Дарынды оқушылардың шығармашылық жұмыстары

5 «Е» сынып оқушысы
Садуан Нұрай
Шығарма
Тәуелсіздік деген не?
Тәуелсіздік ... Осы бір сөздің мағынасына әрбір адам баласы мән бере
ме екен ? Меніңше, осы бір сөздің ішінде бір елдің тұтас тарихы сыйып
тұрған секілді... Иә, тәуелсіздік сөзінің ішінде қазақ халқының осы жолға
жетудегі қиындықтары мен қасіреттен өткен жолдары көз алдыңа елестейді.
Тәуелсіздік сөзінің ішінде ертедегі жоңғар шапқыншылығында қаза
тапқан қазақ батырлары мен ерлерінің, орыс саясатының салдарына
аштықтан құрбан болған миллиондаған қазақ жұртының, қуғын-сүргінге
ұшыраған қазақ оқымыстылары мен ақын-жазушыларымыздың, Ұлы Отан
соғысында ерлікпен құрбан болған ата-бабаларымыздың, әсіресе 1986 жылғы
Алматы қаласында өткен Желтоқсан оқиғасына қатысып, жазықсыз
жазаланған аға-апаларымыздың бейнелері көз алдыңа келіп, сырғып өтетіні
белгілі. Тәуелсіздік біздің елімізге оңай келген жоқ.
Ата-бабамыз ұзақ жылдар бойы тәуелсіз ел, егеменді мемлекет болуды
армандаған және осы бір қастерлі жолда аянбай, қаны мен жанын беріп
күресіп өткен болатын.
Алматы қаласында өткен Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздік жолындағы
күрестердің ең шарықтау шегі мен нүктесі қойылған күні болды деп
есептеймін.
Осы жерде маған ақын Мағжан Жұмабаевтың мынандай өлең жолдары
есіме түседі:
«Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!»
1986 жылы қазақ жастары, біздің аға-апаларымыз алып берген
тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, оны кейінгі ұрпаққа аманат
етіп қалдыру - біздің, қазіргі балалар мен жастардың еншісінде деп
ойлаймын.
Мәңгі жасай бер, Тәуелсіз елім! Мәңгілік ел – Қазақ елі жасасын!
5 «Е» сынып оқушысы
Бейбитова Тахмина
Шығарма
Ана тілім – қазақ тілі
Ана тілім қазақ тілі. Себебі менің ата-бабам, әке-шешем қазақ. Ата-
бабаларым қазақ тілінде сөйледі. Әке-шешем де, бауырларым да қазақша
сөйлейді. Олай болса, менің ана тілім қазақ тілі. Мен басқа тілдерді,
мысалға, орыс тілін, ағылшын тілін, т.б. тілдерді үйренемін. Ол тілдер мен
үшін, шет тілдері болып саналады. Ал қазақ тілін мен басқа тілдердің
қасында жоғары қойып, ерекше құрметтеп, қастерлеуім керек деп санаймын.
Мен өз ана тілімде таза сөйлеймін. Бірақ құрбы-құрдастарымның
арасында қазақ бола тұра, орысша сөйлейтін балалар бар. Мен ол балаларды
кінәламаймын. Себебі, ол балалардың ата-аналары үйлерінде орысша
сөйлейді. Егер де ата-аналары қазақша сөйлеуді үйреніп, өз ана тіліне құрмет
көрсететін болса, менің құрды-құрдастарым да ана тілімізде таза сөйлейтін
еді ғой деп ойлаймын. Сонымен қатар көшеде, қоғамдық көліктерде т.б.
көпшілік жерлерде орысша сөйлейтін үлкен адамдарды, балаларды көптеп
кездестіруге болады.
Атақты жауынгер, батыр, жазушы атамыз Бауыржан Момышұлының
мына сөзін осы жерде айтып кеткім келеді:
«Мен үш нәрседен қорқамын: біріншісі баласына бесік жырын
айтпаған анадан, екіншісі немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшіншісі
бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан».
Ана тіліміздің тазалығын сақтап қалу үшін әрбір азамат күресуі керек.
