Классный час "Наурыз - жыл басы"

Қызылорда облысы Арал ауданы Жақсықылыш кенті
№19 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Сейтова Айгерім
19.03.2015 жыл Тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Наурыз - жыл басы»
Мақсаты: Оқушыларға Наурыз -жыл басы, ұлт мейрамы екендігін, тарихи
маңызын түсіндіру. Ата-бабамыздың ұрпақтан ұрпаққа беріліп
келе жатқан ұлттық тәрбиесі туралы түсінік беру.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» қанатты
сөздер.
Сабақтың барысы:
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Қазақ халқының
тұрмыс-тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден тойланып
келе жатқан мейрамның бірі- Наурыз. Наурыз-қазақтың ұлттық мейрамы.
22 наурызда күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, көктем келеді. Тіршілік
басталады. Қазақ халқы үшін үлкен мейрамы-жаңа жыл болып саналған.
Гүлзат: Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Ұлыс тойы басталды!
Наурыз тойын көтеріп,
Жар салайық әлемге!
Кемел: Жазира жазға жол ашып,
Қыс қарын қуған мен көктем.
Бәйшешек көзін жаңа ашып,
Түседі сулап нұр көктен.
Жүремін көкте ән салып,
Наурыз тойын қарсы алып,
Құрметіңе, қасиетіңе бас идім!
Рахмет саған, Көктем!
Мұғалім: Қайда жүр екен Күн мен Түн.
Теңеліп алып екеуі,
Қандай тілек білдірер?
Күн мен Түн: Біз мұндамыз! Жылына бір рет келмейміз, біз күндіз-түні
қасындамыз!
Күн: Сәлем саған, жас Наурыз!
Аспаннан төгіп күн нұрын,
Жарыққа кенелтем жердің жүзін.
Қызу еңбек қайнатам,
Асыр салып баланы да ойнатам.
Адамдардың атқаратын қызметін
Қадағалап отыру менің міндетім.
Әр күніміз сәтті болсын демекпін!
Қыдыр ата қолдасын,
Жақсылыққа, табыстарға жолдасын!
Түн: Сәлем бердік, жыл басы, Наурыз, саған!
Қызметім менің күннен кем емес.
Ұйқысын елдің күзетем,
Куә болам небір қызық сәттерге.
Түсім қара болса да, тілеуім ақ!
Айымыз тусын оңынан,
Жұлдыздар тусын соңынан.
Ұлыс оң болсын!
Әр үйіміз тыныш болсын!
Бейбітшілік болсын.
Ән: «Әдемі-ай»
Дамир: Армысың, Наурыз!
Қуаныш боп кір, төрлет.
Ел боп саған
Көрсетіп жатыр сый-құрмет.
Дильназ: Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден
Құтты болсын, Наурыз!
Сағымбай: Жаңғырар дәстүр - салтымның,
Көзелсін бұлақ жалғасы.
Қастерлі менің халқымның,
Мереке Наурыз- жыл басы.
Санжар: Наурыз, наурыз күн игі,
Күн игі жердің түрі игі.
Бауыры жылап, науат қар,
Бабымен ғана жібиді.
Мадияр: Нұр Наурыз шырай беріп тірлігіме,
Айналдың бар қызықтың тірлігіне.
Сен келсең талым көктеп, тұма тұнып,
Тазарып жүре берер бұл дүние.
Мұғалім: Балалар, Алдар Көсе сендерге ұнай ма? Онда ортамызға Алдар
Көсені шақырайық.
Алдар: Мен Алдармын,Алдармын,
Сақалым болса талдармын.
Сақал түгіл мұрт та жоқ,
Қулығым менің жұртта жоқ.
-О-о-о. Е-е-е.
Мен Алдармын, Алдармын,
Аралға да барғанмын.
АҚШ-та да болғанмын.
Шаршаңқырап қалған соң
Шайтанға мініп алғанмын.
-О-о-о. Е-е-е.
Ән: «Төрлет Жаңа жыл»
Мұғалім: Уа, ағайын! «Наурызым- бабамның сөзі, Наурызым-анамның сөзі,
Ғасырдан ғасырға жеткен Даламның сөзі» демекші үш биімізден бата сұрап
алайық:
Төле би рөлінде:
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Қазыбек би рөлінде:
Өрендерің ер болсын,
Көре алмаған бағыңды,
Сындыра алмаған сағыңды
Бетін басып жер болсын!
Әйтеке би рөлінде:
Жарылқа, Алла, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Ізет, абырой, бақ-дәулет,
Қызыр қарап бақ қонып,
Жақсылық үшін қызмет ет! Баталарыңыз қабыл болсын дейміз!
Ән: «Әжемнің әлдиі»
Ерұлан: Төлдеп жатыр малымыз,
Қазан толы сары уыз.
Сүті көп те,
Көмірі аз
Болады ғой наурыз!
Набатқан: Наурыз жырын жырлаймыз,
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге
Ел дәстүрін сыйлаймыз!
Ұлықпан: Басы барлық ырыстың,
Басы барлық ұлы істің.
Құтты болсын, Наурыз той-
Ұлы күні ұлыстың!
Хормен: Наурыз құтты болсын!
Жыл басы-Ұлыс тойы жасасын!
Бекзат: Наурыз тойын тойлатып,
Ұлыстың ұлы күні келді.
Той құтты болсын!
Ұлыс оң болсын!
Наурызбек: Наурыз- шаттық әніміз,
Салтанатты сәніміз.
Ән салып жас кәріміз,
Би билейік бәріміз.
Би: «Қазақ биі»
Көрініс: «Кедейлік неден?»
Наурыз: Сәлем, анам- алтын күн!
Сәлем, қарты халқымның!
Уақытыма риза боп,
Бақытыма шалқыдым!
Уа, Қыдыр атамыз,
Айтылсын бізге батаңыз.
Қыдыр ата: Жылдарың құтты болсын!
Жандарың мықты болсын!
Бастарыңнан бақ кетпесін!
Ел іргесі бүтін болсын!
Ел жүрегі күшті болсын!
Жолбарыстай киелі елге
Жаудың қолы жетпесін!
Әумин!
Ән: «Жаңбыр»
Ұлттық ойындар
Оқушы: Ей, балалар, балалар,
Енді маған қараңдар!
Наурызды тойлайық,
Қызық ойын ойнайық.
1) «Арқан тартысу»
2) «Білектесу»
Ән: «Балапан»
Аружан: Ниеттеріңіз ақ болсын,
Наурыздың ақшақарындай.
Бастарыңа бақ қонсын -
Шаштарыңның санындай.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!
Ән: «Ата-анама»
Би: «Қаражорға»
Білгенге маржан:
-Наурыз көже қалай жасалады?
- Ұлттық тағамдарды атаңдар?
-Ұлттық ойындарды атаңдар?
-Сүттен жасалатын тағамдарды атаңдар?
-Жылдан құр қалған жануар?
-Көктем айларын атаңдар?
-Наурыз көктемнің нешінші айы?
Ән: «Көңілді күн» «Тентегім»
Қорытынды: - Құрметті қонақтар, оқушылар, бүгінгі Ұлыстың ұлы күні
Наурыз мерекесіне байланысты «Наурыз-жыл басы» атты тәрбие сағатымыз
осымен аяқтаймыз. Наурыз құтты болсын! Береке, бірлік болсын!