісті. (қасқыр)
-Қасқыр - күшті, батыр, ержүрек, ақылы да айласы да бар өте қауіпті жыртқыш
аң. Ал аяқтары ұзын болады екен. Олар жан - жануарлармен, құстармен
қоректенеді. Үй жануарлары кездесе қалса, ұстап жеп қояды.
Қалқиған ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады. (қоян)
-Қоян қорқақ, әрі шапшаң сезгіш. Ағаштардың қабығын кеміреді,
өсімдіктермен қоректенеді.
Секең, секең етеді,
Орман оның мекені.
Отырғанда шоқиып,
Құманға ұқсап кетеді. Бұл не? (тиін)
-Тиін — әрі епті, әрі жеңіл қимылдайтын, әрі жақсы өрмелейтін және талдан
талға оңай секіретін жануар. Тиіннің қорегі емен жаңғағы, грек жаңғағы, бадам
(миндаль), орман жаңғағы, гүлдің қауызы, саңырауқұлақ, жаңа ағаш
қабықтары, жәндік, ұлулар болып табылады.
Балаларға әртүрлі жаңғақтарды көрсету. Балалар жаңғақтарды қолдарымен
ұстап көреді.
-Бұлардың бәрін бір сөзбен "жабайы аңдар" деп атаймыз.
-Балалар жабайы аңдардың балалары бола ма? Олар қалай аталады?
Аюдың баласы- қонжық
Түлкінің баласы- мыршай
Қасқырдың- бөлтірік
Қоянның көжек
Тиіннің – тиін баласы
-Аңдардың үйшіктері бола ма? Олардың үйшіктерін қалай атайды?
Аю апанда, түлкі- інінде, қоян-інінде, қасқыр – апанда, тиін – ағаш қуысында
өмір сүреді.
-Жабайы аңдар қайда мекендейді? Оларды қайдан көруге болады?
-Орманда. Зообақтан көруге болады.
-Балалар кім жабайы аңдар туралы тақпақтар біледі?
Асылай:
Мен, қоянмын, қоянмын,
Жорыққа түнде жортамын.
Қалдырмаймын ізімді,
Өйткені күндіз қорқамын.
Фатима:
Айласынан түлкінің
Алданса да қанша адам,
Ақылы бар баламын
Алданбаймын мен саған!
Аянұр:
Әппақ қоян, ақ қоян,
Сондай қорқақ, сақ қоян.
Біздің үйге тығылсаң
Сандығыма сап қоям
Дамир:
Қасқыр түнде ыр -р етсе
Ел шошиды ертеден.
Мылтығы бар әкемнің
Қорықпаймын мен сенен!
Санжар:
Аю қыстай үңгірде
Сорады май табанын.
Жазда бал жеп, ешкімге
Тигізбейді залалын!
Слайд көрсету "Жабайы аңдар"
-Тиінді кім көрді? Оларды қайдан көруге болады?
Тиін туралы слайд көрсету. Тиінннің дыбысын тыңдату.Жануарлардың
дыбысын тыңдату.
Балаларға ойыншық тиінді көрсету.
-Тиін қайда өмір сүреді?
-Тиіндер қарағайлы орманда өмір сүреді. Тиіннің түсі қандай?
-Тиіннің түсі ақшыл сұр не жирен, қоңыр, қызыл сары. Жүні үлпілдек, қалың,
құйрығы ұзын, құлағында шашағы бар. Тырнақтары ағашқа өрмелеп шығу
үшін, қорегін ұстап тұру үшін ыңғайлы. Оның құйрықтары ағаштан-ағашқа
секіру кезінде тепе-теңдікті сақтау үшін және аязды күні суықтан қорғану үшін
қолданады. Қатты суықта құйрықтарын жамылып жатады. Ұясын ағаш басына,
кеуесіне не жартас жарығына салады.
-Тиіндер қысқа қалай дайындық жасайды?
-Олар жаз, күз мезгілінде тоқ жүрсе де, қысқа дайындық жасайды. Ағаштардың
жемістері мен жаңғақтарын, бүрлерін, саңырауқұлақтарды жинайды.
ағаштардың ойық жерлеріне, қуыстарға, ағаш түбіне қазып көміп тастайды.
Қыс түскенде басқа жануарлар мен құстар кездейсоқ тауып алады. Тиін – қолға
тез үйретілетін жануардың бірі. Ол есте сақтау, жылдамдық, ептілік,
аңғарғыштық сияқты қабілеттерге ие. Тиін адамға жақын аймақта өмір сүреді,
өйткені тамақты үйдің қуыстарынан іздейді.
Ойын: "Көлеңке".
Қатар-қатар тұрайық,
Үлкен шеңбер құрайық.
Көлбең, көлбең, көлеңкем,
Көлбеңдеген көлеңкем.
Аю қалай жүреді,
Кім көрсете біледі?
Қоян қалай жүреді,
Кім көрсете біледі?
Түлкі қалай жүреді,
Кім көрсете біледі?
Қасқыр қалай жүреді,
Кім көрсете біледі?
Тиін қалай жүреді,
Кім көрсете біледі?
-Жақсы балалар, енді орталықтарда жұмыс жасаймыз. Бүгін "Құрылыс" және
"Өнер" орталақтарында жұмыс жасаймыз. "Құрылыс" орталығында жабайы
аңдарды құрастырамыз. "Өнер" орталығында тиінге арнап саңырауқұлақты
мүсіндейміз.
Балалар екі орталыққа бөлінеді.
Сергіту сәті:
Мен тиінмін, тиінмін,
Қысқа жылы киіндім.
Қоймам толы жаңғаққа
Іші жылы үйімнің.
Менің атым – аю,
Оңай маған баю.
Мал ішінде жүремін,
Балды исінен білемін.
Мен түлкімін, түлкімін,
Біреулерге күлкімін.
Кейбіреуді алдаймын,
Екіншіңді арбаймын.
Балалар жұмыстарын аяқтаған соң, қоңырау үнімен ортаға жиналады.
Балалар орталықтарда не жасағандары жайлы әңгімелейді.
Балалар орталықтармен ауысып жұмыс жасайды.
Сергіту сәті.
Қорбаңдаған аюдың,
Құлпынайы көп екен,
Теріп-теріп аламыз,
Қалтамызға саламыз.
Ұзын құлақ сұр қоян,
Естіп қалып сыбдырды,
Ойлы-қырлы жерлерден,
Ытқып-ытқып жүгірді.
Қарап еді артына,
Қиығын салып көзінің,
Келе жатқан томпаңдап,
Көжегі екен өзінің.
Қорытындылау.
-Балалар, бұл аңдар ертегілерде, мультфильмдерде мейірімді, қайырымды
болып келуі мүмкін. Бірақ бұл аңдар бір сөзбен айтқанда - жабайы жыртқыш
аңдар. Бірақ жыртқыш аңдар екен деп бұларды көп аулауға болмайды, азайып
кетеді.
-Балалар бүгінгі жиыннан қандай әсер алдыңдар, сендерге ұнады ма? Немен
айналыстыңдар? Не үйрендіңдер?
Біздің топта ұл-қыздар,
Тату-тәтті ойнаймыз.
Әлемдегі бар адамға,
Тек жақсылық ойлаймыз.