Ана тілімізді таза күйінде сақтап қалу біздің жастардың, балалардың
парызы. Біз өз ана тілімізде сөйлемесек немесе ана тілімізге орыс тілінің
сөздерін қосып сөйлесек, онда біздің іні-сіңлілеріміз де солай сөйлейтін
болады.
Қорыта айтқанда, ана тіліміздің мәңгі жасауы үшін жүрегі қазақ деп
соғатын әрбір адам, бойында намысы бар әрбір жан өзінің туған тілге деген
үлесін қосуы тиіс деп санаймын.
Мәңгі жаса, Ана тілім! Мәңгі жаса, Дана тілім! Ана тілім Қазақ тілім
жасасын! Қазақ тілім – жан тілім!
5 «Е» сыныбы
Жангабылова Әсемай
Дара туған тұлға
(аса көрнекті саяси қайраткер Мұстафа Шоқай)
Мұстафа Шоқай Түркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігі
идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист,
аудармашы, жазушы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең
жарқын өкілдерінің бірі.
1886 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында, Сұлутөбе
маңындағы Наршоқы қыстауында дүниеге келді.
Мұстафа Шоқай ауыл молдасында сауат ашады. Діни біліммен қатар,
музыкадан да сабақ алған. Домбыра тартып, ән салатын да өнері болған.
1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына қабылданады.
Ташкент гимназиясын бітіретін кезде екі бітірушіні медальға ұсынады.
Мұстафа алтын медальға, Зепреметов деген орыс баланы күміс медальға
ұсынады. Бірақ генерал-губернатор Самсонов Мұстафаға алтын медальды
«қазақтың, бұратананың баласы» деп бергісі келмейді де, оны орыс
Зепреметовқа бермек болады. Мұстафаға күміс медальды жаздырады.
Зепреметов: «Мұстафа тұрғанда мен алтын медальды алмаймын» - деп, күміс
медальды алады. Ал Мұстафа болса, алтын медальдан бас тартады. Осыны
оқығаннан кейін Мұстафа атамыздың баға мен медаль үшін емес, білім алу
үшін, сол алған білімін халқына пайдасын тигізуі үшін оқып-білім
алғандығын байқаймыз. Алтын медаль ала алмай қалса да, Мұстафа Шоқай
жасымады, қайта жігерленіп, алған бетінен қайтқан жоқ. Гимназияны
бітіргеннен кейін ол Санк-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға
түседі. Сол кезде «Қазақ» газетінде Мұстафа жайлы «Ақмешіт уезінен Санкт-
Петербор университетінің заң факультетіне түскен тұңғыш қазақ баласы» деп
қысқаша хабар басылған екен. Міне, Мұстафа атамыз өзінің алтын медальын
туған елі, халқы алдында толық ақтады емес пе?!
Мұстафа Шоқайдың білім алуға деген құштарлығы, алған бетінен
қайтпайтын қайсарлығы, табандылығы мен еңбекқорлығы бізге, балаларға
және жастарға үлгі-өнеге деп санаймын.
Тәуелсіздік жолында туған жерінен жат жерде жүріп, өмірінің соңына
дейін сол жат жерде де халқының жағдайын ойлап, жүрегі езілген Мұстафа
Шоқайдың есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
5 «Е» сыныбы
Хамит Ақылбай
Мұстафа – Шоқай әкенің ізбасары
Мұстафа қазақтың қыпшақ руына жататын текті отбасының ұрпағы.
Атасы Торғай датқа Қоқан хандығында жоғары шенді әскер болумен бірге,
қыпшақтың шашты руының беделді биі болған. Ол өзінің Шоқай, Қалымбет,
Әліш және Осман атты төрт ұлының ішінен Мұстафаның әкесі Шоқайға
ерекше үмітпен қараған.
