Классный час "Әдептілік пен әсемдіктің қыр - сыры" 2 класс

Әдептілік пен әсемдіктің қыр-сыры
Мақсаты: Оқушыларды әдептілік пен әсемдіктің қыр-сырымен таныстыру, әдептілікке
тәрбиелеу, өнеге көрсету, көркем мінезді болуға қалыптастыру.
Көрнекілік: Нақыл сөздер жазылған плакаттар.
Барысы:
Адам құдіреттілігіне ой жете бермейтін, саналылығының, даналығының, қабілеттілігінің
шегі, теңі мен телісі жоқ, киелі де қасиетті, аса күрделі жаратылыс. Әлемдік кеңістікте
жасампаз тіршілік иесі адамзат, биоәлеуметтік шеңберде жеке тұлға. Сезімтал, пайымды,
болжамды. Амалы мен тәсілі мың сан. Бүгінгісін ертең қанағат тұтпайтын талғампаз,
ізденімпаз, талапты, қажетін таңдай білетін, жоғын таба, барын жаңарта, жасандыра, жетілдіре
беретін жаһандағы баламасыз, ішкі жан-дүниесінің тылсымды рухани күші мен сыры әлі түгел
ашылып үлгерілмеген жер жүзіндегі кемел кемеңгер.
Адамның дүние-өмір танымдық қуат көзі, нағыз адамдықтың негізі нәзік болмыс –ақыл, ес,
ой – өріс, жад, түйсік және сезім. Мінез-саналы өмір жүйесінде нәзік болмыспен қабаттас
дарыған, адамның табиғи қалпы, сыр-сипат, іс-әрекет, бет-бағдар ерекшеліктерінің
психологиялық жиынтығы. Ақыл мен мінез кісіліктің парқын, парасаттылығы мен бітім-
келбетін, өмірге жарасымдылығы мен қабілеттілігін анықтаушы, сондай-ақ бірін-бірі
толықтырушы, жетілдіруші саналық категория.
Мінездің мәні мен мағынасы кең ұғымды. Өмір ағымының барлық кездері мен кезеңдерінде
адамның ой-толғамына, талғам-сезіміне, көңіл- күйіне, қам-қарекетіне тікелей қатысты және
әсерлі, кісілік бейнесінің саралануына ықпалды. Бар болмысын, сезім серпінін, көзқарасын
айна-қатесіз, қаз қалпында елестетер шарайна.
Ел ішінде айтылатын “етпен бітіп, сүйекпен кетер” туабітті, өзгермейтін сіреу мінез
болмайды. Сәбилік пен кәмелеттік жас аралығында отбасының тектілік қасиеттеріне сәйкесті
ата-ана үлгісінде, шаңырақтың мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік жағдайларында, өскен ортаның
тәлім-тәрбиелік деңгейінде мінез-құлықтың негізі қаланады. Одан соңғы кезде адамдармен
қарым-қатынастың, қоғамдық ортаның, еңбек жүйесінің, тіршілік талқысының, ізденіс пен
талпыныстың, сәттілік пен ұтылыстың, тағы түрлі факторлардың әсерімен тұрақты мінез
қалыптасады, сол қалыпта адам ғұмырбақи өмір сүреді. Кейде, әсіресе, жастық шақта үлгі
тұтқан абзал азаматтарға еліктеушіліктен немесе тағдыр тәлкегінен тектілік мінезде
жасандылық пайда болады. Бірақ табиғи бітімге терең сіңбейді. Жасандылықты туғызған
жымысқы әрекеттер өзгерсе, ықпалын жойса жалған перде сыпырылып, мінез әу бастағы
қалпына түседі.
