Классный час "Ғұмырлы бол, ана тілім" 1 класс


Шығыс Қазақстан облысы
Семей қаласы
Березовский кенті
КММ « Пригород орта мектебі»
Сайфулин С.М.
«Ғұмырлы бол, ана тілім!»
«Кей-кейде дүниеден түңілсем де, қасиетті тілімнен түңілмедім»
(М.Мақатаев)
Тіл адам өміріндегі басты байлық, тарихи, рухани құндылық ,
қарым - қатынас құралы. Тіл өзінше қалыптасқан заңдары, орныққан
жүйесі бар қоғамдық құбылыс. Тіл қоғамдық ортада туып, қоғаммен
бірге өмір сүреді, қоғам үшін қызмет етеді. Тіл және оның сөздік
құрамы талай заманның жемісі. Адам баласы дүниеге келген сәттен
бастап айналадағы жаңа ұғымдарды, табиғат құбылыстарын ана тілі
арқылы қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, рухани байлықтарын адам ана
сүтімен бойына енген туған тіл арқылы игеріп, игілігіне жаратады ,
өйткені көз жіберіп, ой елегінен өткізіп, таразылайды, болашағын
болжайды, келешегіне жоспар құрады. Тіл арқылы халықтын өресін
көрсететін әдеби, мәдени туындылар жасалады.
Тіл халқымыздың өмір сүріп, қоғамды жан жақты дамытып отырудың
көрінісі, кепілі. Себебі, біріншіден, ана тілі халқымыздың дүниеге келіп,
өмір сүруімен тікелей байланысты, ал екіншіден , ана тілін ұмытып, ана
тілінде сөйлемеген, ана тілінде тәлім-тәрбие ала алмаған халықтың
келешегі жоқ. Өйткені, ол халық біртіндеп тарих сахнасынан шығып
қалады. Бала кезіннен қиялыңды қияға жеткізген ертегілер, тарихтан
сыр шертетін аңыз-әңгімелер, ерлікті, өжеттікті дәріптейтін батырлар
жыры ана тілде дүниеге келіп, әрбір адамға ана тілінде жеткен.
Ана тілінде тараған осындай халық мұраларын оқи отырып үлгі-өнеге
аласың, жақсы мен жаманның аражігін ажырата біліп , одан сайын
білімге құштарлығын артады. Тіл ұлттың жаны , тірегі, тіл халықты
жалғастырушы, ұлт бірлігінің қорғаны. Тіл адамзат өміріндегі ең
үлкен жетістік , табиғат сыйы. Қазір арамызда туған тілін менсінбейтін,
ана тілінде сөйлеуді ар көретін мәңгүрттер қатары көбейіп келеді. Туған
тілді білмей тұра өзгеге қалай үлгі боламыз? Өз тіліңді сөйлеуден безіну
ақ сүтін беріп, әлпештеген ананды құрметтемеумен бірдей емес пе?
Орыстың талантты ақыны Паустовский « Туған тіліне жаны ашымаған
адам бұл өмірде жәндік » деген екен. «Біз Отанымыздың патриотымыз»
деп жалған сөйлейтіндер қазақша ойын жеткізе алмай шолақ тілмен
сөйлеп тұрғанда , басқа ұлт өкілдерінің қазақша ән салып, қазақ тілінің
мәртебесін көтеруге атсалысқанын көрсем көңіліме мұң ұялайды. Қазақ
тілін қадірлемей, орысша сөзді сапырып тұрғандарға қарап Абайдың:
Қайнайды қаның
Ашиды жаның
Мінездерін көргенде, - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Биылғы жылы ұлттық тілде оқытылатын мектептерде «Математика»,
«Биология», «География», «Физика» пәндері үш тілде оқытылатын
болады. Әрине, бұл дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылудың
нақты қадамы. Сонымен қатар біздің келер ұрпақ жан-жақты дамыған,
зиялы адам болып шығуына өз үлесің қосады. Алайда, тиынның екі
жағы болатыны сияқты, бұл заңның да пайдалы жағымен қатар зиянды
жағы да бар. Егер бұл заң күшіне енетін болса, біздің келер ұрпақ үш
тілді қатар меңгергенмен, қазақ тілі осы орыс және ағылшын тілінің
көлеңкесінде қалып қоюы мүмкін. Қазақ тілі бұл көштің басында тұруы
қажет. Мәселені шешудегі өз ойымды айтып өтейін.
Қазақ тілін дамыту үшін алдымен таза қазақ тілінде сөйлеп, таза қазақ
тілінде жазып, өлең айтып қысқасы қазақ тілін толықтай қолданысқа
енгізуіміз қажет. Қазіргі кезде кейбір ата-аналар баларын қазақ бола
тұра орыс тілін үйренсін деп, орыс сыныптарына береді. Бұл дұрыс емес
деп ойлаймын. Себебі оқу бағдарламасында орыс және ағылшын
тілдеріне сағаттар бөлінген. Ал кейбір орыс ұлтының балалары қазақ
сыныбында оқығанын да кездестіргенмін. Сонымен қатар, орыс
сыныптары тек қазақ тілі сабағында ғана қазақша сөйлесе, қазақ
сыныптары үзілісте орыс тілінде сөйлесе беретінін байқадым. Қазір
өзіміз қолданып жүрген ұялы телефонда қазақтар тек орыс тілінде
қолданады. Және де «В контакте», «What Sapp», «Instagram» сияқты
әлеуметтік желілер де орыс тілінде. Бұның барлығы қазақ тілінің
дамуына кері әсерін тигізеді. Меніңше, аралас мектепті жауып тек қазақ
және тек орыс мектептерін ашу керек.
Себебі аралас мектеп болса орыс балалары қазақ балаларының таза
қазақша сөйлеуіне кедергі жасайды. Тіпті аралас мектеп болғанның
өзінде, орыс сыныптарында барлық пәнді қазақ тілінде оқыту керек деп
ойлаймын. Сонымен қатар қалаларда қазақ атаулары аз. Алысқа бармай-
ақ өзім тұратын Березовский кентін алайын. Мен оқитын мектептің
атауы орыс тілінде. Және де мұнда Фестивальная, Мир, Центральная,
Юбилейная, Школьная сияқты орысша аталған көшелер бар. Ал мен
тұратын көшенің аты - Күнгей. Алайда қазақтардың көбі Кунгей деп
жазып қойған. Қазақ тілінің дамуы үшін жалпы елде қазақша атауларды
көбейту қажет деп ойлаймын.
ҚР президентінің «Жаңа Қазақстан жаңа әлемде» атты 2007 жылғы
жолдауында Елбасы «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасын ұсынды. Сол
жобаға сәйкес, қазақ тілі мемлекеттік тіл, орыс тілі ұлтаралық қатынас
тілі, ағылшын тілі жаһандық экономика тілі болып саналады.
Сондықтан қазақ тілімізді құрметтеу-Қазақстанды құрметтеу!
Қазақстанды құрметтеу- қазақ халқын құрметеу! Қазақ халқын
құрметтеу-өз ата-анаңды құрметтеумен тең. Қорыта келе, ана тіліміздің
тізгіні өз қолымызда. Сол тізгінге намыспен ие болайық! Қазақстандағы
басқа ұлт өкілдері де «бір шаңыраққа қарайтын», мемлекеттік тілді
сыйлайтын кезі жетті деп ойлаймын.