Шоқай турашыл, әділ болғандықтан, әртүрлі дау-дамай туындаған
жағдайларда Шоқайға келген.Төрелігіне риза болған ауыл адамдары оны
«би» деп атаған. Өз жерлерін зорлықпен тартып алып, әлімжеттік көрсеткен
келімсек орыстармен болған дауларда да Шоқай қандастарына көмек көрсете
білген. Алайда жергілікті халық пен келімсектер арасындағы даулардың
көпшілігі сотта орыстардың пайдасына шешіліп жатты. Әділетсіздікпен
күресу үшін орыс тілін біліп қана қоюдың жеткіліксіз екендігін, заң
тұрғысындағы білім қажеттігін Шоқай әке дер кезінде түсінген. Қараңғы
халқының құқығын қорғасын деп Мұстафаның заңгер болуын қалайды.
Әке арманы орындалып, Мұстафа Ташкент гимназиясын бітіргеннен
кейін Мұстафа Санк-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға
түседі.
Мұстафа әкесінің үлкен үмітін ақтады. Өзінің отбасын қуанышқа
кенелтті. Көреген әке Шоқай ұлы Мұстафаның келешекте туған халқы, елі
үшін адал еңбек ететін азамат болатындығын алдын ала білген де болар деп
ойлаймын.
Мұстафаның да жанының таза, әділ, турашыл болғандығы да Шоқай
әкенің тәрбиесінен екендігін байқауға болады.
Халқымыздың ардақты ұлы, қазақ халқының азаттығы мен жарқын
болашағы жолындағы күрескер, аса көрнекті саяси қайраткер Мұстафа
Шоқайдың өмірі мен қызметі және ерен еңбегі жайлы оқып-тану, өнеге алу -
біз сияқты балалардың, жастардың парызы деп санаймын.
Мұстафа Шоқайдың мәнді өмірі бізге үлгі, себебі ол туған жерін,
Отанын шексіз сүюді, туған елі, халқы үшін қажыр-қайрат пен табандылық
көрсетіп еңбек етті, туған халқының ардақты азаматы ретінде ел-жұртының
есінде мәңгі сақталатынына деген сенімім мол.
5 «Е» сыныбы
Улумбеков Рысбек
Бойына ұлылықты жиған тұлға
Түрлі саяси көзқарастағы адамдарды және олармен пікір
таластырғанды ұнататын болған. Мінезі өте сабырлы болған екен.
Қарсыласының пікіріне құрметпен қарайтын адам болған. Ең үлкен кемшілігі
оның сенгіштігі еді, тез иланғыштығының кесірінен үлкен қиындықтарға да
ұшыраған екен. үйген жары Марияның естеліктерінен)
Мұстафа Шоқайдың бойында көптеген жақсы қасиеттері болған.
Мұстафамен араласқан адамдар оны керемет сыйлаған және оған сүйсінген.
Менмендік атаулыдан бойын аулақ ұстаған. Ол жастарға білгенін үйретуден
жалықпаған екен. Жағымпаздықты адамның өзін-өзі қорлауы деп есептеген.
(Бұл да сүйген жары Марияның естеліктерінен)
Мұстафаны өлтіруге үш рет жансыз жіберілген екен. Сол жіберілген
үшінші жансыз өзінің туысы Байдырахман. НКВД адамдары
Байдырахманды ұрып-соққан, түрмеге жапқан. Ол да қиындықты көп көреді.
Байдырахман Садық өзі былай дейді: «Мені концлагерьге барлаушы ретінде
жіберген еді. Мұстафаның үйінде жүрген едім. Бір күні Мұстафа маған:
- Түсімде Тоғай атамыз сақалы кеудесіне түсіп, аппақ киім киіп келіп:
«Мұстафа абай бол. Үйіңде шұбар жылан жатыр», - деді. Байдырахман, сен
осыны қалай жорыр едің ? - деген еді». Мұстафа өзін өлтіруге келген
Байдырахман туысын да кешіреді. Мұстафа Шоқайдың кекшіл емес,
кешірімшіл болғанын байқаймыз. Бұл да ірі тұлғаның керемет қасиетінің бірі
емес пе?