Мінез көп тінді және көріністі. Біздің байқауымызша, жалпы сипаттылығы бір жүз онға
тарта. Адамды әр қырынан танытатын осы көріністер шартты түрде екі бағытты: ақылмен
астарлас келісті және қым-қиғаш қылықты теріскейлі. Көңіл шалқытар жадыралық, шабыт
шақырар жарқындық, парасаттылықты демеу, игілікті қолдау, қабілеттілікті жебеу, ақиқатты
қорғау, ісмерлікті ұштау, адами ажарды ашу, асаулықты басу мінездің келісті бағыттылығы.
Теріскейлігі тұрлаусыз ауытқымалы, ала көңілді, шиелі, кінәмшіл, ойнақы, қырсыз, айтақшыл,
қыңыр, тағы басқа жағымсыз қылықтылық.
Болмыста қанша мінезділік болса, адамдар да сонша мінезділікті. Бір кісіде кешенді мінез
байқалмайды, екінші біреумен толық мінездестік те ұшыраспайды. Әркім өзіне тән табиғи
қалыптасқан мінезімен ерекшеленіп, кісілігі танылады. Бір мағыналы мінезі жоқ және мінезсіз
сөздері жиі қолданылады. Сөзді жүйелей және ойната білетін қазақ оларға екі түрлі мән беріп,
ынжық, ез, ырықсыз кісіні мінезі жоқ деп кемітеді. Ашушаң, ызақор, ұрысқақ пендені мінезсіз
деп жақтырмайды. Мінезділікті келістілікке балайды.
Мінездің әртүрлі мәнділігі жағымды-жағымсыз сөздермен ғана емес, адам бет-әлпетінің
қилы құбылысы, дене мүшелерінің сыпайы не ебедейсіз ерсі қимыл-қозғалысы, сондай-ақ
ашық, жайдары немесе түнерген, сазарған үнсіздік арқылы да түсініледі. Бұл да бір сырбаз
ерекшелік.
Ақылға негізделген мінез оралымды, икемді, иі жұмсақ, іс-әрекеттің игілігіне себепші.
Жақсылыққа бастамашы, “әттеген-айға” жол кесуші. Тіршіліктегі ұсақ-түйек кемшіліктерді
байқатпайды, аңғарылса жуып-шаяды. Өзара қарым-қатынаста, аралас-құраласта әлде қалай
тоңазыған көңілдің қырауын жібітеді. Өшіккен дау-дамайды басады. Төнген қатердің бетін
қайырады, арандатпайды, асқындырмайды.
Адамның қадір-қасиеті, көпшілік жағдайда, мінез-құлқына қарай бағаланады. Талай-
тағдырға да оңды-солды әсер етеді. Келісті мінез өмір кеңістігінің төріне шығарады,
теріскейлігі қазан-ошақ басынан асырмайды. Демек, мінезді еркінсітпей, әманда, ақылға
жүгіндіру ләзім.
Әбден қалыптасқан және өмір қалпына үйлесімділік тапқан мінез-құлық “адамның екінші
табиғаты әдетке” айналады. Ол, жинақтап айтқанда, күнделікті тіршіліктегі жөн-жосық, жол-
жоралғы. Тұрмыстық қағидалы дағды. Үйреншікті тәртіп. Ұлттық негізді тәлім-тәрбие
тәжірибелері.
Көркем мінез адамның эстетикалық-этикалық сәні мен мәні. Бұл ретте әдептілікті,
ұяттылықты, намыстылықты және маңғаздықты ерекше атаған жөн. Қазақ халқының әдеп-
қалпы көшпенділер мәдениетінің, салт-дәстүрінің уақыт ілгері жылжыған сайын кезеңімен
өзгерген, әр дәуірде, әр қоғамдық құрылымда өмір елегінде екшеліп, талғамына сай
сұрыпталып, ұлттық сипатын сақтай отырып жетілдірілген мінез-құлықтың ақ адал үлгісі.
Әдеп мінездің анасы. Дүниедегі игіліктің, имандылықтың баршасы анадан, ана киесі мен
қасиетінен бастау алып тарайтыны сияқты, рухани мінез әдептен, әдептіліктен өрбиді.
Әдептілік ана сүтімен санаға сіңетін уыз мінез. Адамның есі кіргеннен, жастайынан
даритын, ешкімнің ақыл-кеңесіне зәрусіз, жамандықтан ада табиғи қасиет. Мәдениеттіліктің,
зиялылықтың, сыйластықтың, қадірлестіліктің шаршы төрі. Ең алдымен туған халқына,
ұстанған дініне, ұлттық діліне құрмет. Кісіліктің көркі, этикалық нұсқасы, әсемдік өрнегі,
адамның асқақ абыройы.
Педагогикалық ғылымда мәдениетке негізделген гуманистік әдептілік, қоғамдық мәнді
демократиялық әдептілік және рухани бағыттағы діни әдептілік атаулы үш тармақты қисын бар.
Бәрі өркениеттілікке, ағартушылыққа, руханияттыққа жол ашады. Дәйектемесі ғылымға
негізделген көп тінді және әлемдік ауқымды болса да, біздің ұлттық мәдени, ахлақ
әдептілігімізге сабақтас дерлік. Ол туралы әңгіме бөлек.
Әдептіліктің бір үлгісі биязы сыпайылық. Өмір қалпының тәлімді қарапайымдылығы. “Сары
майдан қыл суырған” тазалық, пәктік. “Сыры кетсе де, сыны кетпес” сұлу сәнділік. Жан
жаралар, бет жыртар бөгде сөзсіз “біз, сіз”. Шашау шығармас сыр түйінділігі, ілтипаттық,
тәртіптілік, құрметтілік. Көптің ортасынан орын тисе, төрге өңмендеп өрмелемес инабаттық.
Үлкенге ізет, кішіні өмір шыңына шығарар ұлағаттық. Қатар-құрбыны оқшауламас, алаламас
кеңпейілдік. Ұлықтықты армандамас сырлы кішілік. Барға қанағат, жоққа апшымас жайсаңдық.
Жұпынылықты кемшін көрмеу, көңіл көзін суалтпау. Айтыс-тартыстан аулақ, астамшылыққа
аяқ баспас адалдық.
Сыпайылықтың қазақы бір танымы, негізінен қыз-келіншектерге тән иба, ибалық.
Кейбіреулер ойлағандай, бет моншағы төгілген ұяңдық, жасықтық, жалған ұялшақтық емес,
өзін де, өзгені де қадірлей білер көргенділік. Ерен ұстамдылық, иманжүзділік, жылы лебіздік.
Ишаратты түсіністік, келеңсіздікті жатырқау. Ұлттық таза ғұрыптылықтың, әдептіліктің және
көркем мінезділіктің ерекше үйлесімділігі.
Ұят, ұяттық арлы мінез. Адамның ойына, бойына, болмысына лайықсыз, адамгершілікке
жат, ар-ождан нормаларына сыйымсыз, әдеп тінін сөккен зымияндықтан бұрқанған, сыртқа
теппей, ішкі жан-жүйе ұшынатын нәзік сезімнің күйзелісі. Ұлы ойшыл Абай ұятқа екі түрлі мән
берген. “Надандық ұят, – деген ғұлама, жас баланың сөз айтуға ұялатыны сияқты ақылы
қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Шын ұят-абыройға, шариғатқа
теріс, ақылға сыйымсыз сөлекет қылықтан ұялу. Бұл тек есті адамға тән қасиет. Ал біріншісі өзі
істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылығынан ұялу”.
Данышпан Абайдың уәжіне тереңірек ой жүгіртсек, шын ұят дегеніміз, саналы адамның өз
мінез-құлқына, іс-әрекетіне сыни қараудан туындайтын намысты сезім тебіренісі және соның
әсерінен булыққан жан-дүние толғанысы. Анайылыққа қарсы серпін. Аламандықтан,
көлгірсуден, дүниеқоңыздықтан безіну. Өз қылығының жосықсыздығынан, ерсілігінен
жиіркену. Әбестілігін жазғырар халықтың налалы назарынан қаймығу. Ел, жұрт алдында
азаматтық жауапкершілігін сезініп, жұғымсыз әрекеттерінен торығу, өзін-өзі айыптау.