Шоқай алғаш сауатын діни мектепте ашқан, кейін Ташкентте де діни
мектепте оқыған. Оның атасы, анасы діндар адамдар болған. Оның есімі
пайғамбарымыздың атымен Мұстафа деп аталуы да тегін емес. Марияның
айтуы бойынша, Мұстафа Құран оқығанды жақсы көреді екен. Құранды
орыс, түрік және француз тілдеріндегі нұсқаларынан салыстырып, зерттеп
оқиды екен.
Мұстафа көп тілдерді меңгеріпті. Қазақ, орыс, француз, түрік тілдерін
білген. Мақалаларын түрік шағатай тілінде жазған. Таза шағатай тілін де
білген, себебі өз қолымен таза шағатай тіліндегі жазбалары табылған.
Ағылшын, неміс тілдерін де білген.
Мұстафа Шоқай туралы жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе,
ұлы тұлғаның бойында оқу-білімге деген құштарлықпен қатар тамаша
адамгершілік қасиеттерінің көп болғандығын көреміз. Мұстафа атамыздың
бойындағы керемет қасиеттер біздің де бойымызға дарыса екен деп тілейік
өзімізге.
5 «Е» сыныбы
Болатова Камила
Мұстафа Шоқайдың арманы
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе маңындағы Наршоқы
қыстауында дүниеге келген Мұстафа Шоқай - Түркістан халықтарының
тәуелсіздігі үшін күрескен аса көрнекті саяси қайраткер, публицист, жазушы,
аудармашы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының белсенді
өкілдерінің бірі.
Ең алдымен, Мұстафа Шоқай қазақ елінің азаттығын, тәуелсіздігін
аңсады. Біз сол азаттыққа, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазақстан мемлекеті
Тәуелсіз ел атандық.
Мұстафа Шоқай өзгелермен терезесі тең мемлекет құруды армандады.
Алайда, сол тұста тәуелсіз мемлекет құруға еліміздің мүмкіндігі жоқ еді. Біз
сол арманға қазіргі таңда қол жеткіздік, төрт құбыласы түгел толыққанды
мемлекет құрдық. Меніңше, бүгін Шоқайдың сол арманы да толық
орындалды. Біздің еліміз тәуелсіз, біртұтас мемлекет құрып, қана қойған жоқ,
дүние жүзіне тарыдай шашырап кеткен бүкіл қазақтарды бір шаңырақтың
астына жинап жатыр.
Сонымен қатар Мұстафа Шоқай елдің көзін ашуды, әсіресе жастардың
жетік білім алуын армандады. Осы арманы бүгінгі таңда, әрине орындалып
жатыр.
Саяси қайраткер Мұстафа Шоқай қала салуды, жұрт қатарына
қосылуды, өркениет көшіне ілесуді аңсады. Сол арманы да орындалды.
Себебі, Есіл жағасынан әсем Астанамыз бой көтерді.
Мұстафа Шоқай үлкен арманы Түркістанның тұтастығы мәселесі.
Бүгінде түркі халықтарының арасында қарым-қатынас жақсарып, дамып
келеді. 2010 жылы Түркі кеңесі құрылды. Астанада «Түрік академиясы»
ашылды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Тіліміз жақын, тілегіміз бір.
Тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ» деген. Шоқайдың арманы толық
ақиқатқа айналды деп айтуға әбден болады.
5 «Е» сыныбы
Мағауия Алтын
Мұстафа Шоқай тәуелсіздікке ұмтылған ұлы саясаткер
Мұстафа Шоқай - бүкіл түркі дүниесіне ортақ тұлға, ірі мемлекет
қайраткері. Ол Швецария мемлекетінің үлгісімен федерация құрғысы келген.
Мұстафа Шоқай шын мәнісінде, эмиграцияға кеткен және шетелге
бас сауғалап емес, саяси күресті жаңа жағдайда жалғастыру үшін барған
түркістандық тұңғыш тұлға.
Мұстафа Шоқай еңбектерімен оқығаннан кейін, біз оның «қазағым,
елім» деп өткен ұлт қайраткерлерінің бірі, бойына адамгершілікті,
парасаттылықты жиған тұлға деп білеміз. Ол халқының бүгіні мен ертеңінің
жарқын болуы үшін күрескен.