Надандық ұят жаны жалған жанның ұялғансып, қысылып, қымтырылған түр танытып
сызылып, тәлімсіп қылымсуы. Беті бүлк етпей көз ойнату, сырт айнала беріп мысқылды кейіпте
мырс-мырс күлу. Бұл жалған, надандық ұяттың жымысқыланып, ашықтан ашық ұятсыздануы.
Ұят адамның рухани өміріндегі реттеуші күш. Ағаттықтан қорған, ізеттікке пана. Оғаштыққа
жол бермес тежеу. Опықты іс-әрекетке бөгеу. Ақтық пен сақтықтың жоқшысы.
Имандылықтың қабы.
Ұялу мен ұялту қосақты ұғым. Бірі ішкі әсердің қысымы, екіншісі сыртқы әсердің дүмпуі.
Ұялу аңғарымсыздықтан, аңғалдықтан, қызбалықтан қозған ерсі әрекет салдары. Опық мінезі,
анайы сөзі, арға тиер орынсыз әзіл-қалжыңы, уәдеден тайқуы үшін өзінен-өзі ұялу. Бұл ретте
арлы кісі ұятына кешірім сұрап, қайталанбауына бекінеді.
Ұялту – ұлт қағидасын бұзған, әдептен аттаған, қоғамдық ортада тұрпайы мінез-құлық
танытқан, кісі намысын қорлаған, жала жапқан, жалған сөйлеп өсек таратқан, сыпайылық
шеңбердің шегінен шыққан, соның бәрін жөн көріп, қатесін мойындамаған адамды жанашыр
жолдастарының, ағайын-туыстарының сыпайы сөздермен сипай қамшылап, қылған қылығының
өрескелдігін, жағымсыздығын түсіндіріп, бір жағынан арын, намысын қыздырып, екінші
жағынан мұқатпай, айыбын бетіне басып, тәубаға келтіріп ұялту. Кеңеске ұйып, ақылға көнген
адам өкінеді, қапаланады, ұятсыздығын кешірудің амалын, ұятқа тасаланудың жолын іздейді.
Ұятсыздық адамға опа бермес жамандық. Тек ұятты кісі сиятты.
Намыс-мінездің айбыны. Адами кие мен қасиетке шаң жуытпас, кір жұқтырмас қайсарлық.
Абыройға дақ түсіртпес өжеттілік. Адам құқы мен еркіндігінің оққағары, берік бақаны,
тапжылмас тірегі. Шайпау, сумаң сөзге қытым. Кісілік құндылықтардың сақтық қоры. Өмір
мәнділігінің өзегі. Өктемдіктен араша. Жосықсыздыққа айбар, осалдыққа жігер. Адамгершілік
соты, әрі айыптаушысы, әрі қорғаушысы. Серттің семсері. Арсыздық тарамын қиып түсер
алдаспан. Бір жағынан күйкі тіршілікке қорлану, озбырлыққа күйіну. Ездікке, ынжықтыққа
қынжылу. Жігерсіздікке, босбелбеулікке, іске алғысыздыққа ызалану. Астамшылыққа, қол
сұғанақтығына, әулекілікке ашыну. Мансапқорлыққа, жағымпаздыққа, жалтақтыққа шіміркену.
Адамның еңсесін түсірер, абыройын төгер, кісілігін кемітер жалалы әрекеттерге, қарау
қылықтарға кешірімсіздік.
Мұхаммед пайғамбар: “Ер жігіттің үш намысы бар. Бірі иманы, екіншісі – Отаны, үшіншісі
отбасы” деп ар-ожданның руханияттылығын жоғары бағалаған. Осы ұғымды таратып
пайымдасақ, “Малым жанымның, жаным арымның садақасы” дейтін қазақтың Жасаған Ие
құдіретіне сенімді, ата мекен, өмір жаннаты туған елін, жарық дүниеге әкеліп өсірген,
қанаттандырған ұясын ту көтерер намысты халықтың атаулы ұранына меңзегендей. Абыз
бабалардың: “Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша арлы бол; арыңды жеме, барыңды
же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы” деген өсиеті біздің
заман адамдарына арналғандай. Тек маңызын түсіну абзал.
Намыс бір сырлы, көп қырлы: жеке бастық намыс, құқықтық намыс, кәсіптік намыс,
азаматтық намыс, ұлттық намыс. Аталуы әртүрлі болғанмен, бәрі адамдық қасиет пен мүдденің
жыртысын жыртады, абырой мен беделді қорғайды. Бәрінің себебі мен нақтылы салдары,
заңдамалығы мен рухтылығы бар.
Намысты қорғау азаматтық парыз. Оны кіршіксіздендірмеу үшін арлана білу, арсыздықтан
түңіліп жиіркене білу шарт.
Маңғаздық біреулердің түсінігіндегідей паңдық, тәкаппарлық емес, адам жаратымына сирек
даритын, терең ойлы кісіге тән байсалды, баянды мінез. Адами ірілік. Жасандылығы,
жалғандығы жоқ тұрлаулы табиғи бітім. Елпең-селпеңдікке басу, батпан салмақтық. Мызғымас
орындылық, тайсалмас табандылық. Асығыстыққа тоқтам. Аз сөйлеп, көп тыңдау.
Байқамдылық, ұғымдылық. Ойлы көзқарас, жан-жақты танымдылық. Қалауына сәйкес
адамның өзін-өзі тәрбиелеу жемісі. Зиялы қауымның таңдаулы тәлімділігі. Өмірдің сыры мен
қырларын түбегейлі зерделеп, өнегесін болмысқа шақтап, әрлеп сіңірген әсемдігін, әсерлігін
қадірлер салиқалық. Көрегенділік, ұстамдылық, абзалдық сымбаты. Талай-тағдырға тәуелсіз
ғұмыр кешуге талпыныс. Қоғамдық ортада дербестікті, даралықты қалау. Тылсым күшіне,
өмірдің жұмбақты сырына, құпиясына құмарлық, шиесін шешуге талаптылық.
Маңғаздық белгілі бір тұйықтық, түйсікті, түйінді тұйықтық. Сыр сандық құлпының
беріктігі. Ой жинақтылығы. Жолдас-жора таңдауда талғампаздық. Қан жақындығынан жан
жақындығының, сөзсайыстан пікірлестіктің, ойшылдықтың басымдылығы. Өз ісіне сенімділік.
Адамның санасы мен болмысына сіңген ғұмырлық құбылыс көп қырлы мінездің тек
төртеуіне: әдепті, ұятты намысты, маңғазды мінезділікке әдейі тоқталдық. Өйткені, олар
мінездің мәйегі, қасиеттілік тұғыры. Адам қай кезде, қай жаста, қандай қызмет атқарса да
ұдайы жеке бастың, тұрмыстық-әлеуметтік, жұмыс бабы жағдайына, қоғамдық орнына,
замандастарымен қауымдастық деңгейіне тікелей қатысты және оң әсерлі, адамгершілікті
куәландырар, ардақтар, дәріптер, мемлекеттік міндетті, азаматтық парызды мүлтіксіз атқаруда
пәрменді рухани күш. Сондықтан қазіргі қауымдастар, әсіресе, іс басындағылар мен жастар
әдептілікке, ұяттылыққа, намыстылыққа, маңғаздылыққа баса назар аударар, ден қояр,
ұстанымын кәдеге жаратар деп ойлаймыз.