Мұстафа Шоқай қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі жұрты үшін
ерекше тұлға. Қазақтың мемлекеттігін, түркі халқының қамын ойлаған, түркі
жұртының басын қосуды армандаған үлкен мемлекет қайраткері.
Қазақтың ішінде дерт болып қалған бірнеше тұлғаларымыздың
тағдыры бар. Бірі Кенесары, бірі Мұстафа Шоқай. Екеуінің де тағдыры
жат жерде аяқталды. Екеуі де – «туған ел, халық, ұлт» деп өткен адамдар.
Мұстафа қазақ халқының төл перзенті емес, ол азаттыққа,
тәуелсіздікке ұмтылған барлық түркі халықтарының қамын ойлаған ұлы
саясаткер. Отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық
қозғалыс көсемдерінің бірі.
5 «Е» сыныбы
Мунашева Малика
Сегіз қырлы, бір сырлы – Бауыржан баба
Бауыржан Момышұлы –Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр жауынгер,
әскери қолбасшы, атақты жазушы.
Бауыржанның әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашып, өмір бойы
оқып-тоқыған, тіпті орыс алфавитін де оқи алған. Сонысымен де бүкіл
аймаққа әйгілі, сыйлы болыпты. Бауыржанның әкесінің тәуіпшілдігі де бар
екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген екен. Ел ішінде Момыштан өткен
ұста болмаған. Зергерлік өнерін қартайғанда да тастамаған.
Анасының есімі Рәзия. Рәзия ерте қайтыс болғандықтан, Бауыржан
үш жасынан әжесі Қызтумастың тәрбиесінде өсіп-жетіледі. Көптеген
қызықты ертегі-аңыздарды әжесінен естиді. Осы орайда, Бауыржан ертексіз
өскен баланы рухани мүгедек адамға балайды, қазіргі балалардың Қызтумас
апа тәрізді ғұлама әжелері азайып бара жатқанына Бауыржанның қабырғасы
қайысқан.
Бауыржан атамыздың игерген өнерлері өте көп. Құралайды көзге атқан
мерген болған. Турникке тартылу және басқа спорт түрлерінен де озық
жетістіктерге жеткен. Бильярд ойынының шебері. Сегіз шарды тоқтатпай
торға тоғытқан сәттерін ескерсек, бүгінгі ең мықты бильярдшылармен
бәйгеге түсетіндей қабілет иесі. Ат құлағында ойнайтын шабандоздығымен
және атбегілігімен аты шыққан. Мәскеу түбіндегі шайқастағы атақты ақбоз
аты туралы аңыз әңгіме көп. Әсіресе, қарамағындағы жауынгерлерді соғысқа
тәрбиелеуде өте озық нәтиже көрсеткен. Нағыз қаһармандарды тәрбиелеген
және жауынгерлерінің «Батька», «Ақсақал» дегендей қошеметіне ие болған.
Әскери қолбасшылығы өз алдына бөлек әңгіме. Генералдарға сабақ берген
ұстаздығы да-бөлек әңгіме. «Б.Момышұлының соғыс тактикасы» деген оқу
пәні Израиль еліндегі әскери оқу орындарында оқытылады және студенттер
ол пәннен емтихан тапсырады. Кубаның әскери мектептерінде де Бауыржан
атамыздың соғыстағы әдіс-тәсілдері бойынша дәріс беріледі. Осыны
ескерсек, Бауыржан атамызды әскери ғылымның нағыз білгірі деуге болады.
Бауыржан Момышұлының кітаптары бүкіл әлемге тараған.
Шығармаларын орыс және қазақ тілдерінде жазған. Екі тілде де жетік
сөйлеген. Сөзге шешен және тапқыр адам болған. Көпшілікке белгісіздеу
өнері - суретшілігі. Суреттерін керемет салған және қазіргі кезде суреттері
сақтаулы.
Бауыржан бабамыздың осындай қасиеттерін оқып-тани отырып,
қалайша таң қалмаймыз. Аңыз адам дейтін кісілеріміз осылар емес пе?!